Версия для печати

Балалар тағамы бақылауда ма?

Среда, 11 Октябрь 2017 06:19 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 4777 раз
Оцените материал
(0 голосов)

tamak

Шымкентте қала мектептерінде дұрыс тамақтанудың маңыздылығын түсіндіретін денсаулық бұрыштары жасалды. Оның алғашқы үлгісі №45 мектеп-гимназиясында өткізілген «ОҚО мектеп медицинасын жетілдіру» атты баспасөз-конференцияда таныстырылды. Денсаулық сақтау және білім саласы мамандары бірлесіп жасаған бұрыштамада балалардың ішіп-жейтін тағамдарының құрамы талдап көрсетілген. Осы арқылы мамандар оқушыларды дұрыс тамақтануға дағдыландырып, денсаулығын жақсартуды қолға алмақ.


DSC 0551

Емханаларға майтабанды анықтайтын аппарат қойылады

Мамандар тайға таңба басқандай етіп көрсеткен тізімде бутерброд, чипсы, кириешки, шоколад, түрлі сусындар бар. Бұлар мектеп жасындағы оқушылардың күнделікті талғажау ететін азығына айналғаны қашан? Мектеп асханасы не болмаса көшедегі дүкен-дүңгіршектердің саудасын қыздыратын да осы тағамдар. 

– Көше тағамдары асқазанды уақытша алдағанымен уақыт өте келе денсаулыққа келтірер залалы орасан. Атауы әдемі фаст-фудтар ағзаның жетіліп, қалыптасуына кері әсерін тигізеді. Осының салдарынан бүгінде балалардың денсаулығы төмендеп барады. Әсіресе, омыртқаның қисаюы, көздің көру қабілетінің нашарлауы, майтабан аурулары жиі кездеседі. Осының алдын алу жұмыстарын біз елімізде алғашқы болып, биылдан бастап білім саласынан денсаулық сақтау жүйесіне берілген мектеп медицинасын жетілдіруден бастап отырмыз», – деді басқосу барысында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев. 

Айта кетерлігі, өткен жылы елімізде мектеп оқушыларын профилактикалық тексеруден өткізгенде олардың 25%-ы асқазан-ішек жолдарының кеселіне шалдыққаны анықталды. 16,2%-ын көз аурулары мен тыныс алу, қан жүйесі аурулар мазаласа, 15%-ы семіздікке ұшыраған. 

Дұрыс тамақтанбау және көшеде лезде дайындалатын тағамдарға құштарлықтың соңы ұрпақтың саулығын осы жағдайға жеткізген. 

– Көше тағамдары мен түрлі сусындар құрамына көп мөлшерде қант қосылады. Ол уақыт өте келе ағзада созылмалы ауруларды туындатады. Олардың зияндылығын ауызша айтқанмен балалар тыңдамайды. Арнайы стендте тізім жасап, құрамындағы зиянды заттарды мөлшерімен көрсетсек, күнделікті назар салып, көретін болса, көмегі тиетініне сенімдіміз, – дейді облыстық денаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Инна Глазебная. 

Мектеп медицинасын жетілдіруде мамандар тек дұрыс тамақтану мәселесін көтеріп отырған жоқ. Жиында омыртқа мәселесін болдырмауда оқушыларды дұрыс отыруға үйрететін, дене шынықтыру жаттығуларын күнделікті жасауға дағдыландыруға мұғалімдердің көмегі қажет екендігі баса айтылды. Өйткені, қимыл-қозғалыстың аздығы, компьютер, ұялы телефонды шектен тыс пайдаланудан сүйек пен көз ауруларымен ауыратындар саны артқан. 

Облыстың бас дәрігері жыл соңына дейін майтабанды анықтап, алдын алуға көмектесетін «Плоскостоп» аппараты аудан, қалалардағы емханалардың бәріне қойылатындығын жеткізді. Мектептегі медициналық кабинеттер өзіне қарасты емханалардағы аппаратттың көмегімен жасөспірімдерді тексеруден өткізетін болады. 

Шымкент қалалық білім бөлімінің берген мәліметіне сүйенсек, мектеп асханаларында аталған зиянды тағамдарды сатуға тыйым салынған. Айталық, майға қуырылған өнімдер, кремдік заттар, газы бар сусындар, холестерині жоғары шоколадттар, тіс, ерінге залал келтіретін тәттілер мен сағыздарды сатуға болмайды. 

Шымкент қаласы білім бөліміне қарасты 128 жалпы білім беретін мекеменің 109-да типтік асхана бар. 14-де буфет жұмыс істесе, аталған мектеп асханаларында 1-4, 5-11 сынып аралығындағы 114 207 оқушыға тамақ беріледі. «Міндетті білім қорынан» бөлінетін қаражат есебінен 11 058 оқушы тегін ыстық тамақпен қамтылса, мектеп асханаларын, буфеттерін жалға алушы есебінен 10 347 оқушы ыстық тамақпен қамтылды. 

– Мектептің асханаларында, буфеттерінде күнделікті ыстық тамақтың апталық, күнделікті мәзірі, буфеттің тазалығы, тыйым салған заттардың сатылуын мектеп әкімшілігі қатаң бақылайды, – дейді Шымкент қалалық білім бөлімінің өкілі Айгүл Текебаева.

 

Шымкентте 109 типтік асхана бар

Облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының атқарушы директоры Фарида Байзақова: «Шараны ұйымдастырудың мақсаты айқын. Оған дәрігерлер, ұстаздар ғана емес, ата-аналар да атсалысса дейміз. Мүмкіндігінше өздері балаларына пайдалы тағамды ішіп-жеуді үйретіп, зияндыларын жиі айтып отырса, бұл шарадан нәтиже шығады», – дейді.

Шынтуайтында, мектеп оқушыларының сапалы тамақтануына ата-аналардың көмегі қажет. Жұмысбастылықтан кейде ата-ана уақыт үнемдеп гамбургер, пицца, коко-коланы үйге тапсырыспен алдыртатыны жасырын емес. Зиянды деп балаларға үнемі айтатын азықтар бүгінде отбасылық дастарханның мәзіріне айналған. 

Бұған ата-аналардың көзқарасы қандай? Айман Мұхамедова екі баланың анасы. Ол үлкен ұлының асқазан-ішек жолдары ауырып, мазасыз жүретіндігін айтады. «Алғашқы баламыз болған соң талғап-таңдамай барлығын әперетінбіз. Дүкенге барсақ құр қайтпаймыз. Кириешки, чипсы, қораптағы шырындарды күнде аламыз. Оның зардабын қазір тартып жатырмыз. Кіп-кішкентай баламыз диетамен жүреді. Ұйқы безі, асқазанын емдетудеміз», дейді ол. 

«Күн сайын қыздарыма ыстық тамақ ішуге 200-300 теңгеден беремін. Кешкілік сұрасам «Пепси іштім, гамбургер жедім» дейді. Олардың зиян екендігін айтып, интернеттен түрлі роликтер көрсетіп, әзер түсіндірдім. Қазір асханадан компот ішіп үйренді. Айта кетерлігі, асханаларда бала ағзасына пайдалы деген азықтарды сатпайды. Мәселен, коко-кола алған ақшаға, бір дана алма немесе банан сатып алса кәнекей? Әлі күнге дейін асханаларда жеміс-жидектер тұрғандығын байқамадым», дейді екі қыздың анасы Венера Нұрғалиқызы.

Мектеп медицинасы жуырда денсаулық сақтау саласына өтті. Бұл - бала денсаулығын жақсартуға арналған шараның алғашқысы. Енді, денсаулық бұрыштары қаладағы барлық білім ордаларына қойылады. Оның қандай нәтиже көрсететінін уақыт еншісіне қалдырамыз.

Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі.