Балаларды оңалту орталықтары ашылды Избранное

Пятница, 12 Январь 2018 07:03 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 15813 раз

Оңтүстікте балаларға арналған екі неврологиялық оңалту орталығы ашылды. Нысандардың салтанатты ашылу рәсіміне өңір басшысы Жансейіт Түймебаев, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев пен сала мамандары қатысты.

Жалпы қазіргі таңда облыста 2500-ге жуық бала неврологиялық аурумен арнайы есепте тұрады. Дәрігерлердің мәліметі осындай. Бұған дейін бұл балғындар оңалту емін алу үшін Астана қаласындағы балаларды оңалту орталығына, Алматыдағы неврологиялық ауруханаларға баруға мәжбүр еді.

Себебі облыста бүгінге дейін сал дертіне шалдыққан балаларды емдейтін арнайы мекеме болмаған. Енді ерекше балалар мен олардың ата-аналары уақтылы əрі кешенді оңалтуға қол жеткізе алады. Екі орталықта 100 орыннан қарастырылған.

Медициналық мекеменің бірі Елшібек батыр көшесіндегі 112А ғимаратта орналасқан. Бұған дейін мұнда балаларға арналған аурухана болған еді. Енді сол ғимарат қайта жөнделіп, ел игілігіне беріліп отыр. Мұнда ашылған №1 облыстық балаларды оңалту орталығында 3 жасқа дейінгі балаларды оңалтуға бар жағдай жасалған. Елімізде ең алғаш болып ашылып отырған орталық массаж жасау, ойын бөлмелері мен оңалту құралдары секілді керек-жарақпен толық қамтамасыз етілген. Арнайы есепте тұратын балғындар мұнда өздері қарайтын емханадан жолдама алып, мемлекеттік портал арқылы жата алады. Ата-ана мен баласы үшін жайлы палаталар қарастырылған.

Екінші оңалту орталығы «Химфарм» шағынауданы, 4А мекенжайында орналасқан. Осыған дейін мұнда болған оңалту орталығы №3 облыстық балалар оңалту орталығы болып қайта құрылып отыр. Бұл орталықтың ерекшелігі – мұнда неврологиялық дертке шалдыққан 3 жастан 14 жасқа дейінгі балалар емделеді. Қажет емдермен бірге мұнда суы жылы бассейн де қарастырылған. Ал ең бастысы – Германиядан арнайы алдырылған «Loko Station» құрылғысы. Роботтандырылған құрал жүріп-тұруы қиын балаларды сауықтыруға аса қажет. Құны 73 миллион теңге тұратын құрылғыға отырған балаларға арнайы аяқ киім кигізіліп, өздігінен қозғала бастайды. Сол арқылы бұлшықеттер қозғалып, мимен байланыс орнатылады дейді орталық мамандары. Ең бастысы – басқа қалаларға сабылудан арылған ата-аналар мен балғындар мұндай орталықтардың өзімізде де ашылғанына разы.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.