Айкерім ҰЗАҚОВА: «Ерекше білімді қажет ететін балалар арасында дарындылар көп» Избранное

Среда, 13 Декабрь 2017 05:37 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 656 раз

Шымкент қаласындағы саңырау балалардың №1 мектеп-интернатында 201 бала білім алуда. Мүмкіндігі шектеулі оқушылар интернатқа 2 сыныптан бастап қабылданады. Оқушылардың бойындағы талантын ашуға басымдық беретін білім ошағында бүгінде спорт шеберлері, қолөнерші, суретшілер аз емес. Жақында білім беру мекемесінің тыныс-тіршілігімен және дарынды балалардың жетістіктерімен танысып қайттық.

 DSC9012

Әлемдегі ең үлкен бақыт – адамдардың бір-бірімен тілдесу бақыты. Дүние жүзінде 360 миллиондай естімейтін жан бар, ал Қазақстанда олардың саны 150 мыңға жуықтайды. Өңірімізде осындай мүмкіндігі шектеулі жандардың орта білім алып, кәсіп иесі атануына даңғыл жол ашатын жарты ғасырлық тарихы бар Шымкент қалалық саңырау балалардың №1 мектебі жұмыс істейді. Мектепте есту қабілеті төмен балаларға білім берумен қатар түзету-дамыту жұмыстары, психологиялық-әлеуметтік көмек беру арқылы тұлға болып қалыптасуына, қоғамға бейімделуіне көмектеседі. 

– Жалпы білім беретін мектептерде балалардың толыққанды білім алуына мүмкіндігі мол. Олар білімін дамытуда түрлі олимпиадалар мен үйірмелерге қатысады, ата-аналардың көмегімен мектептен тыс мекемелерге баруына жағдай жасалады. Бізде оқушылардың мүмкіндігі шектеулі әрі қоғаммен байланысы аз болатынын ескере келе баланың бойындағы дарынын ашуды алдымызға міндет етіп қойдық. Осы мақсатта олардың өнері, шығармашылық талантын танытуды, интернаттың базасында қалып қоймауын ескеріп, көркемсурет мектебі, спорт мектептері, «Ақ барыс» спорт клубымен келісім-шартқа тұрдық. Қазіргі күні оқушыларымыз сабақтан тыс уақытында сол мектептердегі үйірмелерге қатысады, – дейді Шымкент қалалық саңырау балалардың №1 мектеп-интернатының директоры Айкерім Ұзақова.

 DSC8965

Мектеп басшысы Айкерім Мұсақұлқызының қолға алған бастамасы жақсы нәтижесін көрсеткен. Қазіргі таңда мектеп базасында мүмкіндігі аз балалар сурет, қолөнер, шахмат, тенниспен айналысады. Бұдан бөлек грек-рим күресі, еркін күрес, шағын футбол, жүзуге барады. Осы үйірмелерге қатысып, талмай жаттыққан балалар халықаралық деңгейдегі жарыстарға қатысып, жеңімпаз атанған. Мысалы, 10 сынып оқушысы Оразбай Бақдәулет еркін күрестен спорт шебері атанса, Дінмұхамед Аманылла, Азамат Нұржанұлының салған суреттері мен жасаған қолөнер бұйымдары көрмеге қойылып, лайықты бағасын алған. Саңырау балалар мектебінде ән-биге бейім өнерпаздар республикалық деңгейдегі жарыстардың бәйгесін берген емес. Ым-ишара арқылы ән айтудан дәстүрлі «Жұлдызай» фестивалінде биыл «Бәйтерек» тобы «Атамекен» әнімен І орынға ие болған.

 DSC8971

Министр Дүйсеновадан алғыс алған

– Мектеп-интернатта білім алып жатқан оқушылар арасында белсенді, спортқа жақын, он саусағынан өнері тамған шебер жасөспірімдер баршылық. Олар қоғаммен көбірек араласып, бойындағы ерекше қасиеттерін паш еткісі келеді. Біздің де діттеген мақсатымыз осы болатын, – деді мекеме басшысы.

Жуырда Қазақстан Республикасының еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Астана қаласында өткен әлеуметтік қызметкерлер форумында ән айтқан аталған мектептің 7 оқушысына өз қолымен алғыс хат табыстады. Министр Ерсұлтан Ұлық, Азамат Исабек, Жағаппар Мамут, Салтанат Оразбек, Шаһзат Құлтай, Сұлтанбейбарыс Сансызбай, Бану Әсілханның талантына тәнті болып, өзгелерге үлгі болуға тілектестік білдіріпті. 

 DSC8904

Айкерім Мұсалықызы мектептегі белсенді оқушылар жыл сайын «Балдәурен» сауықтыру орталығында демалып қайтатынын атап өтті.
– Биыл «Оңтүстік цирк», орыс драма театры әртістерінің өнерін тамашалауға, «Мега», «Шымкент плаза» ойын-сауық орталықтарының басшылары балаларымыздың демалуына жағдай жасап, демеушілік көрсетті. Оларға алғыс білдіреміз, – дейді мектеп директоры.

 

Өнерлінің өрісі кең

Аманылла Дінмұхамед - мектеп-интернаттың 10 сынып оқушысы. Сурет салады және бала кезінен ұлттық қолөнер бұйымдарын жасауға ынтасы болған. Еңбек пәнінің мұғалімі Сабыржан Әріпбаев баланың қасиетін ұштауға тырысады. Сондықтан көркемсурет мектебіндегі үйірмеге жазады. Бүгінде ұстаздардан тәлім алған шәкірттің қолынан шыққан бұйымдар облыс деңгейіндегі көрмелерге қойылған. Сондай көрменің бірінде Дінмұхамед ағаштан ойып жасаған қазақтың қара домбыра композициясын облыс әкімі Жансейіт Түймебаевқа тарту еткен.

 DSC8981

– Бойымдағы суретшілік өнер әкемнен дарыды. Ал оны дамытуға көмектескен мектеп-интернаттағы, көркемсурет мектебіндегі ұстаздарыма рахмет айтқым келеді. Болашағымды оқып-үйренген өнер саласымен байланыстырғым келеді, – дейді талантты жас.

 

Мамандық алуда қиындық бар...

Шымкентте құлағы естімейтін балаларға орта білім беретін екі ғана мекеме бар. Оның бірі – саңырау балаларға арналған №1 мектеп-интернат. Мүмкіндігі шектеулі балалар мұнда 10 сыныпқа дейін оқиды. Айкерім Мұсақұлқызы осы тұста олардың ары қарай кәсіптік немесе жоғары білім алуға мүмкіндігі бола бермейтінін айтады. Тек Шымкентте мемлекеттік грант есебінен №4, №5 колледжде ұлдар үшін – бағдарламашы, қыздар үшін – дизайнер мамандығымен білімін жалғастырады. Өзге жоғару оқу орындарында, колледждерде сурдо аудармашы маманның жоғынан кәсіп үйрене алмайды. 

 DSC8928

– Ата-аналар мүмкіндігі шектеулі балаларының мектепті тәмамдаған соң дәл қазіргі қоғамға қажетті кәсіпке баулитын мамандықта оқығанын қалайды. Әзірге, жаңа айтып кеткенімдей, бағдарламашы мен дизайнерлерді ғана дайындайды. Кондитерлік салада, шаштараз, тігінші, машығына қарай қолөнермен айналысуда мемлекеттен гранттар бөлініп, мамандар дайындап, саңырау балаларды кәсіпке баулыса деген ұсыныс бар. Қоғамнан сырт қалмай, меңгерген кәсібін кәдеге жаратса дұрыс болар еді деп сұранып келетін ата-аналар көп, – дейді мектеп басшысы. 

Тарихқа үңілсек, құлағы естімейтін жандар арасынан әлемдік деңгейде танымал тұлғалардың шыққанын білеміз. Айталық, испандық суретші Гойя, әйгілі Циолковский және құлағы естімеудің азабын тартса да ұлы сазгер Бетховен 5 симфония жазған екен. Расында, мүмкіндігі шектеулі жандардың кәсіпті игеруіне жағдай жасалса, олардың арасында Қазақстаннан да әлемдік деңгейдегі таланттылардың шықпасына кім кепіл?

 

Дайындаған
Айгүл КЕРІМБАЙҚЫЗЫ

Последнее изменение Среда, 13 Декабрь 2017 06:08
Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі.