Басты байлық – денсаулық Избранное

Пятница, 06 Апрель 2018 06:14 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 4307 раз

ОҚО әкімі Ж. Түймебаев Оңтүстік Қазақстан медициналық академиясында болып, оқу орнының ұстаздар қауымы және студенттермен кездесті.


Профессорлық-оқытушылық құрамымен және студент-магистранттармен жүздесуде әкім жұртшылық назарын еліміздегі медицина мен фармацевтика саласы бойынша кадр даярлау сапасына аударды. Аймақ басшысы құрылтайшының оқу үдерісін одан әрі дамытуға мүдделі екенін және айтарлықтай қаражат салуға дайын екенін атап өтті.

– Жалпы, 1979 жылы құрылған медицина академиясы өзіндік базасы бар үлкен жоғары оқу орны болып табылады. Ал 3 миллион халқы бар облысымыз үшін осындай сапалы оқу орындары, әсіресе, дәрігерлік оқу орындары өте қажет, – деді облыс әкімі. – Ұлтының жарқын болашағын ойлаған мемлекет алдымен азаматтарының денсаулығына көңіл бөледі. Өздеріңіз білесіздер, Елбасы жыл сайынғы халыққа арнаған Жолдауында денсаулық саласына айтарлықтай көңіл бөліп келеді. Енді біз ауруды емдеуден гөрі дертті болдырмаудың жолдарын қарастыруымыз қажет.

Сонымен қатар университет зертханаларының жабдықтарымен танысқан Ж.Түймебаев оқу орнының білім беру және ғылыми қызметіндегі оң нәтижелеріне көңілі толғанын жеткізді. Атап айтқанда, академияның қымбат модельдер орнатылған клиникалық-симуляциялық оқыту бөлімінде студенттер ғана емес, облыс және қала дәрігерлері ұшақтар мен пойыздарда, жолда кенет кардиохирургиялық және инсульт болған адамдарға алғашқы медициналық көмек көрсетуді үйренеді.

Облыстық мәслихаттың депутаты, «ОҚМА» АҚ-ның құрылтайшысы С.Сейітжанов оқу орнының алғашқы қадамдарына қысқаша тоқталып, қосымша аудиторлық қормен 7205 шаршы метр болатын жаңа ғимарат сатып алып жатқанын мәлімдеді.


– Бұған қоса Бозарық шағынауданында 150 гектар жерде жақын арада Инновациялық университет қалашығы бой көтереді. Ол тек медицина факультетіне ғана емес, мектеп-бизнеске де айналады. Онда оқу ғимараттары, спорттық нысандар, тұрғын үй кешендері мен мың орындық жатақхана салынбақ, – деді С. Сейітжанов.

Кездесу соңында оқу орнының ректоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор М.Рысбеков оқу ордасының жоғарғы нәтижелерге қол жеткізу жолында екенін мәлімдеді. Өйткені инвестор білім беру үдерісін дамытуға және білім беру кеңістігін жетілдіруге ықпал етіп, қолдайды дейді ұстаз.

2017-2018 оқу жылында медицина академиясында 3771 студент білім алуда, оның ішінде шетелдік 238 жас бар. Студенттерге 300-ден астам профессорлық-оқытушылық құрам үш тілде сабақ береді.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.