Версия для печати

Жүз жасаған әженің арманы

Понедельник, 12 Март 2018 07:54 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 3842 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Шымкентте ғасырдан ұзақ жасаған кейуана тұрады. Назым әже биыл 109 жасқа келіп отыр. Отырар ауданы Шәуілдір ауылының тумасы екі ғасырда талай тарихи оқиғалардың куәсі болған. Бүгінде үш қыз, бір ұлдан тараған 31 немере, 19 шөбере сүйіп отыр. Әженің айтуынша, дәл қай күні туғанын өзі де анық білмейді.

109-1

– «Қауын піскенде Назым қызым туылған еді» деп айтып отырушы еді әкем жарықтық, – деп кейуана әңгімесін бастады. – Біздің заманымыздағы балалар қазіргідей әкеге еркелеп, мойнына асылмаушы еді. Отбасымда 3 ұлдың ішінде жалғыз қыз болдым. Ол уақытта қазіргідей мектеп дегенің көп емес еді. Екі ауылға бір мектеп, сол мектепте 6 класқа дейін білім алдым. Содан сұм соғыс басталып, әкем майданға аттанды. Ізінше 2 ағам мен інім де майданға кетіп, әкем мен 2 ағамнан қара хат алдық. Інім ғана ортамызға оралды, – деп әжей мұңын шақты. 

Тағдыр тауқыметін тартқан Назым әжей өткен өмірін еске алғанда тек еңбек еткені ғана есіне түсетінін айтты. Ұзақ өмір сүрудің сыры да содан болар. Ғасырдан астам өмір сүрсе де әжейдің әлі де есте сақтау қабілеті жақсы. Алдына келген адаммен еркін әңгімелесіп, өсиетін айтып отырады.

– Қазіргі егемен еліміздің балалары қандай бақытты. Алдыма келгеннің барлығына сендер бақытты заманда ғұмыр кешіп жатырсыңдар, қарындарың тоқ. Осындай бейбітшілікке шүкір деп айтыңдар деймін. Ал біздің кезімізде күннің ыстық – суығына қарамастан колхоз бригадирі жұмысқа алып кететін. Көктем келісімен білекті сыбанып, колхоздың жұмысына кірісеміз. Шілденің ми қайнайтын аптабында далада кетпен шаптық. Күзде желтоқсан келіп, жерді қар басқанша мақта тердік. Сондықтан барынша тәуелсіз елімізге қызмет етіңдер деп айтып отырамын, – дейді Назым әже.

 

Соғыстың зардабы

Соғыс жылдары тылда жүргендер де майданмен үндесіп, еңбек еткені белгілі. Назым әже де жүннен жылы киімдер тоқып, майданға жөнелтіп отырды. Соғыста шейіт болған әкесі мен екі бауырын бүгінгі күні де сағынатынын жасырмады. Әсіресе, бауырларының бейбіт күндерді көрмей, қыршынынан қиылғаны жанына бататынын айтты.

– Бауырларым көз ашқаннан таршылықтан басқа не көрді? Есейгенде майданға аттанды. Олардың мынадай тәуелсіз заманды көрмегеніне мен өмір бойы арманда қалдым, – деп Назым әже ағынан жарылды.

 

Соғыс біткен соң қыз 

Назым тұрмысқа шығып, Өзбекстанға көшіп барады. Өкініштісі сол, ана болып 6 баланы дүниеге әкелгенімен, барлығы шетінеп кеткен екен. Мұны еске алған кезде әже терең ойға батты.

– Сәбилерден айрыла бергесін қоныс аударсақ, мүмкін, балаларымыз аман өсер деген ырымды алға тартып, туған жерге қоныс аудардық. Осында келгесін туылған қыздың атын ырымдап, Қойсынай деп қойдық.

Содан кейін Назым апа үш қыз, бір ұлды дүниеге әкеліп, тәрбиелеп, қызды қияға, ұлды ұяға қондырды.

 

Өнегелі келін

Бүгінде Назым әжеге немере келіні Ұлбосын күтім жасап отыр. Ұлбосынның айтуынша, әжей әлі де болса үй тірлігіне араласқысы келеді.

– Әжем барлық тірлікті өзі істеп тастағысы келіп тұрады. Тысқа қолтығынан сүйеп алып шығайын десем, менің көмегімсіз өзі жүргісі келеді. Әлі де сол жас күндегідей қамыр жайып, тамақ істегісі келіп тұрады. Нан илеп, далаға таба нан жапқысы, қойып берсең, барлық шаруаны ешкімнің көмегісіз тындырсам дейді, – деді немере келіні.

Ғасырдан ұзақ жасаған әжейдің ендігі арманы – ұрпақтарының амандығы. «Өскелең ұрпақты шуақты көктем мезгіліне ұқсатамын. Олар да нәзік, енді бүр жарған өскінге ұқсайды. Ал енді осы көктеммен қатар келетін 8 наурыз – аналар мерекесі, ұлыстың ұлы күні – әз Наурыз мейрамы да бар. Еліміздегі барлық аналарды, қыздарымды осы көктемгі мерекелермен құттықтай отырып, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!» деп, бетін сипады қарт ана...