Жаңа жылда – жаңа төлемдер Избранное

Среда, 28 Февраль 2018 04:36 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 338 раз

SHYMKALA-16-2

Еліміздің 2018-2022 жылға арналған әлеуметтік – экономикалық даму болжамының негізінде қалыптастырылған «2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасына сәйкес, елімізде 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап, зейнетақы және әлеуметтік салаларында біршама заңнамалық өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

 

2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап, тағайындалған зейнетақы төлемдері 8% көлемінде арттырылды.

2018 жылдың 1 қаңтарынан айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 2 405 теңгеге тең, ең төменгі зейнетақы мөлшері 33475 теңге, ал мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі 15274 теңгеге дейін жоғарылады.

Сондай-ақ, жаңа тағайындалған зейнетақы мөлшерлерін есептеу үшін есепке алынатын ең жоғарғы табыс 110 630 теңгені (46 айлық есептік көрсеткіш х 2 405 теңге) құрайтын болса, ең жоғарғы жаңадан тағайындалған зейнетақы мөлшері 82 973 теңге болады. (46 АЕК-75%).

Мүгедектігі бойынша, асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша және жасына байланысты берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің өзгеруіне байланысты өсірілді. Яғни, ең төменгі күнкөріс деңгейі 28 284 теңге болды.

Еңбек жағдайлары ерекше зиянды және ерекше ауыр жұмыстарда істеген адамдар үшін берілетін мемлекеттік арнайы жәрдемақының, бала туғанда берілетін біржолғы және бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты берілетін мемлекеттік жәрдемақы мөлшерлері, арнайы мемлекеттік жәрдемақылар тағайындалуы мен арттыру мөлшері 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап айлық есептік көрсеткіштің мөлшеріне, яғни 2 405 теңгеге сүйене отырып арттырылды. Мәселен, №1 тізім бойынша арнай жәрдемақы сомалары 22 655 теңгені, ал №2 тізім бойынша 20 154 теңгені құрады.

Ата-аналарға, қорғаншылар немесе қамқоршыларға берілетін немесе мүгедек баланы тәрбиелеушіге берілетін жәрдемақылардың тағайындалуы мен арттырылуы 1,05 ең төменгі жалақы мөлшерінен алынып (ең төменгі жалақы мөлшері 28 284 теңге), 29 698 теңгені құрады.

Бала туғанда берілетін біржолғы мемлекеттік жәрдемақы мен бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты берілетін мемлекеттік жәрдемақы мөлшері 2018 жылдың 1 қаңтарынан айлық есептік көрсеткіштің артуына байланысты болды. Демек, бірінші, екінші, үшінші балаға-91 390 теңге (38 айлық есептік көрсеткіш); төртінші және одан кейінгі балаларға – 151 515 теңге (63 айлық есептік көрсеткіш) төленіп беріледі.

Сондай-ақ, бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты ай сайынғы төленетін жәрдемақы мөлшерінің төлемі мынадай болады:

- Бірінші балаға 13 853 теңге;
- Екінші балаға 16 379 теңге;
- Үшінші балаға 18 880 теңге;
- Төртінші және одан кейінгі балаларға 21 405 теңге төленеді.

Банкроттық салдарынан таратылған және қызметкерлердің өміріне немесе денсаулығына келтірілген зиян үшін жауапты деп танылған заңды тұлғалардың бұрынғы қызметкерлеріне зиянды өтеу жөніндегі төлемдерді капиталдандыру кезеңі аяқталғаннан кейін жүзеге асырылатын ақшалай төлемдерін алушылар үшін 2018 жылдың 1 қаңтарынан 6%-ға арттырылды.

«Қазақстан Республикасындағы арнаулы мемлекеттік жәрдемақы туралы» Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 5 сәуірдегі №365-I Заңына сәйкес, «Алтын алқамен», «Күміс алқамен», «Батыр ана» ретінде марапатталған және I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көп балалы аналар үшін арнаулы мемлекеттік жәрдемақылар тағайындау тәртібі, ҚР «Балалы отбасларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар туралы» Заңына ауыстырылды. Сонымен қоса, бір төлемнен басқа төлемге ауыстыру үшін қайта рәсімделуі автоматты түрде алушылардан ешбір жаңа өтініш алынбай жүзеге асырылады. Ал 2018 жылдың 1 қаңтарынан аталған төлемдер мөлшері 15 392 теңге болды.

Ал бірге тұратын төрт және одан көп кәмелетке толмаған балалары, оның ішінде орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беретін ұйымдарда, жоғары оқу орындарында күндізгі оқу нысанында оқитын балалары бар көп балалы отбасылар үшін тағайындалатын арнаулы мемлекеттік жәрдемақыларды 2018 жылдың 1 қаңтарына дейін ғана тапсыру құқықтарына ие. Яғни, 2018 жылдың 1 қаңтарынан кейін бұл жәрдемақы мемлекеттік корпорация бөлімшелері арқылы тағайындау енді күшін жояды. Есесіне, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға арнап, жергілікті бюджет қаражаты есебінен «әлеуметтік атаулы көмек», «мемлекеттік балалар жәрдемақысы» және «көп балалы отбасыларға арналған арнаулы мемлекеттік жәрдемақы» жаңа форматтағы әлеуметтік көмек қарастырылған.

Сондай-ақ, осы жылы мүгедектігіне байланысты тағайындалатын мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы мен арнаулы мемлекеттік жәрдемақы біріктіріліп төленеді, жалпы төленетін сомалары мөлшерлерінің төмендеуіне жол берілмейді, керісінше әкімшілік тәртібі қысқартылды.

2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап 2027 жылға дейін әйелдердің зейнеткерлікке шығу жасы кезеңмен жүзеге асырылатын болады, яғни 10 жыл аралығында жыл сайын 6 айдан қосылып тұратын болды. Сәйкесінше, 2018 жылы әйелдер 58 жас 6 ай толғанда ғана, құжаттарын зейнеткерлікке даярлайды.

Сонымен, 2018 жылдың қаңтарында барлық зейнетақы мен жәрдемақы алушылар тиесілі төлемдерін жаңа арттырылған мөлшерде алатын болды.

 

Ж. ЖАМАХОВА,
ОҚО бойынша Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон
департаментінің №2 Зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру бөлім басшысы

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор-Бас редакторы – Айгүл Қапбарова. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.

Другие материалы в этой категории: « Дүниеге үшем келді Әйел – өмір шырағы »