ҰШҚЫР ҚИЯЛ, КЕТТІҢ АЛЫС...

Понедельник, 23 Октябрь 2017 12:00 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 6766 раз

немесе болашақтағы
нанотехнологиялар туралы

ushqyr-qial-1

Сізге 2020 жылы адамдар бір зымыранмен бірнеше рет Марсқа ұшады, көліктер аспанда қалықтап жүреді, ал роботтар ауыр жұмыстарды істеп, балалардың ойыншығына айналады десе сенесіз бе? Әрине, сену қиын дерсіз. Дегенмен, айналаңызға бір сәт назар салыңызшы. Осыдан 5-10 жыл бұрын ғана электромобиль, смартфон телефон, 3D-принтер, 3D-фильм секілді дүниелер талай адамдардың ақылына сыймайтын. Көпшілік бұны уақыттан озғандардың кезекті бір сандырағы ғана деген болатын. Ал қазір бұл «Ғажайыптар» күнделікті өмірімізде пайдаланатын, қарапайым нәрсеге айналды.

 

Тарихта болжамы талай жылдан кейін ақиқатқа айналған аңыз адамдар бар.
Құрамалы, қорғанды үйің болады,
Әйелің базаршы болады.
Еркегің қазаншы болады.
Әйел – ерге теңеледі.
Шақырмаса, көрші көршіге кірмейді.
Ұят жағы кем болар.
Құны жоқ қағазды судай шашады... – деп, 1600-1700 жылдары өмір сүрген Мөңке биден артық болашақты дөп айтқан ешкім жоқ шығар. Бірақ біздің айтпағымыз басқа.
Біз Ы.Алтынсарин айтқан: «Тастан сарай салғызған», «Жылдам хабар алғызған», «Адамды құстай ұшырған», «Отынсыз тамақ пісірген» «Өнер-білім бар жұрттар» жайлы, қазіргі тілмен айтқанда болашақтағы нанотехнологияларды болжаған адамдар туралы айтпақпыз.

1899 жылы француз суретшілері ХХІ ғасыр туралы болжамдарын суретке түсіріп, Париждегі дүниежіүзілік көрмеге койған екен. Суреттерінде ұшатын құрылғылар, су астындағы адамдар, автоматтандырылған шаштараз бейнеленген. Бір кездері қиял ғана болып көрінген нәрселер, қазір ақиқатқа айналғанын өзіміз де көріп жүрміз. 

2018 жылы NASA компаниясы InSight ғарыш кемесін Марсқа ұшырады. Бортта ғылыми жұмыстан бөлек, адамдардың есімі жазылған микрочип болады. Осы чипқа өз есіміңізді mars.nasa.gov сайты арқылы жазып, Марсқа жібере аласыз.

Бұл бағытта атақты фантаст-жазушы Айзек Азимов та қызықты еңбектер жазғанын білеміз. Әсіресе, оның 1964 жылы «50 жылдан соң әлем қалай өзгереді?» атты еңбегі тек қазір ғана жоғары бағаға ие болуда. Өйткені, жазушының 2014 жылға жасаған болжамдарының басым бөлігі расымен де жүзеге асты. Мәселен, оның пульттік басқару, 3D құрылғылар, басқарушысы болмайтын көліктер, сматрфон арқылы кітап оқу, қоңырау шалу, құжаттар қарау сынды тұжырымдары бүгінде орындалды. Сондай-ақ, ол 1988 жылы интернетпен онлайн желісінде білім алуды да болжаған екен. 

Бұдан бөлек Герберт Уэллс 1914 жылы «Азат етілген Әлем» новелласында атом бомбасы туралы жазған. Ал танымал француз жазушысы Жюль Верн 1865 жылы «Жерден Айға тіке жолмен 97 сағат, 20 минутта» ғылыми-фантастикалық романында адамның айға қонуы туралы айтып өткен. 

Қазір де ғылым мен білім заманында ай сайын, күн сайын нанотехнология саласында талай «ғажайыптардың» куәсі болып жүрміз. Жақында ғана бір кездері аңыздай көрінген электромобиль мен автопилот басқаруындағы көліктердің кереметін көріп, еріксіз таңдай қақтық. Тіпті ондай ақылды көліктер Алматы мен Шымкент көшелерінде де кездеседі. Сондай-ақ, ғалымдар жыртылған теріні жабыстырып қоятын желім, сымсыз қуаттайтын телефондар, жүргізушісі жоқ жүк пойызын және тағы басқа да адам сенгісіз нәрселер ойлап тапты. 

Жуырда ғана Астанада өткен ЭКСПО-2017 Халықаралық көрмесінде де талайдың таңдайын қақтырарлық дүниелер қойылды. Мәселен, күн сәулесі және электр қуатымен жүретін көлік, ұшақ, велосипедтер және тағы жүздеген стартаптар. Ал Қазақстан 28 жоба ұсынған. Оның ішінде жел мен күннен энергия алатын құрылғы, жарықдиотты шамдар, электромобиль мен телефонға қоятын аккумулятор бар. Елбасы Н.Назарбаев ЭКСПО кезінде қойылған жаңа технологиялар көрме біткеннен кейін де, қолданыста болсын деп тапсырма берген болатын. 

Ал келешекте не болатынын білгіңіз келе ме? Қызықтың көкесі келесі жылы-ақ болғалы тұр. Ғалымдар 2018 жылы Американың мейрамханаларында аспазшы, Ресейде ота жасайтынын роботтар пайда болатынын айтты. 

«PayPal», «SpaceX», «Tesla» компанияларының басшысы Илон Маск та жақын болашаққа болжам жасаған екен. Ол Марсқа баратынымызға сенімдімін дейді. Осы орайда, Голландиялық «Mars One» компаниясы 2023 жылы Марсқа ұшу туралы мәлімдеме жасағанын да айта кетейік. Қазіргі таңда, онда өз еркімен аттанатын 1058 үміткер анықталып қойған. Олардың ішінде 297 АҚШ, 52 Ресей елдерінің еріктілері бар. Сондай-ақ, компания қайтар жолға билет қарастырылмағанын да ескерткен болатын. 

Илон Масктың ендігі бір тұжырымы жақын 50 жылдың ішінде көлікпен жүру, жеделсаты секілді болады-мыс. Тек, қай жерге баратыныңзды таңдасаңыз болғаны. 

Уақыттан озған сәуегейлердің тағы бір болжамы, талай жылдардан бері жүзеге аспай келе жатқан иісті сезіп отырып тамашалайтын кинотеатр. Бұл идея бірнеше елдерде эксперимент ретінде жасалғанымен, әлі толыққанды жүзеге аспай келеді.

Ал футуролог Ян Пирсон 2064 жылы көліктер бір-бірімен соғыспайды, ер және еркектен бөлек жаңа жыныстар пайда болады, адамға ұқсайтын роботтар қызмет етеді дейді. 

Ендеше, көз көріп, құлақ естімеген дүниелерді уақыттың еншісіне қалдырдық. Сәуегейлік пе, сандырақ па? Оны да сең сөгілгенде, мал өрістен қайтқанда аман болсақ көрерміз...

 

Последнее изменение Среда, 25 Октябрь 2017 11:57
Сапарғали ҚАНАТ

2015 жылы Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «J-Group Production» аутсорсинг компаниясында журналист, сценарист, «Білім-Инновация» ХҚҚ-на қарасты «Сана» журналында журналист болып еңбек еткен. 2017 жылдың қаңтарынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.