Версия для печати

Олар мерекеде қызмет етеді Избранное

Пятница, 29 Декабрь 2017 06:32 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 3880 раз
Оцените материал
(0 голосов)

shymkala-103-1

Жыл соңы таяған сайын бұл мерекені асыға күтетіндер көп екені жасырын емес. Кейбіреулер еңбек демалысын қаңтар айына жоспарлап, демалысқа аттанып жатады. Ал ондай демалыстың сәті түспегендер желтоқсанның соңы мен қаңтардың басында болатын 3-4 күн демалыста барынша тынығуға тырысады. Жаңа жылды тың көңіл, сергек сезіммен қарсы алу үшін мерекелік демалыстың маңызы зор.

Ал енді елестетіңізші, осындай мәре-сәре демалыста жұмыс істейтіндар бар. Иә, олар біз тыныққанда қызмет көрсетеді, көпшіліктің демалысы сәтті өтуі үшін тер төгеді. Ендеше, бұл жолы сондай азаматтардың бірқатарына сөз тізгінін берсек...

 

«Біз хабарламасақ пойызға мінбейтін жолаушылар бар»

shymkala-103-7

...Күндіз-түні жолаушыларға хабарлап, бағыт-бағдар беріп отыратын дикторды іздеп, Шымкент теміржол вокзалына келдік. Халық ығы-жығы. Жолаушылардың арасында тұрып, перрондағы таныс дауысты тағы бір тыңдап алдық. Содан кейін вокзал ғимаратының екінші қабатына көтерілдік. Бір шетте «Дикторлар бөлмесі» деген жазуы бар кабинет тұр. Қаптаған кассаның арасынан ерекшеленбейді. Есікті қағып, ішке ендік. Орта жастағы апай келе жатқан пойыздың бағыты мен нөмірі жазылған парақты оқып, дайындалып отыр.

– Біздің жұмысымыз сырт көзге ерекшеленбегенімен, жолаушылар үшін аса маңызды, – дейді Света Таликенбайқызы. – Тіпті, кейде біз хабарламағанша перронда тоқтап тұрған пойызға отырмайтын жолаушылар бар. Сапарға жиі шығатын азаматтар өзінің пойызын танып, жапа-тармағай вагонға мініп жатқанда диктордың дауысын күтетін жолаушылар да кездеседі. Әрине, тек олар үшін ғана емес, жылдар бойы жаттанды болып қалған мәліметтерді біз үнемі дәл алғашқы ақпарат секілді оқуға тиіспіз.

Қателесуге болмайды. Пойыздың атауын, бағытын нақты айтып, вагонға отырудың басталған уақытын хабарлаймыз. Күндіз-түн, мереке немесе демалыс деген ұғым жоқ. 12 сағаттық ауысыммен жұмыс істейміз.
Қазақстан теміржолы Шымкент станциясында жұмыс істеп келе жатқаныма биыл 20 жыл болды. Өз кәсібімді сүйемін. Халыққа қызмет көрсетуге әрқашан дайынбыз. Күнделікті ағылған жолаушыларға бағыт-бағдар сілтеп, сапарға шығарып салудың да өз қызығы бар. Ендеше, барша отандастарымызды келе жатқан мерекелерімен құттықтап, демалыстарыңыз сәтті өтсін деп тілеймін!

 

«Мереке күндері жұмысымыз көбеймесе, азаймайды»
shymkala-103-5

 

Әдеттегіден ұзағырақ созылатын демалыс күндері, өкінішке қарай, келеңсіз жағдайлар болып тұратыны жасырын емес. Оның көбісі дене жарақатына байланысты. Әсіресе, алкогольді ішімдік ішу мен отшашуды дұрыс пайдаланбау соңы өкінішке ұрындырып жатады. Осындайда іздейтініміз – дәрігерлер. Бұл мамандар тәуліктің кез келген сәтінде көмек қолын созуға дайын. Солардың бір тобы Шымкент қалалық жедел медициналық қызмет көрсету ауруханасының қабылдау бөлімінде отырады. Қарапайым жұмыс күндердің өзінде мұндағы дәрігерлерде дамыл жоқ. Ал мереке күндері жұмыс тіпті қауырт бола түседі дейді қабылдау бөлімінің меңгерушісі Сәбит Байбосынов.

– Биыл ауруханамыздың жаңа ғимараты пайдалануға беріліп, біздің бөлім осында ауысты. Мұнда дәрігерлердің сапалы жұмысына бар жағдай жасалған. Бетін аулақ қылсын, жарақаттанған азаматтар мен науқастарды кез келген көлемде қабылдауға дайынбыз. Түрлі дерттерден бөлек жол апаты, техногенді апат, әуе апаты секілді оқыс оқиғалар кезінде жұмыс істеуге әзірміз.

Кейде адамның өзі де кінәлі болып жатады. Неге дейсіз бе? Мереке күндері ішімдік ішіп алып, тайып құлайды. Бір-бірімен төбелесіп, жарақаттанып жатады. Ал пиротехникалық заттарды пайдаланудың кесірінен зақымданатындары қаншама. Мереке күндері күшейтілген тәртіпте кезекшілікте боламыз дегенім содан. Бұл күндері бізге жеткізілетін науқастар саны басқа күндерге қарағанда арта түседі. Дегенмен, біз оларды қабылдап, ем-дом жасауға дайынбыз. Сол үшін күн-түн, демалыс деген жоқ. Мереке күндері де бізге кәдімгі жұмыс уақыты. Жаңа жыл түні де қарбалас жұмыс бір сәт тоқтамайды. Осы орайда мен жерлестерімізді мерелерімен құттықтап, денсаулықтарыңыз мықты болсын деп тілеймін!

 

«Әр адамның жан-дүниесінен орын аламыз»

Жақсы демалыс дегенді бір сөзбен айта аласыз ба? Оңай болмаса керек. Жақсы тынығу ұғымының сипаты көп. Арасында дәмді тамақтану, яғни ас мәзірі де бар. Ал осы аспаздық өнерді мықтап меңгерген мамандық иелері бізге әр сәт қызмет көрсетуге әзір. «Адам туған сәтінен бастап о дүниеге аттанғанша тамақтанады» дейді сұхбаттасушы кейіпкеріміз – бренд-шеф Владимир Копылов.

shymkala-103-6

– Тамақтану – адам өмірі үшін аса маңызды. Ал дәмді тамақтанудың ләззаты тіпті ерекше. Менің аспаздықта жүргеніме биыл 19 жылдан асып барады. Адамдарды дәмді аспен қуанту – менің сүйікті ісім. Тағам әзірлеуге бала кезімнен құмар болдым. Жалпы, біздің жұмысымыз әдеттегі кестеге сәйкес келе бермейді. Мысалы, адамдар жұмыс аптасынан кейін жақсылап демалыс өткізгісі келеді. Немесе мейрамханаларға барып, көңіл-көтеруге болады. Ал ондай демалыстың дәмді тағамсыз өтпейтіні бесенеден белгілі. Сондай сәтте біз көмекке келеміз. Біз адамдарға дәмді тамақтану ләззатын сыйлаймыз. Ал мереке күндері келушілер көбейе түседі. Міне, қазір де жаңа жылдық кештер басталып кетті. Оған өзгеше ас мәзірін әзірлеп, мұқият дайындалуымыз керек. Жауапкершілік жоғары. Себебі біз дәмді тағаммен адамның ішкі дүниесіне жақындай түсеміз. Ендеше, дастарханға қош келдіңіз дегім келеді!

Последнее изменение Суббота, 30 Декабрь 2017 12:18
Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.