Үздіктер марапатталды Избранное

Пятница, 29 Сентябрь 2017 04:17 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 123 раз

Қаланы таза ұстауға, гүлдендіруге тұрғындар да жыл сайын үлкен үлес қосып келеді. Биылғы «Таза қала» байқауына қатысу үшін Шымкенттің төрт бірдей ауданынан 365 өтініш түскен. Бұл шара қалалық ішкі саясат бөлімінің тапсырысымен биыл 6-жыл дәстүрлі жалғасын тапты.

DSC 2823

Акцияны ұйымдастырушы «ОҚО Азаматтық Альянсы» қауымдастығының төрағасы Шәріпбек Жамалбек бастаған комиссия мүшелері 15 мамырдан 15 қыркүйекке дейін байқауға қатысуға ниет білдірген аулалардың жағдайын бақылап отырды.

– Әр екі апта сайын комиссия тексеруі барысында біз үнемі таза әрі тартымды аулаларды анықтап отырдық. Төрт ай бойы, әсіресе жаздың ыстығында ауладағы, көшедегі ағаштар мен гүлдерді суарып, қуратып алмай күтіп баптаған тұрғындардың еңбегі зор. Олар бұл үшін ешкімнен ақы сұрамайды. «Өз үйім» деп қарап, шынайы жанашырлық танытады. Сонысымен де өзгелерге үлгі бола алды, – дейді Шәріпбек Жамалбекұлы.

DSC 2769

Байқау нәтижесінде комиссия қорытынды жасады. Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі қала әкімінің орынбасары Қайрат Нұртайдың құттықтауымен ашылды.

– «Таза қала» акциясына қатарынан үшінші, төртінші жыл қатысып, ауласын, көшесін көркейту үшін әр жылы бір жаңалық ойлап тауып жүрген белсенді қала тұрғындары, өздеріңізді танып та қалдық. Бір аула көрші отырған екінші ауланы осы байқауға қатысуға шақырып, бірінен бірі үлгі алып, қатысушылар саны биыл 400-ге жуықтады. Байқауға ниет білдірген әрбір қала тұрғынына алғыс білдіреміз. Қала күні мерекесі баршаңызға құтты болсын! Әр отбасында бақ-береке орнап, баршамыз бірге қаламыздың ірі мегаполиске айналуына, мерейінің үстем болуына атсалысайық, – деді Қайрат Ырзақұлұлы.

DSC 2845

Салтанатты жиын бұдан кейін үздіктерді марапаттауға ұласып, әсем ән байқау жеңімпаздарына мерекелік көңіл күй сыйлады.

Сонымен, байқау қорытындысы «Үздік аула» номинациясымен:

а) Абай ауданының Республика даңғылындағы №20, 20а үйлерініӊ ауласы;

ә) Әл-Фараби ауданының Рашидов көшесінде орналасқан №25а үйдің ауласы;

б) Еңбекші ауданының «Теріскей» шағынауданындағы №50 үйдің ауласы;

в) Қаратау ауданының «Таскен» тұрғын алабындағы Көктем көшесінің №1 және №2 үй аулалары лайық деп танылып, 200 мың теңге қаржылай сый-ақымен марапатталды.

DSC 2877

Дәл осындай марапат байқау нәтижесінде биылғы жылы Шымкент қаласының «Үздік көшесі» деп танылған 4 көшенің тұрғынына табысталды.

Олар: 

а) Абай ауданы, «Қатынкөпір» шағынауданы, Е.Молдабаев көшесі. Көше төрағасы – Құдайберген Суртаев.

ә) Әл-Фараби ауданы, «Забадам» елдімекені, Абат көшесі. Көше төрағасы – Абубакир Қараходжаев.

б) Еңбекші ауданы, Бекет батыр көшесі. Көше төрайымы – Лобар Махмудова.

в) Қаратау ауданы, Мирас шағынауданы, Сақ елі көшесі. Орам басқарушысы – Кадирмат Ашурметов. 

DSC 2908

Жоғарыда аталған номинация бойынша әр ауданның 2 орынды иемденген 8 байқау қатысушысына 150 мың теңгеден, ал 3 орынға 100 мың теңге көлеміндегі қаржылай марапаттар және қала әкімінің «Алғыс хаты» табысталды. Бұдан бөлек тағы 8 орын ынталандыру сыйлығына тағайындалған 50 мың теңгені жеңіп алды. 

Жылдың ерекше сыйы – қаланың тазалығына айрықша үлес қосып, көзге түскен мектеп жасындағы балақайларға Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы И. Рысбай мен ОҚО Журналистер одағының төрайымы А. Қапбарова қала әкімі Ғ. Әбдірахымовтың «Алғыс хатын» тапсырды. Комиссия мүшелері қала басшысының алғысына ие болған балақайлар енді білім ошағындағы оқушыларға да үлгі болады деген сенім білдірді.

Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.