2018 жыл: Зейнетақы жүйесінде қандай өзгерістер бар? Избранное

Пятница, 29 Декабрь 2017 06:54 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 6684 раз

Ресми деректерге сүйенсек, елімізде базалық зейнетақы зейнет жасындағы 2 млн 139 мың, ынтымақты зейнетақы – 2 млн 127 мың жанға тағайындалған. Ендеше, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап енетін зейнетақыдағы өзгерістерге елеңдейтіндер көп. Жаңа жылдан бастап зейнетақы жүйесіндегі жүзеге асатын жаңалықтарды, жәрдемақыларды «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының ОҚО бойынша филиалы – «Әлеуметтік төлемдерді ведомствоаралық есептеу орталығы» департаментінің директоры Бахыт Мүсірәліұлы тарқатып айтып береді.

 

Зейнеткерлік өтілге не кіреді?

Осы уақытқа дейін ерлер 63, әйелдер 58 жасында зейнеткерлікке шықса, 2027 жылға қарай әйелдер мен ерлердің зейнетке шығу жасы теңеледі. 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап зейнетақы жүйесін, қатысу өтіліне қарай тағайындалатын базалық зейнетақы төлемдерін тағайындауда өзгерістер енгізіледі. 

Осыған дейін барлық адамға базалық зейнетақы тағайындауда қандай еңбек өтілі болса да мөлшері бірдей болды. Енді 1998 жылдың қаңтарына дейінгі де, кейінгі де еңбек өтілі есепке алынады. Зейнеткерлік өтілге ынтымақты жүйесінде жинақталған, 1998 жылғы 1 қаңтарға еңбек өтілі; міндетті зейнетақы жарналары төленген аралықты қарастыратын жинақтау өтілі; бала үш жасқа толғанға дейінгі, 16 жасқа дейінгі бала кезінен мүгедек баланың күтімі; әскери қызметкермен, арнайы мемлекеттік органдардың қызметкерімен, дипломатиялық жұмыскерлермен және т.б. бірге тұрған уақыты кіреді.

Бұл өзгерістер 2018 жылғы 1 шілдеден бастап базалық зейнетақысы қайта есептелетін зейнеткерліктегі және жаңадан зейнеткерлікке шығатын адамдарға қолданылады.

 

Есептеу әдістемесі

Егер азамат 10 жыл ғана жұмыс істеп, БЗЖҚ-ға аударымдар жасаған болса немесе мүлдем жұмыс істемеген болса, оған базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54%-ы мөлшерінде тағайындалады. 10 жылдан астам жұмыспен өтелген әр жыл үшін базалық зейнетақы 2%-ға арттырылады. Мысалы, 20 жыл қатысу өтілінде базалық зейнетақының мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 74%-ын, 30 жылда - 94%-на жетеді. Еңбек өтілі 33 және одан да көп жылды құраса, базалық зейнетақының мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 100%-ын құрайды. Азаматтар (азаматша) неғұрлым көп жұмыс істеген сайын оның жинақтаушы және бюджеттік қаражат есебінен төленетін базалық зейнетақысы да көбірек болады. Мысалы, еңбек өтілі 35 жыл болса, 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі ынтымақты зейнетақы жүйесінде еңбек өтілінің 20 жылы ғана есептелетін еді. Қалған 15 жылға зейнетақы жинақтау қорына аударылған зейнетақы жарнасы қосылатын. Енді 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап 35 жылдық еңбек өтілі толықтай саналады.

 

Декреттік демалыста болған уақыт еңбек өтіліне есептеледі

2014 жылғы қаңтардан бері жұмыс істейтін әйелдерге бір жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты зейнетақы жарнасы аударылып тұрады. Яғни, міндетті жарнаның мөлшері - 10 пайыз. Оның 6 пайызын мемлекеттік сақтандыру қоры аударса, ал 4 пайызы республикалық бюджеттен субсидияланады.

2018 жылы да дәл осылай жалғасады және декреттік демалыста болған 3 жыл еңбек өтіліне есептеледі. Жоғары оқу орнын оқып жүрген және әскерде болған кезеңдер де міндетті түрде еңбек өтілі ретінде саналатын болды.

 

Зейнеткерлікке ерте шығуға болады

Қазақстанда зейнеткерлік жастың жоғарылауы қазіргі кезде зейнеткерлікке ерте шығуға жеңілдігі бар әйелдерге қатысы болмайды. Бұл бес және одан көп бала туған (асырап алған) және оларды сегіз жасқа дейін тәрбиелеген әйелдер 53 жасқа толғанда жасы бойынша зейнетақы төлемдеріне құқығы болады. Сонымен қатар, 1949 жылғы 29 тамыз бен 1963 жылғы 5 шілде аралығы кезеңінде төтенше және барынша көп радиациялық қаупі бар аймақтарда кем дегенде 5 жыл уақыт тұрған әйелдердің 45 жасқа толғанда жасы бойынша зейнетақы төлемдерінің тағайындалуына құқықтары бар.

Сонымен бірге зейнетақы жинақтары жеткілікті жандар шарт жасау арқылы ерлер – 55, әйелдер 50-55 жасында зейнет демалысына ерте шыға алады. Ол үшін әйелдердің зейнетақы қорында – 12 млн, ерлерде – 9 млн теңге жинақталуы тиіс.

 

Өтініш беру мерзімі

Егер әйел азамат зейнеткерлік жасқа (58 жас) 2017 жылғы 10 қарашада толып, уақытында, яғни, 2017 жылғы 31 желтоқсанға дейін жасы бойынша зейнетақы төлемін тағайындауға өтініш бермей, тек 2018 жылғы қаңтар айында келсе, онда «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңның 11-бабының 1-тармағына сәйкес, өтінішімен және құжаттар топтамасымен жасы бойынша зейнетақы төлемін тағайындауға 58,6 жасқа толғанда ғана өтініш бере алады. 

Зейнетақысы және жәрдемақы жөнінде өзекті сұрақтар туындап жатса, жергілікті «Әлеуметтік төлемдерді ведомствоаралық есептеу орталығы» немесе «Халыққа қызмет көрсету орталығы» бөлімшелеріне жүгініп, мамандардан кеңес алуларына болады.

 

Зейнеткерлік жасты кезең-кезеңімен көтеру кестесі

2018 жылы зейнет жасы: 63 жас - ер адамдар үшін, 58 жас және 6 ай - әйел адамдар үшін.

Базалық зейнетақы – еңбек өтілі мен табысы болмаған зейнет жасындағыларға беріледі.

Ынтымақты зейнетақы – 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін әйелдерде 20, ер адамдарда 25 жыл еңбек өтілі болғанда республикалық бюджеттен бөлінетін қаржы. Мұны зейнет жасына жеткенше жинақтаушы зейнетақы қорына 10%-дан құйып отырады.

 

Ең төменгі зейнетақы мөлшері

2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап, тағайындалған зейнетақы төлемдерін, соның ішінде әскери қызметте болған қызметкерлерінің зейнетақы төлемдерін 8% көлемінде арттыру жоспарлануда.

2018 жылдың 1 қаңтарынан айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 2 405 теңгеге тең, ең төменгі зейнетақы мөлшері 33 745 теңге, ал мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі 15 274 теңгеге дейін жоғарылайды.

Сондай-ақ, жаңа тағайындалған зейнетақы мөлшерлерін есептеу үшін есепке алынатын ең жоғарғы табыс 110 630 теңгені көрсетсе (46 айлық есептік көрсеткіш х 2 405 теңге), ең жоғарғы жаңадан тағайындалған зейнетақы мөлшері 82 973 теңге болады (46 АЕК - 75%) 

Мүгедектiгi бойынша, асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша және жасына байланысты берiлетiн мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақылар, сонымен қатар әлеуметтік медициналық және түзету мекемелерінде тұратын азаматтар үшін берілетін төлемдер мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің өзгеруіне байланысты өсіріледі. Яғни, ең төменгі күнкөріс деңгейі – 28 284 теңге.

Еңбек жағдайлары ерекше зиян және ерекше ауыр жұмыстарда істеген адамдар үшін берілетін мемлекеттік арнайы жәрдемақының, бала туғанда берілетін біржолғы және бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты берілетін мемлекеттік жәрдемақы мөлшерлері, арнайы мемлекеттік жәрдемақылар тағайындалуы мен артылу мөлшері 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап айлық есептік көрсеткіштің мөлшеріне, яғни 2 405 теңгеге көбейеді. Мәселен, №1 тізім бойынша арнайы жәрдемақы мөлшері – 22 655 теңге, ал №2 тізім бойынша – 20 154 теңге.

Ата-аналарға, қорғаншылар немесе қамқоршыларға берілетін немесе мүгедек баланы тәрбиелеушіге берілетін жәрдемақылардың тағайындалуы мен арттырылуы 1,05 ең төменгі жалақы мөлшерінен алынып (ең төменгі жалақы мөлшері 28 284 теңге), 29 698 теңге жетеді.

 

Бала күтіміне берілетін жәрдемақы

Бала туғанда берілетін біржолғы мемлекеттік жәрдемақы мен бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты берілетін мемлекеттік жәрдемақы мөлшерлері 2018 жылдың 1 қаңтарында:

Бірінші, екінші, үшінші балаға – 91 390 теңге (38 айлық есептік көрсеткіш); Төртінші және одан кейінгі балаларға – 151 515 теңге (63 айлық есептік көрсеткіш) төленіп беріледі. 

Сондай-ақ, бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты ай сайынғы төленетін жәрдемақы мөлшерінің төлемі мынадай:

shymkala-103-10

Сонымен қатар, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 2018 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша алушы болып табылатын тұлғаларға еңбек ету қабілетінен және асыраушысынан айрылу жағдайларына тағайындалған әлеуметтік төлемдердің мөлшерін 16%-ға арттыру көзделген.

Банкроттық салдарынан таратылған және қызметкерлердің өміріне немесе денсаулығына келтірілген зиян үшін жауапты деп танылған заңды тұлғалардың бұрынғы қызметкерлеріне зиянды өтеу жөніндегі төлемдерді капиталдандыру кезеңі аяқталғаннан кейін жүзеге асырылатын ақшалай төлемдерін алушылар 6%-ға арттырылады.

 

Көп балалы аналарға тағайындалатын жәрдемақы

«ҚР арнаулы мемлекеттік жәрдемақы туралы» еліміздің 1999 жылғы 5 сәуірдегі № 365-I Заңына сәйкес, «Алтын алқамен», «Күміс алқамен» және «Батыр ана» ретінде марапатталған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көп балалы аналар үшін арнаулы мемлекеттік жәрдемақылар тағайындау тәртібі, ҚР «Балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар туралы» Заңына ауыстырылады. Бірақ, бір төлемнен басқа төлемге ауыстыру үшін қайта рәсімделуі автоматты түрде алушылардан ешбір жаңа өтініш алынбай жүзеге асырылады. Ал 2018 жылдың 1 қаңтарынан аталған төлемдер мөлшері – 15 392 теңге.

Сондай-ақ, келер жылы мүгедектігіне байланысты тағайындалатын мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы мен арнаулы мемлекеттік жәрдемақы біріктіріліп төленеді.

ТҮЙІН Халықтың әр жылдан күтер жақсылығы мол. Елімізде әлеуметтік салада тұрғындардың игілігі үшін жаңа бағдарламалар іске қосылды. "Бiз 2020 жылға дейін зейнетақы жүйесiн жаңғыртуды аяқтаймыз. Мемлекет басшысының тапсырмасымен осы уақыттан бастап мемлекет бюджетiнен төленетiн зейнетақы көлемiн арттыруды қарастырып отырмыз. 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап базалық зейнетақы, мүгедектерге, асыраушысынан айырылғандарға төленетiн жәрдемақы 16 пайызға дейін өседі» дейді ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Т. Дүйсенова.

Зейнетақыдағы жаңа реформалардан бөлек осыған дейін пилоттық жоба ретінде қолданылған «Өрлеу» жобасы 2018 жылы түбегейлі іске асыралатын болады. Онда жәрдемақының орнына жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек төленеді. Мұндағы биліктің мақсаты аталған жоба арқылы аз қамтылған отбасыларды кәсіпке үйретіп, жағдайын түзетуге мүмкіндік беру. Бұдан бөлек «Нәтижелі жұмыспен қамту» мемлекеттік бағдарламасы аясында өңірде 12 мыңнан астам адам кәсіптік білім алуға жолдама алып, 9 мыңы мамандық игерді.

Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі.