Версия для печати

Қалауын тапса, қоқыс та кәдеге жарайды

Пятница, 15 Сентябрь 2017 10:26 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 5691 раз
Оцените материал
(0 голосов)

qoqys kz 

Қоқыс... Бұл сөз сіз үшін «қажетсіз дүние» деген мағынаны білдіреді ме? Бәлкім, бұл жайында ойланғыңыз да келмейтін болар? Оныңыз бекер. Өйткені, әлемдегі ең дамыған мемлекеттер қоқысты қайта өңдеу арқылы миллиондап табыс табуда.


АҚШ қоқыс өңдеуден 240 млрд доллар пайда табады

Күнделікті ең көп қолданатын қорап, қағаз өнімдерін – ағаштан, (мақтадан), ал пакет, баклашка мен крем, сусабын құтыларын – мұнайдан алатынын ескерсек, бүкіл әлемнің табиғи қорды үнемдеу саясаты еске түседі. Өйткені, 10-20 жыл өскен ағашты бір-ақ күнде кесу үлкен шығын. Мұнай өте аз және бағалы қазба байлық. 

АҚШ қоқысты қайта өңдеу кәсібін ХІХ ғасырда жолға қойып, қазіргі таңда бюджетін дәл осы саланың өзімен 240 млрд долларға байытып отыр. Бюджетке осынша көлемде қаржы түсіп отырса, оның несі жаман? Жапонияда қоқыстың 90%-ы қайта өңделіп, кәдеге жаратылса, Германия бұл саланы кәдімгі бизнес көзіне айналдырған. Олар істен шыққан тауарды шетелден де қабылдайды, есесіне, соның өзінен 1 млн еуро табыс табады.

Қытай өнеркәсібі қарапайым пластикалық қоқыс қалдығын өңдеп, одан дайындалған киімдерді шетелдерге саудалайды.

Ал Қазақстанда қоқыстың небәрі 5%-ы ғана өңделеді. Біз – қазба байлығын үнемсіз жаратудан бөлек, шірімейтін қатты тұрмыстық зат қалдықтарын кез келген жерге тастау арқылы экологияны ластап отырмыз. Қазақстанның әрбір тұрғыны бұл мәселеге мән беріп, үлкен жауапкершілікпен қарауы тиіс.

698225 1460150

Таза қала өзіңнен басталады

Шымкент қаласының тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімі, көріктендіру секторы меңгерушісінің міндетін атқарушы Ерубай Құралбаев осылай дейді.

– «Таза қала» акциясы аясында шаһар тұрғындары кез келген жерге қоқыс тастаудан едәуір тыйылды. Кейбірін мұндай мәдениетке үйрету үшін айыппұл да салынды. Бүгінде орталық көшені ластау әрекеттері жоқтың қасы, – дейді Ерубай Жұрынұлы.

Дегенмен Е.Құралбаев үйінен шыққан қатты тұрмыстық зат қалдығын қоқыс жәшігіне жеткізбей тастап кету әлі де кездесетінін айтып қынжылды. Бұл бойынша аудандық әкімдік қызметкерлері тұрақты түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. 

– Әсіресе, қаланың шеткі аудандарында тазалық мәселесі қозғалып тұрады. Қоқыстың жиналмауы бойынша әлеуметтік желілерде көрініс тапқан соңғы жағдай «Достық» шағынауданы және Тассай елдімекенінде орын алып, жергілікті әкімдіктің бақылауымен ретке келтірілді, – дейді ол.

20160427 115546

ТҮКШ өкілінің айтуынша, бұрынғы «Мәртөбе», «Бадам-1», «Қарасу» қоқыс полигондары санитарлық талаптарға сәйкес жұмысын тоқтатқан. Бұл аймақтарды қайта құнарландырып, көркейту мақсатында жоспар түзілуде. Қалада «Ақтас-1» елдімекеніне жақын маңдағы 29 га жерді алып жатқан жалғыз қоқыс полигоны жұмыс істейді. Бұл аумақтың шаруасын «Таза қала» шаруашылық жүргізу құқығындағы МКМ директоры Марат Бекназаров басқарады. 

– Шымшаһардағы қоқыс шығару қызметімен 20-ға жуық мекеме айналысса, оның ауқымды бөлігі ТҮКШ-тің арнайы автотранспорт мекемесі, «Спец эко-сервис» ЖШС, «Бек Асыл Сервис» ЖШС, «ЛТД Тұрмыс» ЖШС-іне жүктелген. Бір күнде қаладан 590-650 тонна аралығында қоқыс шығады. Жаздың күндері бұл көрсеткіш 680-750 тоннаға дейін жетті, – дейді ол.

Соңғы деректерге сүйенсек, 2017 жылдың 7 айында қоқыс полигонына жеткізілген қатты тұрмыстық зат қалдығының көлемі 119 625 тоннаны құраған. Оның 23 925 тоннасын, яғни 19%-ын «Грин Лайн» ЖШС сұрыптап, қайта өңдеуден өткізді.

 

«ЭКСПО-2017» бізге не береді?

Қазақстан күні кеше ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін өткізді. «Болашақ энергиясы» атты көрмеде 150-ге жуық ғылыми жаңалықтар келушілердің назарына ұсынылды. Онда энергияны үнемдеумен қатар, қазба байлықтарын сақтаудың және экологиялық ахуалды жақсартудың бірден бір жолы ретінде қатты тұрмыстық зат қалдығын қайта өңдеу жайы кеңінен насихатталды. Көрме аумағы тақырыпқа сай жабдықталғанды. Әсіресе, қоқыс жәшіктері пластик, қағаз, шыны, аралас және басқа да қалдықтарды сұрыптап салуға арналған. Алайда, бұл әдетке дағдыланбағандар жәшіктің шыны салатын бөлігіне қағаз, пластикке арналған ұяшыққа шыны бөтелкелерін қалдырғанын байқадық.

qoqys kz-1

– Шымкентте алғаш рет қоқыс зауыты іске қосылғанда Нұрсәт шағынауданында заман талабына сай қоқыс контейнерлері орнатылған. Жергілікті тұрғындар қолға алып, қоқысты сұрыптап салу мәдениетін қалыптастыра алғанда тұрмыстық зат қалдығын қайта өңдеу ісі бүгінде жандана түскен болар еді, – дейді Е.Құралбаев.

Иә, халықаралық Көрменің бізге берері де осы – қоқысты сұрыптап тастау мәдениетін қолға алу. Шетелде, көкөніс, тағам қалдықтарынан балық, мысық атаулы тіршілік иелеріне тағам дайындап, жер өңдейтін өнім өндіреді. Қайта өңдеу өндірісі дамыса, жаңа жұмыс орындары ашылады. Қазынаға тағы бір кіріс көзінен табыс түсіру үшін бұл салада әр адамның атсалысуы маңызды.

Последнее изменение Пятница, 15 Сентябрь 2017 12:14
Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.