Версия для печати

Кәсіби психологтар жеткілікті ме?

Пятница, 03 Ноябрь 2017 08:05 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 4939 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Бүгінде «психологтың қабылдауына жазылдым» деген хабарды әрбіріміз үрейлене қабылдайтынымыз анық. Алайда, мұның еш әбестігі жоқ екенін айтады психолог-мамандар. «Психолог – адамның жан-дүниесіндегі ауыртпалықтан арылып, сезімдерін басқаруға көмектеседі, ал мінез-құлықтың ауытқуын емдейтін маманды «психиатр» деп атайды. Осы екеуінің айырмашылығын білген абзал», – дейді тәжірибелі психолог, коуч-тренер Айсұлу Бөрібаева.

3 1

Психолог – адам жанының айнасы

Біз шынында психологтың көмегіне санасында ауытқу байқалған адамдар ғана жүгінеді деп ойлаймыз.

– Психологиялық көмек – жан-дүниесі құбылып, өз сезімдері мен эмоциясын басқара алмай, кейде айтар ойын ішіне бүгіп, құсаланып жүргендерге қажет-ақ. Психолог және психотерапевт мамандары – дені сау адамдармен жұмыс істейді. Бұл тұрғыда менің психолог ретіндегі көмегіме мектеп жасындағы балалар мен отбасылық өмірдің қиындықтарын жеңе алмай жүрген жастар жүгінеді. Түптеп келгенде олардың жан-дүниесінде болып жатқан сезімдеріне ешкім мән бермегендіктен, жақын адамдарының назарын аудару мақсатын көздейді. Бірақ, сол назарын аударуға тырысып жасаған әрекеттері кейде сәтсіз аяқталып жатады, – дейді А. Бөрібаева.

Өңіріміздің психологтары «орта буын өкілдері жұмыстан босамайтын қоғамның жастары гаджетті дос тұтып үлгерген бүгінгі таңда психолог маманына деген қажеттілік күн санап артуда» деп дабыл қағады.
Балалар бұрынғыдай далада асыр салып ойнамайды. Біразы күн ұзақ сабақ оқыса, көпшілігі теледидар мен компьютердің алдынан тапжылмайтыны бізге мәлім.

 

Мектеп оқушыларына маман көмегі қажет пе?

Қала аумағындағы білім беру мекемелерінде психологиялық қызмет көрсету ҚР Конституциясы, ҚР «Білім туралы» Заңы және «Бала құқықтары туралы конвенциясы» мен ОҚО әкімдігінің 2015 жылғы 20 сәуірдегі № 111 қаулысымен бекітілген «Орта білім беру ұйымдарында психологиялық қызметінің жұмыс істеу қағидалары» шеңберінде жүзеге асырылуда.

Бөлім басшысы Жанат Тәжиеваның айтуынша, бүгінгі таңда қалалық білім бөліміне қарасты 132 мектептің барлығы психолог маманмен қамтылған. 

30-013

– Қазіргі таңда, жалпы 240 жоғары білімді педагог-психолог жұмыс істейді. Оның 132-сі күндізгі бөлімді бітірген, 108-і сырттай оқыған. 28-і жоғары санатты педагог-психолог болса, 35-і бірінші, 87-сі екінші санатты. Әзірге санатсыз тағы 90 психолог-маман сапалық құрамын жоғарылату бағытында жұмыс істеуде, – дейді Жанат Арысбекқызы.

Мектеп психологтары негізгі 5 бағыт бойынша қызмет көрсетеді. Атап айтқанда, психологиялық диагностика, психологиялық ағарту (профилактика), психотүзету (психокоррекция) және дамыту, психологиялық кеңес (консультация) жүргізу, кәсіби кеңес (консультация) жүргізу, сондай-ақ, әлеуметтік-диспетчерлік бағыттар.

Ж.Тәжиева Қоғамдық қеңесте қалалық білім бөлімінде атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасаған болатын. Мәліметтерге сүйенсек, қалада 2017 жылдың 6 айында 18 суицид оқиғасы тіркелген. Оның 6-ы қала мектептерінің оқушылары. Өзіне қол жұмсамақ болған 18-дің 13-ін ажалдан арашалап қалғанымен, 5 суицид аяқталған. Аяныштысы сол, оның 4-і мектеп оқушысы, 1-і колледж студенті.

Сараптау нәтижесінде, оқиғалар отбасылық жағдайға байланысты орын алғаны анықталған.

Суицид, ерте жүктілік, аутодеструктивті мінез-құлықтың алдын алу, тәртібі өзгерген балалардың ата-аналарымен жұмыс жүргізу мақсатында қалалық және мектепішілік жоспарлар жасалған. Сондай-ақ, тоқсан сайын мектептің 3-11 сынып аралығында оқитын оқушыларына психодиагностикалық зерттеулер жүргізіліп, оның нәтижесі бойынша қобалжу деңгейі мен жүйкелік-психикалық тұрақтылық көрсеткіші назарға алынады. Қобалжу деңгейі жоғары балалармен арнайы топтық және жеке түзету-дамыту жұмыстарын психолог-педагог мамандар жүргізуде.

 

Үнемі тәжірибе арттыруға тура келеді

Білім бөлімі берген мәліметке сәйкес, жұмыс барысында мамандар балаларды салауатты өмір салтын қалыптастыруға үгіттейді. Негативті жағдайлармен түрлі тәуелділіктен арылуына көмектесуде. 

– «Педагог-психолог» мамандығы бойынша біліктілік алған мамандар жұмыс барысында кездескен қиындықты игеру мақсатында тұрақты түрде білімін жетілдіріп отырады. «Өмірдің қиын жағдайларына шыдамдылықты насихаттау», «Қиын жасөспірімдер және олармен жұмыс істеудің ерекшелігі», «Ата-ана махаббаты және ата-ана мінез-құлық стильдері», әлеуметтік педагогқа арналған «Ерекше назардағы оқушылармен және отбасымен жұмыс», «Қыз – ұлт мақтанышы және көркі», «ҰБТ-ға дайындық барысында психологиялық қолдау көрсету» тақырыптарындағы оқу-семинарларға тұрақты түрде қатысып, оқушылар арасында тренинг ұйымдастырып тұрады. Жалпы, балалардың мінез-құлқын дұрыс қалыптастырып, әр қадамын ақылмен басуға үйретуде, ой-өрісін дамытуда кәсіби психологтардың берері мол. Әйткенмен, біздің өңірде бұл мамандарды дайындайтын оқу орны жоқ, – дейді Ж. Тәжиева.

23201739 1333002436822969 967319008 n

Ал тәжірибелі психолог, коуч-тренер Айсұлу Бөрібаева бұл салада көп ізденгенін айтады.

– Бізде психологтар емес, бұл маманды даярлайтын оқу орны болмай тұр. Педагог-психолог мамандығым теориямен шектеле берген соң бұл саланың қыр-сырын толық меңгергім келді. Тәжірибелі психология және психотерапия Еуразиялық институтында тәжірибе алдым. Бұдан кейін де адамның жан-дүниесі мен тәнін психологиялық тұрғыда зерделеп тағы 2-3 жыл психологияның қыр-сырын меңгердім. Жалпы, психолог деген – арт-терапия, құм-терапия, би-терапия, саз-терапия, гештальд-терапия болып түр-түрге бөлініп кете беретін өте терең мамандық. Бұрын психологтың атын естісе шошитын, қазір маман кеңесіне жүгінетіндердің саны артты. Олар жасөспірімдер, жас отбасылар, кәсібін немесе бір арманын жүзеге асыру жолында тәуекелге бел буа алмай жүрген жандар. Дегенмен, халық саны миллионға жақындаған қаламызда психолог мамандар саусақпен санарлық. Өйткені, бұл салада кадр даярлайтын бір де бір оқу орны жоқ. Мамандық алу үшін көп ізденіп, тіпті, шетелде оқып келуге тура келеді. Кәсіби психологтарды өзімізде дайындауды оқу орындары қолға алса жақсы болар еді, – дейді өзекті мәселені алға тартқан Айсұлу Бөрібаева.

Последнее изменение Пятница, 03 Ноябрь 2017 09:54
Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.