Версия для печати

Сәби күтіп жүргенде тұмауратпа... Избранное

Пятница, 10 Ноябрь 2017 04:45 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 4986 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Ел аумағында тұмауға қарсы екпе жүргізілуде

Әдетте, күз мезгілдерінде суықтың алғашқы ызғары білінгенде денсаулығымыз сыр беріп, дәрігерлердің көмегіне зәру болып жатамыз. Мұрын бітіп, қызу көтерілгенде аурухана табалдырығын тоздыратынымыз жасырын емес. Бұл ретте, денсаулық сақтау саласының мамандары тұмауға қарсы күресудің ең тиімді құралы – тұмауға қарсы егу шаралын жүргізу екендігін айтады.


Иммунитеті әлсіз, аурушаң жандар қыс бойы бір емес, бірнеше рет тұмауға шалдығады. Көп ұзамай жұқпалы тұмау кең етек алып, сіздің де ауырып қалу мүмкіндігіңіз еселеп жоғарыламақ. Ауруды өткеруді жеңілдетіп, тұмаудан сақтап қалуда екпенің көмегі қандай болмақ? Осы мәселенің төңірегінде біз сала мамандарынан арнайы кеңес алғанды жөн көрген едік.

Қазан айының алғашқы жұлдызынан бастап ел аумағында тұмауға қарсы екпе шаралары жүргізілуде. Бұл ретте, тұмауға қарсы үш түрлі вакцина ресми тіркелген. Олар: «Ваксигрип», «Инфлювак» және «Гриппол плюс». Шымкент қалалық орталық емханасының СӨСҚ дәрігері Әсем Ділданованың айтуынша, емханада Ресейден шығарылған «Гриппол плюс» екпесі егілуде. Яғни, бір жасқа толмаған балалар, жүкті әйелдер және созылмалы ауруға шалдыққан науқастар мен алпыс бес жастан асқан зейнеткерлерге тегін екпе егіледі. 

– Екпе жұмыстары тек емдеу мекемелерінде жасалады. Оның жоғары температураға сезімтал болуына байланысты, дәріханаларда сатуға рұқсат етілмейді. Сонымен қатар, бір мекемеден алынған екпені екінші мекемеге барып салуға рұқсат жоқ. Себебі, ол қоршаған ортаға сезімтал болғандықтан, 1-1,5 сағатта тиімділігі төмендеп немесе кері әсерін беріп, ағзаға нұқсан келтіруі мүмкін, – дейді Әсем Ділданова. – Ескере кететін жайт, екпе егілгеннен кейін 2 аптадан соң күшіне енеді, оның қорғаныш белсенділігі 6-12 ай аралығына дейін созылады. Жалпы, қазіргі күнде бізде тұмау бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Яғни, екпенің кері салдарын айтып шағымданған тұрғын жоқ. 

Ақ халат иелерінің айтуынша, алдағы қыс айларында тұмаудың А және В вирустары кең таралуы мүмкін. Жұқпалы дерттен сақтанбасаңыз, оның арты өкпенің қабынуы мен көкжөтел дертіне апарады. Бастысы, дәрігерлер ауырып ем іздегенше ауырмайтын жолды іздеуге кеңес береді.

Тұмауға қарсы екпе егу жұмыстары қараша айының 15 жұлдызына дейін жалғасады. Қазіргі таңда, емхана қарауында екпе шараларын қабылдауы тиіс 7 мың тұрғын бар. Оның 92 пайызы тиісті алдын алу емін қабылдап, жағдайы тұрақты бақылауға алынған. Жергілікті тұрғындар арасында екпені қабылдаудың тиімділігі жөнінде түсіндіру шаралары да жүргізілуде.

Мамандардың мәліметінше, биыл екпе жеткілікті әрі сапасы да жоғары. Жыл сайын жүзеге асырылатын шараның нәтижесінде, тұмауға шалдығатындар саны біраз төмендеген. Екпе жұмыстарымен алдымен балалар үйінің тәрбиеленушілері және жүкті әйелдер қамтылуда.

Соңғы жылдары емхана қызметінде оба, күйдiргi, тырысқақ, конго-қырым қанды безгегі, полиомиелит сынды аса қауiптi жұқпалы дерттер тіркелмеген. Сондай-ақ, қызамық, көкжөтел, дифтерия, эпидемиялық паротит секілді аурулардың көрсеткіші де біршама азайған. Жоғары жетістіктерге жетуде арнайы екпе қабылдаудың маңызы ерекше.

Көп ретте тұрғындар екпе жасатуға бейжайлық танытып жатады. Яғни, олар бұл шараның көмегі аз деп ойлайды. Екпе салдырғандар да жиі тұмауратып жататынын дәлел етеді. Мамандардың айтуынша, екпе ауруды мүлдем болдырмайды емес, ол тек аурудың жеңіл өтуін қамтамасыз етіп, асқынудан сақтайды. Тұмау вирусының алдын алу үшін жыл сайын екпе салдырудың маңызы бар. Себебі, тұмаудың айлакер вирусы маусым сайын өзгеріп отырады. Демек, былтырғы салынған екпе сізді биыл мүлдем қорғай алмауы мүмкін. Сонымен қатар, тұмаудың екпесі әсерін 3-4 ай ғана сақтайды. Дегенмен, жұмыртқа ақуызына аллергияңыз болса, ауру асқынып тұрғанда, температура көтерілгенде, бұған дейінгі тұмауға қарсы шаралар кері әсерін тигізген болса сізге екпе салынбайды. Әрине, мүмкіндігіңіз болып, екпе салдыруды ойға алған жағдайда келесі деректерді білгеніңіз жөн: екпе эпидемия басталғанға дейін салынады, вакцина салдырғанға дейін және салдырғаннан соң антигистаминді дәрі қабылдау керек (аллергия қоздырмау үшін), егу жұмыстарынан кейін адамның қызуы көтеріледі (яғни, ағзамен әсерге түскендігін білдіреді).

Шындығында, екпе – тұмаудан қорғап, жұқпалы инфекцияның алын алудың тиімді тәсілі. Осы орайда, дәрігерлер тұрғындарды тұмау және өткір респираторлық вирустық инфекциялардан қорғау мақсатында егу шарасы кезінде белсенді болуға шақырады.

Демек, екпе егу қазіргі уақытта инфекциялық аурулардың таралуымен күресудің бірден-бір тиімді тәсілі болып табылады. Сондықтан, препаратты қабылдаған кездегі өтпелі реакцияға бола егуден бас тартудың соңы қатерлі ауруға әкеліп соғатындығын әрбір тұрғын ескере жүруі тиіс.

 

Керек кеңес:


Егу нәтижесі аллергияға ұласып кетпес
үшін алдын ала анализ тапсыру керек пе?

Бір миллион адамға жасалған екпенің ішінде тек біреуі аллергиялық реакция береді. Әлемнің көптеген елдерінде вакцинацияға аллергиялық анализдер жасалмайды. Ал балада екпеден кейін аллергия басталса, дәрігер дереу қажетті ем береді.


Бір балада екпеден кейін
бөртпе шыққанын естісеңіз...

Көптеген ата-аналар мен біліктілігі төмен дәрігерлер алдын алу шаралары мен одан кейін пайда болған ауруларды өзара байланыстырып жатады. Жалпы кішкентай сәбиге екпеден басқа медициналық әрекеттер жасалмайтынын ескерер болсақ, бұл теория рас көрінеді. Алайда зерттеулер дәлелдегендей, бұл аурулар екпе жасалмаса да шығатыны белгілі болды.


Сәбилер үшін екпе жасауға
тыйым салынатын жағдайлар

Бұндай жағдайлар тым аз. Мысалы, сәби тұмауратып, қызуы жоғары болса, аталмыш жұмыстарды кейінге шегеруге болады. Себебі екпеден кейін қызу не себепті көтеріліп жатқанын анықтау қиынға соғады: ол ұзаққа созылған тұмаудан ба, әлде екпенің салдары ма. Келесі бір себеп – егер бұған дейін жасалған екпедегі дәрілік құрамға аллергия басталған болса, одан бас тартуға болады. Ал, егер балаңыз антибиотиктер ішіп жүрген болса, немесе инфекциялық аурудан енді жазылған болса, екпе салдыра беруге болады.


Балаға екпе салдырмаса не болады?

Біріншіден, бұл шешім бала өміріне екпе салдырғаннан гөрі әлдеқайда көп қауіп төндіреді. Екіншіден, бұндай жағдайлар бала өліміне әкелген кездер болды. 2017 жылдың бірінші жартыжылдығында Еуропада бірнеше мың адам қызылша ауруына шалдығып, кейбіреуі соның салдарынан көз жұмды. ДДСҰ-ның мәлімдеуінше, науқастардың 96,6 пайызы алдын алу шараларынан өтпеген.


Екпені қаншалықты жиі салдыру керек?

Екпенің негізгі бөлігі 14 жасқа дейінгі балаларға жасалады. Бұдан соң 18 жасқа дейін жылына бір рет тұмауға қарсы алдын алу емін алып тұрса жарайды. Ал егер Азия, Африка секілді экзотикалық елдерге жол жүретін болсаңыз, алдын ала дайындалып, қосымша екпе салдырған абзал.