ЗЕЙНЕТІҢ – БЕЙНЕТІҢ Избранное

Пятница, 08 Сентябрь 2017 08:31 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 1158 раз

Жаңа зейнетақы жүйесі туралы нені білу керек?

DSC 8292

Соңғы уақыттары еліміздің зейнетақы жүйесінде көптеген өзгерістер орын алуда. Қазақстандықтардың ынтымақты зейнетақы төлемдері жыл басында 9%-ға арттырылғанын ескере отырып, шілде айында 11%-ға көбейді. Базалық зейнетақы жыл басында 7%- ға арттырылғанын ескере отырып, 13%-ға өсті. Мемлекет басшысы бұл тапсырманы 2017 жылғы қаңтар айында Қазақстан халқына Жолдауында берген болатын.


– 2016 жылмен салыстырғанда 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап зейнетақы мөлшері 20%-ға дейін көтерілді. Мәселен, ең төменгі зейнетақы мөлшері (базалық зейнетақыны ескере отырып) 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап 40 950 теңге болса, 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап 45 711 теңгеге дейін көтерілді. Салыстырмалы түрде 2016 жылы ең төменгі зейнетақы мөлшері 37789 теңгені құрады. Базалық зейнетақы төлемдері биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап 14 466 теңгені құрайды, ал зейнетақының орташа мөлшері (базалық зейнетақыны ескере отырып) 66 676 теңгеге дейін артты, – дейді Үрида Қырықбайқызы.

Облыстық «Әлеуметтік төлемдерді ведомство аралық есептеу орталығы» басқармасы басшысының орынбасары Үрида Абдрасилова Жолдауға сәйкес 2017-2018 жылдары зейнетақы мөлшері кезең-кезеңмен өсетінін айтады. 

Оның айтуынша, ана мен баланы қолдау бойынша мемлекеттік саясат аясында 1 шілдеден бастап бала тууына байланысты біржолғы жәрдемақы мөлшері 20%-ға ұлғайған. Бірінші, екінші және үшінші балаға бір реттік жәрдемақы сомасы 38 АЕК немесе 86 222 теңгені, төртінші және одан кейінгі балаларға – 63 АЕК немесе 142 947 теңгені құрайды.

2014 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап зейнетақы еңбек өтілі және зейнет-ақы жүйесіне қатысу өтілі 10 жылдан кем адамдар үшін ең төменгі күнкөріс шамасының 50%-ы мөлшерінде әлеуметтік зейнетақы белгілеу туралы нақты айтылған. 

Егер зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі 10 жыл болса, базалық зейнетақыны ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50%-ы мөлшерінде белгілеу ұсынылады, ал 10 жылдан асқаннан кейін әрбір жылға оның мөлшері 2%-ға ұлғайтылады және қатысу өтілі 35 жыл және одан көп болса, ол ең төменгі күнкөріс деңгейіне тең болады.

Мамандардың айтуынша, зейнетақы жүйесін жаңғыртудағы өзгерістер зейнетақы жүйесіне қатысушы барлық үш буынның мәселесін шешуге үлкен мүмкіндік бермек. Атап айтқанда, біріншісі – еңбек өтілі жоғары, алайда заңмен белгіленген шектеулерге байланысты зейнеткерлікке шығар сәтте табысы туралы мәлімет ұсынбаған, ең төмен зейнетақы алатын азаматтар. Бұл санаттағылар үшін зейнетақы жинақтаушы жүйелеріне қатысу өтілі ескеріле отырып, 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақыны біржолғы қайта есептеу жүргізілді. Ал екінші буын – 2043 жылға дейін зейнеткерлік жасқа жететін және жинақтаушы зейнетақы жүйелеріне қатысу өтілі толық емес адамдар тобы. Мұндай жағдайда базалық зейнетақы аталған санаттағы адамдар жалпыға бірдей белгіленген зейнеткерлік жасқа жеткен кезде тағайындалады. Яғни, олардың 1998 жылғы 1 қаңтарға жинақтаған еңбек өтіліне және зейнетақы жарналарын жинақтаушы зейнетақы жүйесіне 1998 жылдан кейін төлеген кезеңге байланысты тағайындалатын болады. Ал зейнеткерлікке 2043 жылдан кейін шығатын адамдар базалық зейнетақыны жинақтарының көлеміне қарай алады. Бұл санаттағы адамдарға зейнетақы мөлшері белгіленген әлеуметтік қолжетімді деңгейден төмен болған жағдайда тағайындалатын болады.

Келесі – қолданыстағы жинақтаушы зейнетақы жүйесінен берілетін зейнетақы. Ол қызметкерлердің өздерінің 10 пайыздық міндетті зейнетақы жарналарының есебінен қалыптасады. Бұл ретте, алатын зейнетақы төлемдерінің көлемі азаматтардың жүйеге қатысуына және зейнетақы жинақтарының кіріс деңгейіне байланысты. Инфляция жағдайы ескеріле отырып жарналардың сақталуы бойынша мемлекеттік кепілдік жойылмайды.

«Жинақтаушы есебінен зейнетақы алуға кімдер құқылы?» деген сауалға келсек, оған зейнет жасына жеткендер, күш құрылымдарының қызметкерлері, 5 және одан да көп бала тапқан аналар (53 жастан), 1-ші және 2-ші топтағы мүгедектер, Қазақстан Республикасынан тысқары көшіп кеткендер және марқұм болғандардың мұрагерлері жатады. Бұл ретте зейнетақы төлемдері жинақтау қорындағы қаржы таусылғанға дейін төленетін болады. Төлемнің мерзімділігі алушының өз еркімен таңдауына байланысты жүзеге асырылады. Яғни ай сайын, тоқсан сайын немесе жылына бір рет 30 есені құрайтын ең төменгі зейнетақы мөлшерінде төленеді. Ескерте кету керек, қазіргі сәтте бұл 625 мың теңге көлеміндегі қаржы. 

Зейнетақы жүйесіндегі соңғы өзгерістерді шолып шықтық. Енді аталған өзгерістерді халық қалай қабылдады? 

Облыста 232 136 зейнеткер бар болса, соның 73 087-сі – Шымкент қаласының тұрғыны. Бәйдібек ауданы, О.Тайманов ауылынан Сәуле Маханова қалаға зейнетақысын алуға келіпті. 2008 жылы 58 жасында еңбек өтілі жетіп, 24 мың теңгемен зейнетке шыққан Сәуле Маханова қазірде 96 146 теңге зейнетақы алады екен. Ауыл мектебінде 40 жыл бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек еткен ардагер ұстаз алатын зейнетақысына, бүгінгі берекелі тіршілігіне мың да бір шүкірлік етеді. Шілде айынан 20 пайызға көтерілген зейнетақы мөлшеріне дән риза. Елбасына, билік басында жүрген ел ағаларына алғысы шексіз.

– 40 жыл аянбай төккен маңдай терімнің қызығын көріп отырмын. «Жас кезінде бейнет бер, қартайғанда зейнет бер» деген осы екен, – дейді С.Маханова. 

Баян Сопиева Сайрам ауданы, Таскешу ауылының тұрғыны. Мектепте еден жуушы, совхозда жиын-терім бригадасында жұмыс істеген. 29 жылдық еңбек өтілімен зейнетке шығып, бүгінде 42 мың теңге зейнетақы алады. Баян апаның үйіндегі Құдайберген атамыз да жас кезінен қара жұмыста, Цемент зауытында істеген. 31 жылдық еңбек өтілімен 42 мың теңге зейнетақы алады екен. 

– Жылына 3 рет емделеміз. Ол үшін порталға қабылданып, УДЗ-ға тексерілеміз. Ал оның барлығы – ақша. Шынын айтқанда, 42 мың жол-пұл мен дәрі-дәрмектен аспайды, – дейді Баян апа.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Біз біраз зейнеткермен сөйлестік. Шілдеден бастап көтерілген зейнетақы мөлшеріне бірі разы болса, енді бірінің «жұмырымызға жұқ болмайды» деп көңілі толмайды. Жазда еккен егіннің дәнін күзде орғандай, жас кезінде еткен бейнетіне қарай зейнетін көруде. 

Зейнетақы мөлшеріне қосылған 20 пайыз – аз мөлшер емес. Егер шет елдердің зейнетақы жүйесіне назар аударатын болсақ, олардың көпшілігінің зейнетақы жүйесі елдің әлеуметтік-экономикалық ахуалына тікелей тәуелді екенін байқаймыз. Мәселен, Венгриядағы зейнетақы мөлшері айлық еңбекақының 40 пайызы шамасында болса, бұл көрсеткіш Ресейде небәрі 27 пайыз деңгейінде ғана. Шындығына келгенде, әлемнің барлық елдеріндегі Мемлекеттік зейнетақы жүйесі зейнет жасына жеткен азаматтардың қарапайым болса да, жап-жақсы өмір сүруіне мүмкіндік береді екен. Дамыған елдердегі мемлекеттік емес зейнетақы қорлары зейнетақы төлемдерінің орташа алғанда, 20 пайызын қамтамасыз ететін болса, Чехия, Польша, Венгрия, Словакия сияқты елдерде бұл көрсеткіш небәрі 5 пайыздың төңірегінде ғана.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.