Версия для печати

«Құтыдағы сәби» оның өмірге келуі оңай ма?

Пятница, 26 Январь 2018 09:30 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 14067 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Қазақстанда алғашқы денеден тыс ұрықтандыру зертханасы – «Экомед» адам ұрпағын өрбіту клиникасы 1995 жылы 18 сәуірде Алматы қаласында ашылды. Осы жолмен ұрықтанған алғашқы сәби 1996 жылы 31 шілдеде дүниеге келді. Елімізде алғаш рет бұл саланың негізін қалаған, биология ғылымдарының докторы Салтанат Байқошқарованың көмегімен бүгінде көптеген отбасылар көптен күткен нәрестелі болу бақытына ие болды.

Таяуда Шымкент қаласы «Оңтүстік» қабылдау үйінде «Репродуктивті медицинаның жаңалықтары» атты іс-шара өтті. Шараға биология ғылымдарының докторы, эмбриолог Салтанат Байқошқарова, «Экомед» клиникасының шет елдегі кеңесшісі Маркус Нитцшке (Германия/Испания), «Экомед-Шымкент» клиникасының білікті мамандары, өңіріміздегі медицина саласындағы: гинекология, андрология, эндокринология салаларының жетік мамандары қатысты. Жиын барысында «Экомед» клиникасы әлемнің алдынғы қатарлы мамандарымен біріге отырып, денеден тыс ұрықтандыру әдісін өзінің күнделікті жұмыс тәжірибесіне енгізгені, бедеулікпен қатар тұрған өзекті мәселелердің бірі – онкологиялық аурулардың көбеюі және одан кейінгі жүктілікті жоспарлау мәселелері жөнінде әңгіме қозғалды. 

Жиында сөз алған С. Байқошқарова, Қазақстанда әр 7-ші отбасы балалы болуды жоспарлауда қиындықтарға кезігетінін атап өтті. Сонымен қатар, бағаның қымбаттығына байланысты қажетті емдеу шараларын қабылдай алмай жүргендерге, репродуктивті медицина саласындағы соңғы жаналық – аз шығынды денеден тыс ұрықтандыру әдісі Шымкенттегі «Экомед» клиникасына енгізілгендігін айтып өтті. 

– "Қазіргі кезде жасанды ұрықтандырудың орташа бағасы – 800 мың теңгені құраса, оның 60%-ы дәрі-дәрмектерге кетеді. Ал девальвациядан кейін барлық препараттардың бағасы 2-2,5 есеге қымбаттады, сол себепті бұрын дәрі-дәрмектерге 100-250 мың теңге кетсе, қазір 500-600 мың теңге керек. Бүгінде жасанды ұрықтандырудың шығындарын барынша қысқартуға болады. Тіпті, кейбір препараттың мөлшерін азайтып, дәл сондай нәтиже беретін қол жетімді препараттарды қолдану арқылы әйелдің бала көтеруіне жағдай жасауға мүмкіндік бар. Мәселен, жас келіншектер мен жасы үлкен әйелдерде аналық жасушалардың қоры (резерв) әртүрлі. Соған қарай дәрі-дәрмектердің мөлшерін кемітіп, дәрілерге кететін шығындардың мөлшерін 50-100 мың теңгеге дейін азайтуға болады. Егер, әйелдің физиологиялық жағдайы жақсы болса, дәрі-дәрмек салудың мүлдем қажеті болмас. Сонда жасанды ұрықтандыру технологиясының өзіне 300-500 мың теңгедей кетеді», – деп атап көрсетті С. Байқошқарова. 

«Экомед» клиникасына кеңес алуға келген отбасылардың басым бөлігі үреймен және үлкен күдікпен келетіндігі назарға алынды. 

– «Бізге үміттеніп келетіндердің көбі "денеден тыс ұрықтандыру әдісімен бірден балалы болуға кепілдік бар ма" деп сұрайды. Кейбіреулері, тіпті, баланы ақшаға сатып алатын «заттай» көреді. Дүние жүзінде ешқандай маман ДТҰ арқылы бірден бала болады деген кепілдік бере алмайды. Табиғат бермегенге біз қалай 100 пайыз кепілдік береміз? Мысалы, бір айда жас әйелдің бала көтеру мүмкіндігі 15-20 пайызды құраса, жасанды ұрықтандыру әдісінен 100 пайыз кепілдік сұрағанымыз орынсыз болар»– дейді С. Байқошқарова.

Статистикаға жүгінсек, бүгінде жаңадан отау құрған отбасылардың 15 пайызы бедеуліктен зардап шегуде. Жыл өткен сайын жасарып бара жатқан бедеуліктің басты себептерін «Экомед Шымкент» клиникасының медициналық директоры Аслан Абишев атап өтті. 

– Бедеулікке алып келетін себептер әртүрлі. Жоғарыда айтылғандай, көбінесе ерлер мен әйелдердің бұл мәселемен бетпе-бет келуіне өздерінің өмір сүру сапасы, мысалы ерте басталған және ретсіз жыныстық қатынастар, ағзаға суық тигізу салдары және түрлі инфекциялардан болатын қабыну процестерінің орын алуы, түсік жасату, дер кезінде медициналық көмекке жүгінбеу, тіпті, дұрыс тамақтанбау сияқты жайттар да әсер етеді. Одан бөлек экологиялық өзгерістердің, ғылыми-техникалық прогрестің әсері де баршылық. Басқа аурулар сияқты бедеулікті де бала кезден бастап алдын алуға болады. Мәселен, бала кезінен қыз баланы балалар гинекологына, ұл баланы андролог маманына көрсетіп, жас ағзаның жыныстық жүйесінің дұрыс дамуын тексертіп тұру керек. Баланың дамуы барысында бедеулікке алып келуі мүмкін кейбір өзгерістердің алдын-алуға болады» – деп түсіндірді А. Абишев. 

Қазіргі уақытта «Экомед» клиникасы – еліміздің Астана, Алматы, Шымкент, Тараз, Атырау мен Ақтау қалаларында ашылып, өте жоғары нәтижелерге қол жеткізіп жатқан ірі клиникалар тобы. 2015 жылдан бері Шымкент қаласында жұмыс істейтін «Экомед» клиникасы 280-ге жуық «құтыдағы сәбилердің» дүние есігін ашуына септігін тигізді. Халықтың демографиялық жағдайы мемлекет назарынан тыс қалған емес. Былтыр ОҚО-да 139 әйелге мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, квота бөлінген. «Экомед-Шымкент» клинкасының директоры С. Бекмусаевтың айтуынша, басқа өңірлерге қарағанда Оңтүстікке бала сүю мүмкіндігі жоғары. Оның дәйектеріне сүйенсек, ДТҰ әдісінің оң нәтиже беруіне экологияның да тікелей әсері бар. Мәселен, ОҚО –да экологиялық апаттың болмауы, әртүрлі ауыр металды зауыттардың аздығы, ауа-райының жылылығы мен жасыл желектердің көптігі ауа тазалығын қамтамасыз етеді. Денеден тыс ұрықтандыру әдісінің нәтижесі 30-35 пайыз болса, Оңтүстікте бұл көрсеткіш 45-50 пайызды құрайды. 

«Экомед» мамандары әрдайым әлемнің заманауи жаңалықтарынан хабардар. Олар үнемі халықаралық конференцияларға, шеберлік – кластарына қатысып, біліктілігін арттырып отырады. Сонымен қатар, Германия, АҚШ, Израиль, Жапония, Ұлыбритания, Ресей елдерінің әлемге танымал ғалымдарымен тығыз байланыс орнатылып, тәжірибе алмасу үрдіксіз жүргізіліп тұрады. Гүлмира Бекбосынова Қазақстанның технологиялық жағынан мықты екенін және нәтижесінде нәрестелі болу мүмкіндігінің жоғары екеніне тоқталды. 

– Жыл өткен сайын ЭКО саласында жаңалықтар көбейіп келеді. Мәселен, жапон профессоры Масашиге Куваяманың 1990 жылдары енгізген ұрықтарды криоконсервациялау әдісін 10 жыл бұрын Қазақстанда алғаш рет Экомед клиникасының эмбриолог мамандары қолдана бастады және жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Бүгінгі таңда, осы жаңа әдісті (криоконсервация) қолдана отырып, денеден тыс ұрықтандыру әдісінің нәтижесін 70-80% дейін жеткіздік. Криоконсервация дегеніміз алынған ұрықтарды қатырып, сұйық азотта – 196°С-та сақтау. Бұл технологияның тағы бір жетістігі – қатерлі ісік дертіне шалдыққан науқастардың және тұрмыс құрмаған әйелдердің аналық жасушаларын дер кезінде қатырып, сақтап қоюға болатындығында – дейді «Экомед-Шымкент» клиникасының эмбриологы Гульмира Бекбосынова. 

«Экомед-Шымкент» клиникасының директоры Сырым Бекмусаев 2018 жылдан бастап Шымкенттегі клиникада эмбриондардың генетикалық талдау әдісін өткізу жоспарда екенін айтады. Бұл дегеніміз, эмбриондарды анасының жатырына толық дені сау екендігіне көз жеткізіп қана салу. Ал, өз кезегінде осы әдіс, отбасында дені сау баланың дүниеге келуін қамтамасыз етеді. 

Елбасы Жолдауында «Адами капитал – жаңғыру негізі» бағытында «Жастардың репродуктивті денсаулығын қорғауға және нығайтуға ерекше назар аудару керек» деп атап көрсетілгендей, бедеулікке тап болған отбасының денсаулығын нығайтып, халық демографиясының өсуіне «Экомед» клиникасы да өз ықпалын тигізуде.

 

Бибайша
НҰРЖАНҚЫЗЫ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.