Ит жылында игі істермен озыңыз... Избранное

Пятница, 29 Декабрь 2017 06:21 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 4988 раз

«Итің жаман» десе намыстанатын, «тепсең ырысың кетеді» деп киесіне сенетін Ит жылы кіріп келеді. Халқымыз итті жеті қазынаның біріне балап, адалдық символы ретінде қабылдайды. Жануарлардың арасында ит секілді иесіне адал, сенімді дос жоқ екендігін растайтын аңыз-әңгімелер өте көп. Жылнаманың соңынан орын алған, табалдырықтан аттағалы тұрған жануардың киесі және жылдың тарихи ерекшеліктерін талқылап көрсек.

МАРКО ПОЛОНЫ ТАҢҒАЛДЫРЫП, ҒАРЫШҚА ҰШҚАН

Жер бетінде тіршілік етіп жатқан жануарлардың арасында адамзатқа ең жақыны әрі қолға үйреткен ең алғашқысы – ит. Аңызға сенсек, Адам ата мен Хауа ана өмір сүргенде топан су басқанда адамзатқа ерген де осы жануар. Бір уыс масақты судан тістеп алып шығып, келер көктемде Адам ата мен Хауа ана жерге егіп, тіршіліктерін жалғастырыпты. Міне, содан осы ақылды жануар адамның айнымас досына айналған.

Осы тұста әлемге танымал Ричерд Гир ойнайтын «Хатико» киносын көргенде жаны елжіреп, көзіне жас алмағандар жоқ шығар. Фильм стансада 9 жыл бойы иесін күткен иттің адалдығын дәріптейді. 

Ал көшпенді өмір сүрген қазақ халқында төрт аяқты ит тұқымы айбатты, иесіне адал айнымас серігі ғана емес, бүкіл мал-жанының қорғаны және бір ауылдың асыраушысы саналған. Мәселен, Марко Поло ХІІІ ғасырдағы қазақтар туралы жазбаларында ойға сыймайтын алып денелі, ерекше күшті иттерді көріп: «Тайыншадай биік денелі иттер – тағы аңдарды аулауда, күзетте және ауыр жұмыстарда тамаша серік» деген. 

Киелі жануар адалдығы, сезімталдығы және төзімділігімен ерекшеленеді десек, кейде адамның да қолынан келмес ерліктері үшін құрметке бөленіп, олар үшін ескерткіш орнатылған, аттары аңызға айналып, тарихта сақталып қалған. Айтпақшы, Лайка, Белка және Стрелка атты иттер ғарышқа қазақ жерінен ұшып, жерге аман-есен оралған. Олардың құрметіне Ресейде ескерткіш орнатылған.

 


ЖАҢА ЖЫЛДА ЕСКЕРІҢІЗ

Жылдың түсі: сары, алтын түстес, қызыл сары мен күл түстер сәнге енеді.

Шырша: Жасыл шыршаны сәндегенде ойыншықтардың сары, қызыл, алтын түстес, қызыл сары түстен болғаны дұрыс. Ерекшелік беруде жыл иесі ұнататын кептірілген шөп, ағаш бұтақшаларымен әрлеуге болады.

Дастархан: ит етті жақсы көретіндіктен буға піскен, қуырылған етті молынан қойып, қолдан тоқаш пісірген жақсы.


 

МЕШІН МЕН ТАУЫҚТЫҢ АУЫРЛЫҒЫН ИТ ЖЕҢІЛДЕТЕДІ

Қазақтың жыл санауында 12 жануардың арасындағы жайлысы – Ит жылы. Деректерге қарасақ, жылдар тарихының әрқайсысында ауыр, қайғылы, жұт пен ашарлылық секілді жағдайлармен есте қалған. Халқымыз жыл қайырудағы мешін, тауық жылдарында орын алатын қауіп-қатер, жоқшылық, апаттарды ит жылы жеңілдетіп, жақсылықтар алып келетіндігін тарихтан байқауға болады.

Мәселен, 1920-1921 (мешін, тауық жылдары), 1932-1933 (мешін, тауық жылдары) жылдар арлығындағы дүрбелең, Азамат соғысы, елдегі құрғақшылық, аштықтан елімізде 20 миллиондай қазақ қырылып, 1934 жылы тыйылған. 1941-1945 жылдар аралығындағы (бұл соғыста 600 мыңнан аса қазақстандық ұрыс даласында шейіт болған) Ұлы Отан соғысы аяқталып, 1946 жылы ел тыныштықта өмір сүре бастаған. 

Тағы да мешін мен тауық жылына тура келетін 1968-1969 жылдары қыс қатты болып, су тасқыны секілді апаттар тіркелген. Ел ахуалы 1970 қайта түзелген. Бұдан кейінгі 1982, 1994, 2006 жылдарда Қазақстанда жайлы жылдар болған.

 

ИТ ЖЫЛЫ ТУҒАНДАР...

Бұл жұлдыз белгідегілер тынымсыз еңбек етіп, әрдайым қырағы жүреді және әділетсіздікке жаны қас әрі көмек сұрағандарға соңғы тиынын беруге дайын қасиетімен дараланады. Қаншалықты тік мінезді саналғанымен айналасындағылардың пікірімен санасып, соңғы кесім болған жағдайда турасын айтатын бірден-бір жұлдызбелгідегі жандар. 

Бірақ кейде талас-тартыс, дау-дамайға тезде араласып кеткенін өзі де білмей қалады. Алайда, ешкімге зияны жоқ. Дегенмен, жылы шырайлы, қастығы жоқ, достыққа берік қасиеті басым ит жылында туғандармен бірге өмір сүру қиындау. Көңіл күйі әп-сәтте өзгереді, талабы күшті болғанына қарамастан досқа адалдығы шексіз. Ақшаға қызықпайтындықтан қаржы жинақтауға бейім адамдардың қатарынан емес. Олардың бір кемшілігі еріншектеу. 

Бұл жылда елімізде өнер, әдебиет, спорт пен билікте бағы жанған тұлғалар дүниеге келген. Олардың қатарында Ұлы Отан соғысында ерлік көрсетіп, Кеңес Одағы Батыры атағын алған батырларымыз – Мәншүк Мәметова, Хиуаз Доспанова, Талғат Бигелдинов, тұңғыш ғарышкеріміз – Тоқтар Әубәкіров, әдебиет саласында – Әзілхан Нұршайықов, Сырбай Мәуленов, Оспанхан Әубәкіров, Сафуан Шаймерденов бар. Күміс көмей әншілер Роза Бағланова мен Нұржамал Үсенбаева ит жылында дүние есігін ашқан. Былғары қолғап шебері, қазақтың атын әлемге танытқан Генадий Головкин мен талантты әнші Димаш Құдайберген де осы жылда туғандар. 

Әлемдік тұлғалар арасында пәлсапашы – Сократ, ғарышкер – Юрий Гагарин, сұлулық символы саналатын актриса – Софи Лорен, әнші – Майкл Джексон, саяси тұлға – Уинстон Черчилль, танымал актер – Сильвестр Сталоне бар. 

Жаңа жыл кәсіпкерлікпен айналысатын және шығырамашылықтағы адамдардың оңынан туатын жыл болмақ. Сонымен бірге медицина, экономика, ауыл шаруашылығы салаларында ілгерілеу байқалады. Жұлдызшылар осы салада еңбек ететіндердің өмірінде жақсылықтар орын алады деп жорамалдайды. Араздықта жүргендер достыққа бір қадам жасаса жеке өмірге береке алып келеді. Қорда тұрған қаражатты қайырымды іске жұмсаса, өзіне еселеніп қайтатындығын да ұмытпаған жөн. Жаңа жыл түніндегі тілектер арасынан бала сүю, білім алу, баспанаға қол жеткізем дегендердің жоспары орындалады деген болжам да айтылады.

 

Қазыналы жыл болмақ

Ит – жеті қазынаның бірі деп текке айтылмаған. Құмай тазы, төбет секілді түрлері иттің сырттаны атанған. Жануардың бұл тұқымдарын сақтап қалуға тырысып жатқан жандар санаулы ғана. Иә, ит жылынан жақсы үміт күтетін халықтың ұрпағымыз. Өйткені, халқымызда ит жайында жақсы ұғымдар, наным-сенімдер көп. Сырттан келгендер «Жақсы ит – иесінің жақсы мінез-құлқы» не болмаса «Итің арық болса – ауылдың намысы» дей отырып егесінің жақсы-жаман қасиеттерін байқауға тырысқан. Төрт аяқты жануарды үйдің ырысы деп зәбір көрсетуге ешқашан жол бермеген. «Мысықта үйге қонақ келмесе, бар назар менде болса деген мысықтілеулес ой болса, ит жануары – шаңыраққа қонақ келсе, отбасында бала көп болса – тамағым тоқ болады деген тілеумен жүреді» деген аңыз әңгімелер де бар. Бұдан бөлек, «ит басына іркіт төгілген заман» деген тіркес қалыптасқан. Бұл жылдарда елде молшылық болған екен. 

Жаңа жылда елімізге ырыс-ынтымақ, бақ-береке келсін!

 

Последнее изменение Пятница, 29 Декабрь 2017 10:05
Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі. 

Другие материалы в этой категории: « Құрмет көрсетті Олар мерекеде қызмет етеді »