Ұрпағымыз ұлағатты болсын десек...

Пятница, 22 Декабрь 2017 06:23 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 1292 раз

жаңғыру жауапкершілікпен үндесуі тиіс

Баланы қалай жан-жақты дамытуға болады? Таңдау жасауда өздігінен шешім қабылдай ала ма? Оларды рухани байытып, адамгершілік қасиеттерін арттыру бағытында және ортақ тіл табысуға, мәдени қарым-қатынас жасауға қалай тәрбиелейміз? Осы орайда балалар мен жасөспірімдер тәрбиесіне ата-аналардың белсенділігін арттыру мақсатында Шымкентте Ата-аналар форумы ұйымдастырылды.


IMG 6891

№72 орта мектепте өткен «Ұлттық сана-сезімнің көкжиегі отбасында» атты форумды «Нұр Отан» партиясы ОҚО филиалы төрағасының бірінші орынбасары, облыстық мәслихаттың депутаты Нұрмахан Жолдасов ашып берді. 

– Ұрпақ тәрбиесі – қашанда өзекті. Бала өсіріп отырған ата-ана ең әуелі оның тәрбиесіне көңіл бөлуі керек. Қазіргі жаңа талаптарды игеріп, білім көкжиегіне шығу – тұрақты түрде еңбек етуді қажет етеді. Өкінішке қарай, ұл-қызынан тойды, сән-салтанатын көбірек ойлайтын аналар көбейді. Ал балаға келгенде «уақыт жоқ» дейді. Біз руханиятымызды байытып, жаңарғымыз, жаңғырғымыз келсе, осыдан бастағанымыз абзал, – деді халық қалаулысы.

№72 мектеп директорының міндетін атқарушы А. Үсенбаева жиынның мақсатын түсіндіріп өтті.

IMG 6889

– Біздің міндет – ата-аналар қоғамын мектеп өміріне белсенді араласуға тарту. Оқушылардың мүддесін қорғап, оң нәтижелі отбасы тәжірибесін насихаттау. Отбасы тәрбиесіне қоғамдық қолдау көрсету және осы жұмыстардың нәтижесінде саналы, білімді, мәдениетті ұрпақ тәрбиелеуді көздейміз, – деді ол.

Форумда Қаратау ауданының әкімі Ғабит Мәуленқұлов, қалалық ардагерлер кеңесі, әжелер алқасының төрайымы Шарапат Құрманбекова бастаған әжелер алқасының мүшелері, ата-аналар кеңесі және мектеп ұжымы тақырып аясында ой қозғап, пікірлерін ортаға салды.

– Жасыратыны жоқ, бүгінгі таңда мектеп жасындағы балалардың қатысуымен түрлі құқықбұзушылықтар тіркелуде. Балаларымыз үйде отыр дегенмен дәл осы тәрбие мәселесіне келгенде біз дұрыс жұмыс жасап жүрміз бе? Бәлкім, қазіргі әдістеріміз ІТ технологияны меңгеріп, ғаламтор арқылы санасы әлдеқайда дамыған балаларға жеткіліксіз немесе қызықсыз болар? Меніңше, осы тұрғыда көбірек ойланып, бүгінгідей жиындарды тіпті, сол балалардың өзінің қатысуымен, олардың да пікірін тыңдап, тәрбие жұмыстарын дамытып, жетілдіріп отырған дұрыс, – деген ұсынысын айтты Ғабит Патшаханұлы.

IMG 6915

Мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлбақыт Тайжанқызы ана тілін, ата тарихын, ұлттық салт-дәстүрін білмейтін жастар, тастанды жетім балалар, «қиын» балалар, қарттар үйлеріндегі әжелер мен аталар, нашақорлыққа салынған жастар, тағы басқа мәселелерді шешудің негізгі жолы бар дейді. Оның айтуынша, ұлттық тәрбие алған ұрпақ дені сау, білімді, ақылды, Отанын сүйетін патриот, ұлттық рухы биік парасатты азамат, жоғары адамгершілік иесі, еңбекқор болып өседі.

Ата-аналар мен құқық қорғау органдары қызметкерлері арасында балалар мен жасөспірімдердің тәрбиесі шетелдік тәжірибелер мен ҚР Заңнамалары аясында кеңінен талқыланды. 

№72 мектептің ата-аналар кеңесінің төрағасы, Аймақтық әлеуметтік-инновациялық университеті құқықтану кафедрасының меңгерушісі Нұрлан Бижан құқықбұзушылыққа тап болған әр баламен жеке жұмыс істеу қажет деген пікірде.

– Өйткені, олардың әрбірінің отбасындағы жағдай әртүрлі. Олардың қоғамнан оқшауланып кетуіне әрқилы жағдайлар себепші болады. Бұл бағытта тәжірибелі психологтардың қызметі зор. Құқық бұзған оқушылардың ата-аналары себепті мектептен, оқу орындарынан іздеп, кінәні қоғамға аударғысы келеді. Бірақ, баланы тәртіпке шақырушылардан емес, құқық бұзудан қорғау керек. Баладан бұрын, қателікті түзету ата-анаға жүктелуі тиіс. Мысалы, Францияда 13, Нидерланды мен Португалияда 12, ал Жаңа Зеландияда 10, Ирландияда 7 жастан бастап жаза тағайындалып, қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Бізде мұндай тәртіп тек 14 жасқа толғандарға қолданылады. Ал 14 жасқа толғанға дейін кейбір қараусыз балалар мен жасөспірімдер түрлі заңсыздық әрекеттерге бой алдырып үлгереді. Сол арқылы қоғамдық көрсеткіштер мен жалпықоғамдық тәрбиенің ілгерілеуіне кері әсерін тигізуде. Бәлкім, осы тұрғыдағы талаптарды да күшейту кәмелетке толмағандар арасындағы келеңсіз жайлардың алдын алуға көмектесер – дейді Н. Бижан.

IMG 6929

Бірқатар ата-ана сөз арасында №72 орта мектеп ұжымына алғысын айтса, тағы біразы аудан әкімі Ғабит Мәуленқұловқа мектеп маңындағы инфрақұрылым жүйесіне қатысты өтінішін жеткізді. Ал әжелер алқасының төрайымы Шарапат Құрманбекова салт-дәстүрден сыр шертіп, қыз балалардың тәрбиесі мен киімі жайлы өнегелі әңгімесін айтып, сөзін салмақты жыр шумағымен түйіндеді.

– Ұлға үлгі бола алмасаң,
Ата болып нең бар еді?
Қызға үлгі бола алмасаң,
Ана болып нең бар еді?
Ата-анаңды жер қаратсаң,
Ұл-қыз болып нең бар еді?
Сөз бен ісің сай болмаса,
Жұлдыз болып нең бар еді?

Ақ жаулықты әжейдің бұл сұрағы қоғамның барлық өкіліне ой салды.

Форумды Қаратау ауданының әкімі Ғабит Патшаханұлы қорытындылады.

– Оқушылардың дербес дамуы, өзін-өзі табысты көрсетуі барысында сіз бен біз белсенді түрде көмектесейік. Жаңалық ойлап табуына мүмкіндік туғызайық. Тәжірибе алмасу, ой бөлісу үшін әр саланың үздіктерімен кездесу ұйымдастырайық. Қыз балалар ақ жаулықты әжелермен сырлассын. Озық технологияны пайдалану мүмкіндіктерімен танысуға жағдай жасайық. Егер біз балалардың қызығушылығын қамтамасыз етсек, олар басқа дүниеге көңіл бөлмейді, – деді ол.

Последнее изменение Пятница, 22 Декабрь 2017 09:52
Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.