ONLINE САУДА қаржы мен уақытты үнемдеудің тиімді жолы Избранное

Среда, 13 Сентябрь 2017 04:53 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 259 раз

«...Біз цифрлық технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендетуге тиіспіз. Бұл – маңызды кешенді міндет. Елде 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлық қызмет көрсету секілді денсаулық сақтау, білім беру ісінде қолданылатын және басқа да перспективалы салаларды дамыту керек. Бұл индустриялар қазірдің өзінде дамыған елдердің экономикаларының құрылымын өзгертіп, дәстүрлі салаларға жаңа сапа дарытты».

(Елбасы Н. Назарбаевтың биылғы
Қазақстан халқына арнаған Жолдауынан)

kapital-72-2

Табысыңызды қалай басқарасыз?

Қызық... Ай сайынғы табысыңызды қалай жұмсап жүрсіз? Есебін білесіз бе? Қаражатты қалай басқаруға, тиімді пайдалануға болады?

Бізді қызықтырған сұрақтар бойынша түрлі әлеуметтік топ өкілдерінен жауап алып көрдік. Зейнеткерлердің көбі банк картасын банкоматтан ақша алу үшін ғана пайдаланатынын айтты. Мұның бір игілігі – зейнеткерлер бұрынғыдай таң атпай үйден шығып, күн ұзақ кезекте тұрмайды. Ал біразы «төлем картасының тілін түсінбесе», кейбірі оған «сенбейтінін» алға тартты. Әрине, егде жастағылар жанына жайлысын жасайды. Жаңа заманның мобильді жүйесін игере алған зейнеткерлер де жоқ емес. Ал бір мезетте ағайынға қызмет етіп, бала тәрбиелеп, отбасылық өмір мен баспананың да қамын жасап және жұмысқа барып үлгеруі тиіс орта буын өкілдері қайтеді?

 

21754267 1290184167771463 1871473081 nГүлбақыт ТАЙЖАНҚЫЗЫ,
№72 жалпы орта мектеп директорының орынбасары:

– Айлық бойынша Сбербанк қызметін пайдаланамын. Жеке есепшотыма қаражат аударылған соң бәрін бірден аламын. Содан келесі айға дейін банк қызметі мен картаны пайдаланбаймын. Несиені, басқа да төлемдерді қолма-қол төлеп үйренгенмін. Қаражатты сол бұрынғы үйренген жоспарлы әдісіммен басқарғанды құп көремін. Маған жұмсаған табысымның есебін біліп отыру үшін сол тиімді.

 

shymkala 72-9Ұлжан НАЙЗАБЕКОВА,
«ОтауСтрой» компаниясының жобалаушы-конструкторы:

– Жас отбасы болғандықтан шаруа шаш етектен. Сондықтан уақытты үнемдеу маңызды. Мұндайда интернет-банкинг, онлайн-төлем қызметі өте тиімді. Айлығым түскеннен қаражатты қажетіне қарай бір бөлігін несиеге құйып, екіншісін депозитке аударамын. Ал үшінші бөлігі есепшотымда тұрады. Әрі дүкендерде картамен, ал сайттарға онлайн-төлем жасағаным үшін банк тарапынан бонус қосылады. Соңғы үш жылдан бері қаражатымды қай кезде қанша жұмсадым деп қойын дәптерге түртіп отыруды қойдым. Бәрі хабарламамен телефон нөміріме түседі. Әмияныма қолма-қол ақша төлейтін жағдайлар үшін ғана 3-5 мың теңге көлемінде ақша салып жүремін.

 

Онлайн қызметтің берері көп

Бүгінде банк төлем картасының мүмкіндіктері өте көп. Ол тұтынушының есепшотына түскен жалақыны қолма-қол ақша ретінде ғана алуға қызмет етпейді. Сонымен қатар, «әмиян» қызметін де атқарады. Қалай дейсіз ғой?

Қолыңызда банк картасы болса, сіз төлемнің кез келген түрін әп сәтте орындай аласыз. Ол үшін қолданыстағы төлем картаңызды өзіңіз айлық немесе зейнетақы алатын банктің порталына тіркеп қойсаңыз болғаны. «Жеке кабинет» ашылған соң логин мен құпиясөзді қойын дәптеріңізге міндетті түрде түртіп алыңыз. Жаттап алғаныңыз одан да жақсы. Міне, осыдан кейін порталдағы «жеке кабинетіңіз» арқылы кез келген банктік операцияны орындай бересіз. «КазКом» банктің Шымкент қаласындағы өкілі Н. Нұсқабековтың айтуынша, «жеке кабинетпен» тіркелгеннен соң банктің ұялы телефонға арналған бағдарламасын жүктеп алған дұрыс.

– Ұялы телефондағы қосымшаның көмегімен тұтынушы онлайн интернет-төлемдер жасай алады. Бір шоттан кез келген банктегі екінші шотқа немесе бір қызметтен екінші қызметке (несие, депозит) ақша аударуына болады. Карта шетелде де жарамды әрі валютаны конвертациялауға (таңдауға) мүмкіндігі бар. Әуебилеттеріне онлайн түрінде төлем жасап, тапсырыс бере алады. «КазКом» тұтынушыларына карта қызметін пайдаланғаны үшін бонус қарастырылған. 

1 бонус 1 теңгеге тең. Сондай-ақ, тұтынушы несие картасын рәсімдеп алса, оны да жеке кабинеті арқылы басқарып, қажет кезінде кәдесіне жаратып, қажет емес уақытта қайта жаба алады, – дейді Нұрбол Айдарханұлы.

Н. Нұсқабеков мәлімдегеніндей, жеке кабинетте коммуналдық төлемдер жасап, ұялы байланыс қызметіне баланс толтыруға, депозитті ашуға, электронды есеп шотты жүргізуге, тіпті интернеттен қауіпсіз сауда жасау үшін виртуалды карта рәсімдеуге болады. Виртуалды карта – негізгі есеп шоттағы қаражатты хаккерлерден қорғау үшін қажет. Яғни, интернет-дүкендерге ақы төлеу осы виртуалды карта қызметімен жүзеге асырылады.

 

Несие картасын ала жүріңіз

«Шіркін, жаңа дүкеннен керемет көйлек көрдім» немесе «әттең-ай, мына затты көптен іздеп жүрген едім, айлықтың болмай қалғанын қарашы» дейтін жағдайлар да жиі кездеседі. Бүгінде оның да шешімі бар. Несие картасын рәсімдетіп алыңыз. 

Сізге қызмет көрсететін банк немесе несие беру ісінде көпшілікке танымал банктер жылдық табысыңызға орай алуға болатын несие көлемін анықтап, жаратуға болатын сомамен несие картасын рәсімдеп береді. Бұл, әсіресе, іссапар кезінде таптырмайтын көмек. Ол үшін сіз ешқандай төлем жасамайсыз. Карта үш немесе алты айға дейін жарамды. Осы уақыт аралығында «айлық түсетін күнді» күтпей-ақ өзіңізге қажетті дүниелерді дәл уақытында сатып ала аласыз. Ал несиені жаратпасаңыз, белгіленген уақытта картаны тапсыруды, оның жарамдылығын тоқтатуды ұмытпағайсыз. Ұмытып кеткен жағдайда, несие төлеуіңіз әбден мүмкін. Дегенмен, интернет-банкинг арқылы бұл мәселені де шешуге болады. 

Бастысы – жеке кабинетпен тіркелу және банк бағдарламасының онлайн қызметін телефоныңызға орнатып алу қажет.

Последнее изменение Среда, 13 Сентябрь 2017 06:07
Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.