Балмұздақтан улану: Жағдай жіті бақылауда Избранное

Среда, 04 Апрель 2018 04:35 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 189 раз

Шымкентте «Южный» кафесіндегі балмұздақ сататын сауда дүңгіршегі санитарлық талаптарға сай келмейді. Сонда қызмет ететін 5 қызметкердің екеуінен сальмоноллез бактериясы анықталған. Бұл туралы облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Нұрбек Нышанов журналистермен өткізген брифингте мәлімдеді.

shymkala-26-1

Еске салсақ, 29-30 наурыз аралығында Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына 39 тұрғын көмек сұрап келген. Олар тоқтамай құсып, іш өтуіне шағымданған. Екі күн ішінде жіті ішек инфекциясы диагнозымен түскендердің 21-і ересек адам болса, 11 бала мен 7 жасөспірім де бар. Сұрастыру кезінде олардың қаладағы «Южный» кафесіндегі сауда нүктесінен балмұздақ сатып алып жегені белгілі болды. Дәрігерлер науқастарға тиісті ем-дом көрсетіп, денсаулығы тұрақталған науқастардың алды үйіне шығарылған болатын.

Дегенмен, құйылмалы балмұздақ жеп, уланғандар саны көбейіп, бүгінгі күнге дейін денсаулығына шағымданғандар саны 188 адамға жетті. Олардың 101-і ересектер, 14 жасқа дейінгі 39 бала және 48 жасөспірім бар.

– Дертінен айыққан 99 науқас үйіне шығарылды, ал 89 адам ем алуда. Барлығы дәрі-дәрмек және медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтылды. 56 науқасты бір-екі күнде шығаратын боламыз. Олардың 27-нің анализінен сальмоноллез бактериясы табылды, – деді ОҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбев.

Осы келеңсіз жағдайдан кейін санитар мамандар құйылмалы балмұздақ сатылатын сауда дүңгіршегіне жоспардан тыс эпидемиологиялық тексеру жүргізді.

– Осы тексеру барысында, біріншіден, балмұздақ сататын орынның өз жұмысын бастағаны туралы жауапты мекемеге хабарлама берілмегені анықталды. Сосын балмұздақ дайындайтын орын санитарлық талаптарға сай келмейді. Жеке кәсіпкер балмұздақты Коммунизм елдімекеніндегі өз үйінде дайындап, дүңгіршекке пластик ыдыстармен тасымалдағаны белгілі болды. Онда қызмет ететін 5 жұмысшының екеуінен сальмонеллез дерті анықталды, олардың біреуінде ғана медициналық кітапшасы болған. Қазір «Южный» кафесінде жұмыс істейтін 12 қызметкердің барлығынан ішек инфекциясының тасымалдаушылығын анықтау мақсатында сынамалар алынды. Анықталған кемшіліктер бойынша нысан жұмысын уақытша тоқтатып, сотқа талап-арыз жолданды, – деді облыстың бас санитары Н.Нышанов.

Нұрбек Нышановтың айтуынша, балмұздақ сататын бұл дүңгіршек жұмысын 2004 жылы бастаған. Осы кезге дейін сауда нысаны санитар мамандардың тарапынан тексерілмеген болып шықты. Өйткені, мұндай сауда нүктелері эпидемиологиялық маңыздылығы жағынан елеусіз нысандар қатарына жататындықтан, тексерілмейді дегенді алға тартты мамандар.

Ал ОҚО кәсіпкерлер палатасының директоры Асқар Абубакировтың мәліметі бойынша, Шымкентте құйылмалы балмұздақ сататын 50-ден аса сауда орны бар. «Заңсыз әрекетке барған кәсіпкерлер өз жазасын алуы тиіс. Алдағы уақытта кәсіпкерлер арасында сапаға мән беру жайында насихат жұмыстарын күшейтеміз», – дейді А.Абубакиров. Қазір арнайы топ құрылып, лаваш, донер және балмұздақ секілді тағамдар сатылатын орындарда түсіндіру жұмыстары басталмақ.

Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі.