Ғасырмен құрдас майдангер Избранное

Пятница, 04 Май 2018 04:21 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 208 раз

...1943 жыл. Балтық жағалауының орманында неміс әскерлерімен қиян-кескі соғыс жүріп жатыр. Жан-жақтан бораған жау оғы, зеңбіректің жарылысы. Небәрі 18 жасар Төрегелді Сұлтанбековтың кеше ғана жанында болған қаруластары жау оғынан жараланып, қаншасы көз алдында ажал құшты. 216-атқыштар дивизиясының жауынгері тірі қалған майдандастарымен бірге кері шегінбей, жауға тойтарыс берді. Оқ пен оттың арасында бұл күнгі айқас қарт майдангердің жадында жаңғырып, еске түскен сайын жүректі сыздатады...

DSC 1690

1942 жылдың мамыр айында Ордабасы ауданы Ленин туы ауылында (қазіргі Қажымұқан) Омаровтардың шаңырағында үш бірдей азамат соғысқа аттанып кете барды. Ағайынды Сұлтанбек пен бауыры Момбек және Отанын қорғауға асығып, жасын үлкейтіп көрсеткен Сұлтанбектің ұлы Төрегелді Арыс станциясынан пойызға отырып, майданға бет алады.

Алдымен Сұлтанбек Қара теңіз жағалауындағы Грузяның Батуми қаласына бір жыл әскери дайындықтан өтеді. Одан кейін Польшаның Львов қаласын жаудан азат етуге қатысады, ары қарай Германияға бет алады. Үш жыл майдан даласында Ұлы жеңісті жақындатуда талай мұз жастанған күндері әлі күнге дейін есінде. 

– Төбемізде жаудың самолеті, орманның әр бұрышынан оқ қарша борауда. Жау оғының қайдан келіп тиерін білмейміз. Жаныма жақын тартып жүрген досым көз алдымда жан тапсырды. Өшпенділік оты маздап, 12 жауынгердің көзін жойдым, – деді қарт майдангер. 

Ұлы Отан соғысының ардагері ғасырға жуық өмірінде ас талғап, күпіршілік жасамаған. Өйткені, бейбіт күн мен қара нанның қадірін соғыс көрген жандардан артық кім білсін?!. 

– Бір түйір қара нанға зар болған күндер аз болмады. Сондықтан немере-шөберелерімді ысырапшылдықтан сақтанып, асты қадірлеу қажеттігін жиі айтып, қайғылы болса да соғыста басымнан өткен осынау оқиғаларды айтып отырамын. Себебі олар бейбіт күннің, тыныштықтың қадірін білсе деймін – деді қария. 

DSC 1745

Төрегелді Сұлтанов 1945 жылы Ұлы Жеңіс әуені шырқалғанда Литва қаласында болатын. Дегенмен жауынгер соғыстан қираған Вильнюс қаласын қайта қалпына келтіру жұмысына қалып, туған елге 1949 жылы оралады. 

Елге келген соң жауынгер Шымкент педагогикалық институтының тарих-география факультетін бітіріп, Қажымұқан ауылындағы мектепте ұзақ жылдар ұстаздық қызмет атқарады. Төрегелді қария талай шәкірт тәрбиелеп, ауылының өсіп-өркендеуіне үлес қосқан қадірлі жан екенін жерлестері мақтанышпен айтып отырады. Ұлы Отан соғысының ардагері, еліне абыройлы еңбек етіп, үлгілі ұстаз атанған ол Оңтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы. 

Төрегелді қарияның жасы тоқсанның бесеуінде. Бүгінде Шымкент қаласында тұрады. Жары Сәндікүлмен бірге тәрбиелеп-өсірген 3 ұл, 1 қызы жоғары білім алып, медицина, құқық қорғау, білім беру салаларында қызмет етеді. Ұл-қыздарынан 9 немере, 14 шөбере сүйіп отыр. Атадан тараған ұрпақ батыр аталарының ерлігін мақтан етеді. Сұм соғыста жалындаған жастығында ұрпақтың жарқын болашағы үшін құрбан еткен тұлғалардың ерлігі мен өрлігін біз де ұмытпаймыз.

Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі.