Әлемдік бестселлер – қазақ тілінде Избранное

Среда, 02 Май 2018 04:22 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 8320 раз

Бүгінгі алғашқы зияткерлік транш АҚШ, Ресей, Ұлыбритания, Франция және Швейцария сияқты алдыңғы қатарлы елдердің ең үздік ғылыми еңбектерін қамтиды. Бұл кітаптармен танысуға мүмкіндік алған жастарымыз көп емес...»

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ


shymkala-34-1

Жобаны жүзеге асыру үшін коммерциялық емес «Ұлттық аударма бюросы» құрылып, шығармашылық ұжым әлемнің ең үздік жоғары оқу орындарына белгілі 18 оқулықты қазақ тіліне аударып шықты. Енді қазақ жастары әлемге әйгілі кітаптарды туған жерінде, өз ана тілінде оқи алады.

Жуырда Елордада өткен тұсаукесер рәсімінде шығармашылық ұжым жарық көрген 18 кітапты ел Президентіне таныстырды. Оның 4-і философия, 3-і психология, 2-і социология, 2-і лингвистика бағытында жарық көрсе, қалған 7 кітап экономика, менеджмент, кәсіпкерлік, дінтану, антропология, инновация және медиа салаларына арналған.
– Ғылыми таным – заманауи ұлттың бәсекеге қабілетті болуының басты шарты. Жаңа оқулықтар білімнің нағыз энциклопедиясы болып саналады. Бүгінде оқу әдісі ғана емес, сондай-ақ оның мазмұны да маңызды, – деген Мемлекет басшысы әлемдік тәжірибеде мұндай кешенді бағдарламаның іске асырылуы сирек кездесетінін атап өтті.

 

Бес тапсырма

Жаңа оқулықты таныстыру жиынында Елбасы үштілділік қағидатын сақтап, бірнеше шетелдік оқулықты орыс тіліне де аудару мәселесін қарастыруды тапсырды. Сондай-ақ, Қазақстан Үкіметі мен Ұлттық аударма бюросына бірқатар нақты тапсырма берді:
1. 2018 жылға жоспарланған 30 кітаптың әрі қарай сапалы аударылуын және басылып шығуын қамтамасыз ету;
2. Бұл оқулықтарды білім беру үдерісіне тиімді түрде енгізу;
3. Ғылыми тәжірибеде қолданылатын барлық терминдерді жүйелендіріп, гуманитарлық және экономикалық лексиканың жаңа түсіндірме сөздігін шығару;
4. Оқулықтардың кітап түрінде басылуы және виртуалды университеттер тәжірибесі үшін онлайн білім беру ісін дамыту;
5. «100 жаңа оқулық» жобасы ғылыми аударма мектептерін, аударма саласында тәжірибенің, білімнің және кәсіби дағдыны жүйелі дамыту.

 

Латын қарпінде де қолжетімді болмақ

Таяуда ғана Шымкент қаласында өткен жастар саясаты жөніндегі кеңестің ХХІ көшпелі пленарлық отырысында студенттер бұл оқулықтарды қайдан, қалай табуға болатынын сұраған. ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы «100 жаңа оқулық» жобасы аясында жарық көрген әр кітап 10 000 данамен басылып, алдағы уақытта жоғары оқу орындары мен кітапханаларда таратылады» деп жауап берген.
Оқулық тек кітап түрінде емес, электрондық онлайн нұсқада және видеотека форматында да қол жетімді болмақ. Сондай-ақ, шетелде тұратын қазақ жастары да латын қарпінде басылған нұсқасын оқи алады.

 

Редакция құрамы

«Ұлттық аударма бюросы» редакциялық алқасының төрағасы – Марат Тәжин. Оқулықтарды қазақ тіліне аудару жұмысына Қазақстанның алдыңғы қатарлы оқу орындары, белгілі ұстаздар, ғалымдар мен аудармашылар, жалпы саны 90-нан аса маман қатысуда. Олардың қатарында М.Жолдасбеков, Ж.Алтаев, С.Қасқабасов сынды тағы бірқатар профессорлар бар. Аталған жаңа оқулықтарды 2018-19 жаңа оқу жылынан бастап, жоғары білім беру жүйесіне енгізу жоспарлануда. Ал шығармашылық ұшым жоба барысында тағы 24 кітапты аудару жұмыстарына қызу кіріскен. Аударылған кітаптардың ішінен біреуіне тоқтала кетсек.

 

«Медиа этика»

Бұл кітаптың авторлары – Ли Энн Пек және Гай С. Рил. Ли Энн Пек – Грили қаласындағы Солтүстік Колорадо университеті Коммуникация мектебінің журналистика және медиа зерттеулер профессоры. Ағылшын журналистикасы және коммуникация курстарынан сабақ береді. UNC университетіне ұстаздық қызметке орналаспас бұрын Швейцарияның Лугано қаласындағы Франклин университетінде халықаралық коммуникациялар департаментінің ассистент профессоры болған. Ол өз зерттеулерінде студенттерге этикалық шешім қабылдаудың тиімді жолдарын көрсете алған. Ал Гай С. Рил – Оңтүстік Каролинаның Рок-Хилл қаласындағы Уинтроп университетінің бұқаралық коммуникация профессоры. Мемфис қаласындағы (Теннесси штаты) The Commercial Appeal басылымында тілші және редактор қызметтерін атқарған. Журналистикадағы проблемалар мен коммуникация тарихы туралы еңбектер жазған Рил журналистика және бұқаралық коммуникация бойынша дәріс береді.
Ақпараттық саланың үздіктері жазған туындыға жаңалықтар, қоғамдық қатынастар, жарнама саласының жас мамандары көрген қиындықтар арқау болған. Оқиғаны шынайы суреттей отырып, әрбір жағдайды кеңнен баяндап, оны жеңудің жолын жан-жақты ашып бере алған. Оқырманға «Мұндай жағдайда мен не істер едім?» деген ой салатын туынды бұқаралық ақпарат құралдары саласында кездесетін этикалық мәселелерді шешу жолдарын көрсетуге арналған. Қазақ тіліне аударылған «Медиа этика» кітабын Harvard, Oxford, Cornell университеттерінің студенттері оқулық ретінде пайдаланады. Бүгінгі ақпараттық қоғамда бізге қажетті оқулықтың бірі де бірегейі болған бұл кітап та жақын күндері 10 000 мың данамен жарық көреді.

 

Сонымен, «100 кітап» жобасы аясында қазақ тіліне аударылған 18 кітаптың тізімі:

1. «Философияның қысқаша тарихы. Сократтан Дерридаға дейін», Дерек Джонстон.
2. «Батыс философиясының жаңа тарихы. Антика философиясы», І том. Энтони Кенни.
3. «Батыс философиясының жаңа тарихы. Орта ғасыр философиясы», ІІ том Энтони Кенни.
4. «Философияның таңдаулы 25 кітабы», Реми Хесс
5. «Әлеуметтану негіздері» Дэвид Бринкерхоф, Роуз Уейтс, Сюзан Ортега.
6. «Әлеуметтану теориясы» Джордж Ритцер, Джеффри Степницки
7. «Көпке ұмтылған жалғыз. Әлеуметтік психологияға кіріспе» Эллиот Аронсон.
8. «Қазіргі психология тарихы» Дуэйн Шульц, Сидней Эллен Шульц.
9. «Әлеуметтік психология» Дэвид Г. Майерс, Жан М. Туенж.
10. «Экономикс» Н. Грегори Мэнкью, Марк П. Тейлор.
11. «Кәсіпкерлік: теория, процесс, практика» Дональд Ф. Куратко.
12. «Менеджмент» Рикки У. Гриффин.
13. «Иудаизм, христиандық пен исламдағы 4000 жылдық ізденіс: Құдайтану баяны» Карен Армстронг.
14. «Тіл біліміне кіріспе» Виктория Фромкин, Роберт Родман, Нина Хайамс.
15. «Тіл және мәдениетаралық коммуникация» Светлана Тер-Минасова.
16. «Антропология тарихы мен теориясы» Алан Барнард.
17. «Төртінші индустриялық революция» Клаус Шваб.
18. «Медиа этика», Ли Энн Пек, Гай С. Рил.

Дереккөз: 100kitap.kz

Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.

Другие материалы в этой категории: « Шетелден келген шер Ғасырмен құрдас майдангер »