Версия для печати

Көктемді қондырып қанатына... Избранное

Вторник, 20 Март 2018 10:19 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 5059 раз
Оцените материал
(1 Голосовать)

Дәл қазір Оңтүстік өңірде ағаштар бүршік атып, күннің көзі қыза түскен. Халық көшет отырғызу, аулаларды тазалау, жер аудару секілді жұмыстарға кіріскелі қашан. Бұл – көктемнің белгісі. Ал дана қазақ «Көктем келді дегенше, Наурыз келді десейші» деп бекер айтпаса керек.

Еліміздің бірқатар өңірлерінде әлі қақаған қыс. Соның салдарынан жыл сайын Солтүстік, Орталық, Шығысқазақстандықтар көкпар тартып, көкмайсада аунап, қымыз-қымыран ішіп, наурыз көже мен уыздан дәм тататын 22 Наурыз – Ұлыстың ұлы күнін мезгілінен кеш тойлайды. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында күнгей халқы Отандастарымызды осынау бүкілхалықтық мерекені Оңтүстікте бірге атап өтуге шақырады. 

Өздеріңізге белгілі, оңтүстікқазақстандықтар Әз-Наурызды Қазығұрттың басында, Түркістанның төрінде, Отырар мен Ордабасыда, Бәйдібек пен Төле биде және тағы басқа да көрікті жерлерде қарсы алады. Қала, аудандарда ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылады. Мәселен, Отырар ауданы, Бестораңғыл елдімекеніндегі «Алаш» этноауылы талайдың қызығушылығын тудыруда. Қазығұрт асуындағы кеме қалған монументінің маңында да жыл сайын көкпар тартылып, алтыбақан тігіледі. 

Биыл өңірімізде «Ақсу-Жабағылының алқызыл қызғалдағы», «Агро fest», «Туған жерге тағзым», «Қауын fest», «Қымызмұрындық» секілді жобалар бастау алады. Сонымен қатар, Шардарада «Safari Shardara», Сарыағашта гольфтен «Open Saryagash» туристік форумдары өтеді деп күтілуде. Жалпы «Қасиетті Қазақстан» жобасына облысымыздан 104 нысан ұсынылған. Республика бойынша 100 нысан іріктелініп алынса, оның ішіне 23 нысан Оңтүстік Қазақстан облысынан еніп отыр. Қалған 81 тарихи-мәдени ескерткіш жергілікті маңызы бар қасиетті, киелі жерлердің тізіміне енгізілді. 

Қызық жайт – жыл сайын көпшілік жаңа жылды қарсы алуға Финляндияға, оның ішінде Лапландияға арнайы барады. Аңыз аяз ата мен қар қызын, бұғылар мен поляр шұғыласын тамашалайды. Осы секілді, жыл сайын Наурыз мерекесін тойлау үшін неге Оңтүстік Қазақстанға келмеске? Өңірде Фин табиғатынан кем түспейтін Сайрам-Өгем, Ақсу-Жабағылы, Қасқасу, Біркөлік, Тау самалы және тағы басқа да табиғаты тамаша жерлер көп. Саяхатты толыққанды ұйымдастырып беретін, бағасы қол жетімді сапалы туристік фирмалар қызмет етеді. 

Оңтүстіктің бас қаласы Шымкент қонақтарды күтіп алуға толықтай дайын. Шаһар биыл Әз-Наурызға ерекше дайындық жасады. Тек қала көшелеріндегі қызғалдақтардың өзі неге тұрады. Шымкенттің символына айналған 1 миллионнан аса қызғалдақ егілді. Ал «Қызғалдақ» су бұрқағының маңында қызғалдақтардан жасалған ең үлкен композиция орналасты. Сонымен қатар «Қошқар ата сейілі» көктем фестивалі, «Nauryz Zhastar Fest» іс-шарасы, «Ashyq Aspan» аэронавтика фестивалі және тағы басқа 4 күнге созылған, 20-ға жуық іс-шара өтеді деп жоспарланған. 

Оңтүстүкте түрлі ұлт өкілдері, әсіресе, түркі тілдес xалықтар тату өмір сүріп келеді. Олар да осы Наурыз мерекесін ерекше атап өтеді. Егер Оңтүстікке ат басын бұрсаңыз өзге ұлттардың Наурызда дайындайтын сүйікті тағамдарынан дәм татып, мәдениетімен жақынырақ танысуға мүмкіндік аласыз.

Осы арада былтырғы «Түркістан – Түркі әлемінің мәдени астанасы» жылына орай өткен «Наурызнама» мерекесін бір сәт еске алайық. Думанды мейрамға 10 мыңға жуық адам қатысты. Олардың арасында 23 елден, 25 ұлттан келген 300-ге жуық шетелдік қонақ, халықаралық ұйым өкілдері де бар. Ұлыстың ұлы күніне орай Қожа Ахмет Ясауи кесенесі маңында этно ауыл құрылып, онда ұлттық нақышта әрленген 12 қанатты 33 киіз үй тігілді. Сондай-ақ, жиналған жұртшылыққа 1 тоннадан астам палау дайындалып, 1500 литр Наурыз көже үлестірілді. 

Ендеше, биылғы Наурыз тойын өз көзіңізбен көріп, құрметті қонақ болыңыз! Асық атып, ләңгі тебіңіз. Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан Сауран, Сығанақ, Отырар және тағы басқа киелі жерлерді отбасыңызбен аралап, көкжиегіңізді кеңейтіңіз. Шымшаһарға республикамыздың кез келген жерінен ұшақпен, пойызбен немесе көлікпен келуге де болады. Бағалар да қол жетімді. Қонақ үй мен ең арзан әрі дәмді тағамдар да Оңтүстікте екенін тағы бір еске саламыз. Қош келдіңіздер!

Сапарғали ҚАНАТ

2015 жылы Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «J-Group Production» аутсорсинг компаниясында журналист, сценарист, «Білім-Инновация» ХҚҚ-на қарасты «Сана» журналында журналист болып еңбек еткен. 2017 жылдың қаңтарынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.