Версия для печати

АВТОНОМДЫ ПЕШ: сақтық шарасына салғырттық танытпаңыз Избранное

Пятница, 27 Октябрь 2017 08:18 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 4010 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Шымкентте жыл басынан бері газдан уланудың 7 оқиғасы тіркелген. Одан 7 адам зардап шегіп, 4 адам қайтыс болған. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті жылу маусымы басталғаннан  газдан уланудың алдын алу шараларын күшейтуде. Соның ішінде көпқабатты тұрғын үйлерге жылыту пешін өз бетінше орнатқан тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырды. Себебі, бүгінде Шымқалада 18 мың абоненттің 25%-ы автономды пеш тұтынатындар. Бұл бірінші кезекте айналасындағы тұрғындарға қауіп туғызса, екіншіден, орталықтандырылған жылу жүйесінің жұмысына кедергі жасауда.

DSC 9489

2016 жылдан бері көпқабатты тұрғын үйлерге автономды пеш орнатуға тыйым салынды. Мұның өзіндік себептері бар. Төтенше жағдай мамандары автономды пештің техникалық талаптарын сақтамағандықтан тұрғындардың газдан улану жағдайлары жиі болатындығын айтады. «Егер көпқабатты тұрғын үйдің құрылымында жылу жүйесі орталықтандырылған жылуға қосылатын болса, дербес пешті орнату қауіпті. Ол тұрғын үйдің жылу жүйесіндегі балансты бұзады. Автономды пештің негізгі бөлігі – түтін жолы. Пеш қосылғанда қызады да түтін жолы толып қалатындықтан уақытында тазаламаса газдың сыртқа шығуына себеп болады. Мұның соңы қайғылы жағдайларға апарады. Сол себепті, оны жылына бір рет тазалап тұру қажет, – дейді Шымкент қалалық төтенше жағдай департаменті басшысының орынбасары Рауан Өсербаев. 

Өткен жылы қалада газдан уланудан 19 оқиға тіркеліп, 29 адам зардап шексе, оның 19-ы көз жұмған. Төтенше жағдайлар департаментінің маманы келеңсіз жағдайға жол беретін – тұрғындардың салғырттығы екендігін атап өтті. Ол қалалықтардан автономды пеш орнатқанда жер үйлердің өзінде барлық техникалық талаптарды ескерсе дейді. 

Қазір қалада автономды пешпен баспанасын жылытып отырғандардың барлығының құжаттары заңды деуге келмейді. Сондықтан аудан әкімдігі, төтенше жағдай қызметкерлері мен жылу беретін мекеме мамандары түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. 

– Көпқабатты тұрғын үйлерге дербес пештер орнатуға тыйым салынады. Жауапты мекемелердің рұқсатынсыз пешті орнатқандарға қатаң шара қолданамыз, – дейді қаланы жылумен қамтамасыз ететін «Қуатжылуорталық - 3» мекемесінің бөлім басшысы Марина Хохлова. 

Кезінде қалада жылу сапасының төмендігінен тұрғындар пәтерлерін жаппай газбен жылытуға көшкен болатын. Енді, коммуналдық талаптарға сай келмейтіндердің дербес пештері ажыратылмаса, қала әкімінің орынбасары Бейсенбек Жанбосынов мәселе сотта шешілетіндігін ескертуде.

 

Жеке үйге пеш орнату ережесі

Жеке үйлерде автономды пештен ақау шығудың бір себебі – арзан әрі сапасыз техниканы қолдану. Қазіргі кезде тұтынушылардың дерлігі Иран, Қытайдан келген пештерді пайдаға жаратуда. Мәселен, ирандық жылыту құрылғысында мұржа қарастырылмағандықтан қауіпті саналады. Сондықтан құрылғыларды сатып алуда, орнатуда және жылу маусымына дайындық алдында пешті қосарда сала мамандарынан кеңес алған артықтық етпейді. 

– Бүгінгі таңда техникалық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін жаңа, тиімді автономды құрылғылар шығарылуда. Олар газ қондырғысы тұрған бөлмеде метан немесе иісті газ пайда болса, дабыл қағып, газдың келуін автоматты түрде тоқтатады. Осыдан кейін 104-ке хабарласып мамандардың көмегіне тез арада жүгінуге болады. Дабыл аспабы – тұрғындардың қауіпсіздігі үшін қажет, – дейді «ҚазТрансГазАймақ» АҚ ОҚО өндірістік филиалының өндірістік техникалық бөлімінің бас маманы Бақытжан Тулешов.

Автономды пеш қойғанда (жеке үйлерде) есте сақтайтын қарапайым қағидалар:

  • *Автономды пешті адам көп жиналатын, ұйықтайтын, асхана, жуынатын бөлме секілді орындарға орналастырмай, мүмкіндігінше бұл үшін үйдің сыртынан бөлек орын дайындаған дұрыс. 
  • * Пеш тұратын бөлмеде желдеткіш канал, терезе желдеткішінің болғаны қауіптілікке жол бермейді.
  • *Пештің түтін жолы шатырдан 50 см жоғары тұрады.

Айта кетейік, Шымқалада 20 қазаннан бастап жылу берілді. Бюджеттік мекемелерге жылумен толық қамтамасыз етілсе, апта ішінде 800 көпқабатты тұрғын үйге жылу жетті. Төлемақы 1 қарашадан бастап, жылу есептегіш құралы бар үйлерде жылу қосылған күннен бастап есептеледі. «Қуатжылуорталық» мекемесі үйішілік сервистік қызмет көрсету орталығын ашты. Олар тұрғындарға жылу жүйесіндегі ақауларды жөндеуде тәулік бойы қызмет көрсететін болады. Оның ақысы шаршы метріне – 6 теңгені құрайды.


DSC 0203Бауыржан ҚАЛЖАНОВ,
Әл-Фараби ауданының әкімі:

– Әл-Фараби ауданына қарасты 672 көпқабатты тұрғын үйдің 613-і орталықтан-дырылған жылу жүйесіне қосылған. Аудан бойынша 55 тұрғын үйде автономды пеш орнатылғандығы анықталды. Сала мамандарынан құралған рейд барысында газдан келетін қауіптіліктің алдын алу шарасы түсіндіріліп, олардың дербес жылыту жүйесіне қажетті құжаттары мен рұқсаттарының бар-жоқтығы анықталды. Қазіргі таңда, аудан бойынша жылу құбырларының басым бөлігі жаңартылды. Осы мәселелерді тұрғындарға түсіндіру жұмысы жалғасуда.

 


d141ae8a-5d30-45bf-943a-33d23a536bfd-696x463Ғалымжан ИЛЬЯСОВ,
Еңбекші ауданының әкімі:

– Еңбекші ауданында 527 көпқабатты тұрғын үй бар. Жылу маусымына дайындық жұмыстары басталғаннан газдан уланудың алдын алу бойынша насихаттық топ жұмыс істеді. Қазіргі таңда, улы газдан сақтану және автономды пештер орнатылған үйлерді анықтап, құжаттарының дұрыстығын тексеруде аптасына екі рет рейд өткіздік. Оның құрамында төтенше жағдай, жергілікті полиция қызметкерлері, тұрғын үй инспекциясы мамандары бар. Соңғы рейдтік шарада Уәлиханов көшесіндегі 227 а үйдің тұрғындарымен кездесті. Онда 10 пәтерде дербес пеш қойылғандығы анықталып, рұқсат беретін құжаттарының заңдылығын мамандар зерделеуге жіберді.

 


tatybaevАхмет ТАТЫБАЕВ,
Абай ауданының әкімі:

– Аудандағы 432 көпқабатты тұрғын үйдің 424-і орталықтан-дырылған жылу жүйесіне қосылған. Қалғандарына орталық жылу қазандықтарына көшуге түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. 7 рет рейдтік шара ұйымдастырылып, сала мамандарының көмегімен пәтерлердегі дербес пештердің талапқа қаншалықты дұрыс келетіндігі анықталды. Ауданға қарасты Ә. Молдағұлова көшесіндегі №44, Темірлан тас жолындағы №7, Темірлан көшесіндегі №1 көпқабатты үй тұрғындары автономды пеш қолданады. Мәселен, Ә. Молдағұлова көшесіндегі №44 үйде 7 пәтердегі автономды пеш орнатқандардың төртеуінің құжаты түгел, қалғандарының пештері талапқа сай емес. Осы секілді құжаты жоқтарын қарашаның ортасына дейін анықталады.


 MG 2262Ғабит МӘУЛЕНҚҰЛОВ,
Қаратау ауданының әкімі:

– Қаратау ауданында 269 көпқабатты тұрғын үйдің 247-ін «Қуатжылуорталық -3» мекемесі жылумен қамтамасыз етеді. Автономды пеш орнатқан 49 тұрғын үйдің тұрғындарымен жылуға дайындық кезінде қауіпсіздіктің алдын алу бойынша жиындар өткіздік. Қазір аудан әкімдігі, төтенше жағдай өкілдері, жылу беру мекемесі және жергілікті полиция қызметкерлерімен бірлесіп, рейд ұйымдастырылуда. Онда автономды пешке рұқсаты жоқ тұрғындармен кездесіп, 10 пәтер иесіне пешті ажыратуға ескертулер берілді.

Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі.