Тарихта өз орны бар Жалаңтөс Баһадүр Избранное

Пятница, 11 Май 2018 05:38 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 7819 раз

«Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» дейді халық даналығы. Дегенмен, тағдырдың талқысымен өзге елде сұлтан болған Мысыр елінің сұлтаны қыпшақ Бейбарыс, Пекин билеушісі жалайыр Мұқали, Хулаку ханның бас нояны найман Кетбұға, Кашмир билеушісі Мұхамед Хайдар Дулатилер қатарына Самарқанд әмірі алшын Жалаңтөс Баһадүрдің атын қоя аламыз ба? Әрине, қоя аламыз. Бұл жөнінде белгілі тарихшы Манаш Қозыбаев өзінің «Тұлғалар тұғыры» кітабында жазып қалдырды.

Жалаңтөс

"Жалаңтөс Баһадүр (1576-1656 жж өмір сүрген) қазақ ханы Есімге емес (шамамен туған жылы 1560-1628 жж.), неліктен Бұхара хандарына қызмет етті?" деген заңды сұрақ туындайды. Осы сұраққа жауап беріп көрелік.
Өзбек жазбалары Жалаңтөс Баһадүрдің туған жерін Самарқанд қаласы деп көрсетеді. Өйткені, Жалаңтөстің бүкіл саналы ғұмыры Бұхара мен Самарқандта өткен. Қазақ шежіресі бойынша Жалаңтөстің әкесінің аты – Сейітқұл. Өзбек зерттеушілері Жалаңтөстің тегін Абдулкерим Бойхожи-уғли Яланг-туш деп жазады. Олар «Сейітқұл» деген есімді «Махдум Ағзам» атты ясауия ілімінен тарайтын тарихатты ұстанушы пірі берген деп жазады. Жалаңтөстің әкесі және өзі де Қожа Хошим Дахбеди дейтін пірдің шәкірттері болғаны туралы мәлімет бар. Сейіт қожаларда Саид-Ахмад, Саид-Жаппар, Саид-Баттал секілді есімдер жиі кездеседі. Оларда өз шәкірт-мүридтеріне Саид-Қул (Сейітқұл) деп есім беру салты болды.
Жалаңтөс өз заманында-ақ жазбагерлердің дәріптеу нысанына айналды. Сол жазбаларды талдаған өзбек зерттеушісі К.Каттаев «Махдуми Аьзам ва Дахбед» атты шығармасында Жалаңтөс Баһадүр бар ықыласымен Имамқұли ханға (1611-1642 жылдары билік құрған) қызмет еткен даңқты қолбасшы, ұстаз жолын қуушы, Самарқанд қаласын гүлдендірген жомарт әмірші болғанын көрсетеді.
Қазақ ханы Шығай және оған ықпалды адамдардың бірі болған Жалаңтөстің әкесі Сейітқұл бидің өз тайпаластарымен Самарқанд аумағына қоныс аударуының себебі Бұхара ханы Абдулла ІІ-нің (1557-1598 жж билік құрған) ішкі жауларына қарсы күресте өзара одақ құруына байланысты болды. 12 жасында Жалаңтөс сол кезеңде мұсылман әлеміне аты әйгілі Бұхарадағы «Мірараб» медресесіне қабылданады. 17 жасында Әлімұлы тайпасының бір бөлігінің биі болып сайланады. Абдулла хан ІІ құрған жоғары дәрежелі қолбасшыларды даярлайтын оқу орнында оқиды. Онда болашақ хан Имамқұлмен танысып, онымен өзара сыйластық қатынасы орнайды. 1595-1598 жылдары Бағдад қаласындағы имам Ғазали негізін салған медреседе оқу-білімін жетілдіреді. Өзбек, парсы, араб тілдерін және әскери өнерді, шариғатты (Құран) жетік меңгереді.
Имамқұли хан қазақ хандығынан жері құнарлы, халқы мол Ташкент пен Түркістан өңірін және Жетісуды тартып алуды мақсат етті. Бірнеше рет өзі жорық жасады, Жалаңтөсті де аттандырды. Жалпы, Имамқұли хан және Жалаңтөс Баһадур Бұқар хандығының жасағын бастап, өңірге бес рет жорықпен келген екен. Біріншісі, 1609-1612 жылдары Әндіжанды билеп отырған қазақ сұлтаны Абулай және Түркістандағы қазақ ханы Есім ханмен шайқасып, алдымен Әндіжанды, кейіннен Ташкент пен Түркістанды Бұқара хандығына қаратқан. Осыдан кейін Есім хан алдымен қырғыз тайпалары арасында, кейіннен Шығыс Түркістанға кетуге мәжбүр болған. Онда Есім хан алты жылдай болып, шамамен 1621-23 жылға қарай Түркістанға қайтып оралады. Есім хан Қасым ханның «жолдарын» (заңдарын - Б.А.) қайта жандандырып, оны өзінің «жолдарымен» күшейту арқылы ыдырап бара жатқан қазақ тайпаларын өзінің туы астына біріктіруге күш жұмсайды.
Екінші жорық Имамқұли хан 1613 жылы Ташкентте қазақ ханы етіп бекіткен Тұрсын ханға қарсы 1621 жылы жасалды. Ол жеке-дара билік құрмақ болып, өз атынан ақша шығарған кезде оған Жалаңтөс Баһадүрді аттандырады. Тұрсын хан Жалаңтөспен бейбіт бітімге келеді. 1636 жылғы үшінші жорықта Сайрам, Түркістан мен Сыр өңірін Бұқара хандығының иелігіне қайта қаратты. 1640 жылы жоңғарлар «хан иесіз жатқан Жетісуға» барлап кіреді. Жалаңтөс 30 мыңдық қолмен келіп, жоңғарларды өңірден қуып шыққаны оның төртінші жорығы. Жеті жылға жуық жоңғардың тұтқынында отырған сұлтан Жәңгірді босатып шығаруда және 1643 жылғы Орбұлақ түбіндегі шайқаста оған көрсеткен көмегі қазақ тарихында өшпестей із, өнегелі іс болып қалды. Жәңгірге Жалаңтөстің қолдауынсыз жоңғарларға тойтарыс беруі мен хандық билікті қалпына келтіруі қиынға соғар еді. Қазақ хандығы үшін мұндай одақтастықтың жоңғарлармен соғыста маңызы аса жоғары болатын.
Жалаңтөс Баһадүр алғашында Жәңгірдің әкесі Есім ханмен соғыс жағдайында болса, кейіннен онымен өзара сыйластық қатынас орнатты. Оған дәлелді тарихшы-шығыстанушы Меруерт Әбусейітова тәжік тарихшысы Мухаммед Юсуф Муншидің еңбегін орысшаға аударып талдаған жұмысында көрсетеді. Онда шайхылардың бастамасымен Ташкенттегі қазақ билеушісі (Есім хан - Б.А.) мен Мауреннахр билеушілері арасында бейбітшілік орнату жөнінде келісім болғаны айтылған. Келісім-шартта «...Самарқанд әскерлері Ташкентке қарсы ешқандай әрекет жасамасын... Түркістандағы «Әзірет сұлтан» кесенесі және Мауреннахр шайхыларына қамқорлық жасалсын» деген сөздер болғанын атап өткен орынды. Есім ханға Имамқұли ханмен жауласудан гөрі өзара одақтас болуға баулитын осы келісім-шартты ұсынуда Жалаңтөс Баһадурдің ықпалы болғанын аңғару қиын емес. М.Әбусейітова «...Бұл келісім-шарт Түркістанды түпкілікті түрде, Ташкентті 200 жылға және Ферғананы уақытша Қазақ хандығының құрамына қосты» деп баға берді. Сонымен қатар тарихшы-профессор Б.Кәрібаевтың Жалаңтөс Баһадүрдің туғанына 440 жыл толуына орай өткен конференцияда жасаған баяндамасында «Жалаңтөс батырдың қазақтың қай ханына қолдау көрсеткенін нақты дөп басып айту қиын. Дегенменде, ол Есім ханға бүйрегі бұрған деуге болады. Оған бірнеше жанама дәлел бар. Егер Тұрсын хан Жалаңтөс батырдан әскери қолдау көрсе, онда ол Есім ханнан жеңілмеген болар еді. Екіншіден, Есім ханның мұрагері әрі ұлы Жәңгір хан мен Жалаңтөс батыр арасындағы қатынастың өте шынайы, таза болуын Жалаңтөс пен Есім хан арасындағы қатынастардың жалғасы деп есептейміз» деп түсініктеме береді. Осыдан Жалаңтөстің қазақ ханына іштей жақтас әрі хандықтың нығаюына мүдделі болғанын байқаймыз.
Науқастанып, көзі соқыр болып қалған Имамқұли хан туған інісі, Балх өңірінің билеушісі Надирмұхамедке (билік құрған жылдары -1642-1645) Бұхара ханының тағын тапсырып, өзі Меккеге қажылық сапары кезінде 1644 жылы өмірден өтеді. Жалаңтөс Надирмухамедханның баласы Абдулазизге қамқорлық жасай жүріп хандықтағы ең ықпалды адамдардың бірі ретінде қазақ-бұқара арасын одақтас қатынасқа айналдырды.
Айталық, 1645 жылы Бұхара хандығы тағынан озбыр Нармұхаммед аластатылып, орнына Салқам Жәңгірдің күйеу баласы Абдулазизді отырғызуы Жалаңтөстің қазақ ханына жасаған үлкен сыйы болған деп қараймыз. Сонымен қатар жазбагер Хожамқұлибек Балхидің «Тарихи Қыпшақи» атты еңбегін аударған Жұлдыз Тулибаева көрсеткендей, Жалаңтөс 1646 жылы Бұқара және қазақ жасақтарын Үндістан билеушісі Шах Жаханның ұлы Әуренгзебке қарсы жорық ұйымдастыру туралы Ташкентте үлкен құрылтай өткізді. Абдулазиз хан екі жүз мыңға жуық біріккен қазақ-бұхара қолын басқаратын болып, құрамында Жалаңтөс Баһадур «Аталық», Салқам Жәңгір бар екі жылға созылған соғыста Әуренгзеб жасағын Бұхара хандығының оңтүстіктегі иеліктерінен қуады. Соғыста көрсеткен зор көмегі үшін Абдулазиз хан қайын атасы Салқам Жәңгірді Ташкент пен Сыр өңірінің толыққанды билеушісі деп мойындайды.
«Жалаңтөстен Сатыпалды, Раңбай, Наурыз, Құдайназар деген ұлдар тарайды» деген басқа тарихи дереккөздерде кездеспейтін, тек күмәнді шежірелерде ғана көрсетілетін мәліметтер жарияланып қалып жүр. Осы аталардан тараймыз деп жүрген кей бауырларымыздың шежірені талдауда әлі де нақтылықты қажет ететін мәселелері бар екені аңғарылады. Жалаңтөстің үш қызы және өзінен бұрын қайтыс болған Сұлтанбек (өзбек деректерінде Ойбек - Б.А.) дейтін ұлынан тарайтын тікелей ұрпақтары Самарқанд қаласы мен облыстың Пастдарғом ауданының орталығы Жұма дейтін қалада қоныстанғаны туралы мәліметті Самарқанд мемлекеттік шет тілдері институтының тіл және әдебиет пәндерінің оқытушылары П.Усмон мен Э.Мусурманов келтіреді. Өзбек ағайындар Жалаңтөсті «өзбектің алшын тайпасынан шыққан» дейді. Олар «Ялангтўшбий олчин узбек» деп жазылған «Тарихи Мухимхони», «Тарихи Сайид Рахим», «Вақфнома» атты орта ғасырлық жәдігерлерге сүйенеді.
Айта кеткен жөн, Самарқанд облысы аумағында найман, жағалбайлы, арғын дейтін ауылдар әлі күнге дейін тұр. Пастдарғом ауданының барлық ауыл округтерінде найман, маңғыт, қыпшақ, қытай-қыпшақ, жалайыр-барлас, алшын, табын, тама, телеу, т.б руларға тиесілі халық қоныстанған. Бұлар – тек Самарқанд облысында ғана емес, Өзбекстанның басқа облыстарында да кездесетін тайпалар. Шығу тегіне қызығушылықпен қарайтын өзбектер өздерін «92 баулы өзбек тайпасынан шыққанбыз» дейді. Алшындар қазақ тайпалары құрамында да, өзбек тайпаларының құрамында да ежелден бар. Өзбек шежіресінің басты ерекшілігі сол, оларда үш жүзге бөлінген рулар жоқ.

Жалаңтөс кесенесі

Жалаңтөс Баһадүр жөнінде елімізде осы уақытқа дейін республикалық деңгейде екі рет ғылыми-практикалық конференция өткен. Ақындар айтысы ұйымдастырылған. Осылайша Жалаңтөстің шыққан тайпасының алшын екені, ұлты қазақ екені айқындалып, оған бірнеше ескерткіш, ауыл мен көше аттары берілді. Оның шығу тегінің қазақ екенін алғаш рет ғылыми негізде дәлелдеген Халел Досмұхамедұлы болатын.
Жалаңтөс Баһадүрдің «Низам уд-дин Ялангтуш Бахадур» деген мөрімен басылған вақуфтық-(уақыптық) құқықтық құжаттарын зерттеуші Малик Шах Хусайн Сейстани дейтін жазбагер өзінің «Тарих-ий ал мүльк» атты еңбегінде: «Шердор (өзбек-тәжікшеде Шер – арыстан, ал Дор «дорилфунини» - жоғары дәрежедегі оқу орны деген мағына береді екен - Б.А.) медресесінің құрылысы 1619 жылы басталды (кей деректе 1616 ж - Б.А.), ол алғашында «Жалаңтөс Бахадүр» медресесі деп аталған. Кейіннен оған «Арыстан салдырған оқу орны – Шер-Дор» деген атау берілген...» деп жазады. Өзбек халқының жадидшіл ұлы ағартушысы Махмудқожа Бехбудий 1913 жылы «Айна» журналында жариялаған мақаласында: «...бір-біріне ұмтылған екі арыстанның жалаң төстеріне күн нұры шашырап тұр..., олар жарыққа (білімге), жылылыққа (мейірімге) ұмтылушы...жомарт көңіл батыр (Жалаңтөс) бейнелегендей...» деген тәлсімде суреттейді.
Жалаңтөс Баһадүр Самарқандтағы Әмір Темір негізін қалап кеткен Регистанды кеңейтіп, көркейтті. Осы Регистанды тамашалауға дүние жүзінен туристер келеді. Олар әлемге әйгілі архитектуралық ғимараттарды (ЮНЕСКО тізіміндегі - Б.А.) салдырушы Жалаңтөстің атын біліп қайтады. «Регистан» сөзі орыстың «Кремль» дегендей мағына береді. Ресейде орыс княздері салдырған кремлі бар бірнеше қалалар бар. Оның ең үлкені Мәскеудегі Кремль болып саналады. Орталық Азиядағы сондай архитектуралық жалғыз ансамбль – Самарқандтағы Регистан.
Қорыта айтсақ, Жалаңтөстің қабірі өз өсиеті бойынша Самарқандта қойылды. Жалаңтөстің қазасынан кейін Бұхара хандығындағы алшындардың басым бөлігі оның немере інісі Әйтеке бидің төңірегіне топтасып, қазақ хандығының туы астына өте бастады.
Алтын Орда империясы ыдырағаннан кейін оның орнында пайда болған 7 мемлекеттің ішінен күні бүгінге дейін аман жеткені әрі мұрагері – Қазақ мемлекеті. Дәлірегі, қазақ-өзбек мемлекеті. Бұл ұғымды қабылдауға қиындау болып көрінгенімен, тарихи шындық солай. Ерте ме, кеш пе, мұның ақиқатына көз жеткіземіз. Өйткені, орта ғасырлық бірқатар жазбаларда «қазақ-өзбек» атауы бір ұғымда қолданылған. Көшпелі Өзбектер мемлекетінен Қазақ хандығы бөлініп шыққан соң оның мұрагері Мухамед Шайбани ұлысының халқы өздерін «өзбектерміз» деп атап, кейіннен олар Бұхара, Қоқан және Хиуа хандықтарының үстем халқына айналды...

Бахадыр АЙТАЙ,
ОҚМПУ-дың аға оқытушысы,
тарих ғылымдарының
кандидаты

Последнее изменение Пятница, 11 Май 2018 11:30
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.