Басты мақсат – тағам тазалығы Избранное

Среда, 16 Май 2018 05:20 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 4310 раз

Биылғы көктем Шымкентте шулы бір оқиғамен басталғанын білеміз. 188 адам (оның көбі мектеп жасындағы балалар) көше бойындағы сүт өнімінен дайындалатын балмұздақтан уланды.

WhatsApp Image 2018-05-11 at 12.58.52

Шаһар басшысы Нұрлан Сауранбаев осы жағдайға байланысты балалар тамақтануы мүмкін барлық сауда нүктелері мен асханаларды қатаң бақылауға алуды тапсырды. Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес мектеп асханалары да назарға алынды. Қалалық қоғамдық кеңес мүшелері және жергілікті «Нұр Отан» фракциясының өкілдері мектеп асханаларындағы санитарлық талаптарының сақталуына мониторинг жүргізуді қолға алған-ды.
– Оқу жылының соңына дейін қаладағы білім ошақтарының асханасын көзбен көріп, кем-кетігін анықтап, келесі жаңа оқу жылы басталғанша сол кемшіліктерді жою бағытында мектеп басшыларымен бірге жұмыс істейтін боламыз, – дейді қоғамдық кеңес төрағасы М.Битеміров.
Жұмысшы топ алдымен Пушкин атындағы №1 мектеп-гимназиясының асханасын көріп, «Мониторинг барысында көш бастап тұр, тазалығы үлгі алуға тұрарлық» деп таныды. Ал Жолдасбеков атындағы №9 лицей директоры Анар Аманқұлова қоғамдық кеңес құрамында жүрген қалалық мәслихат депутаттарына өз ұсынысын жеткізді.
– Мектеп асханасына байланысты бұған дейін де бірқатар мәселені алға тартып, хат жолдағанбыз. Мониторинг барысында сол ұсыныстарымызды назарға алып, қаражат бөлу жағын ескерерсіздер, – деді ол.
Қоғамдық кеңес мүшесі Б.Төлегенов бұл мәселеге мәслихат отырысында да қозғау салатынын айтты.
– Мониторинг барысында мектеп ауласынан тыста орналасқан сауда нүктелерінің де жағдайын назарға аламыз. Олардың қаншалықты заңды және санитарлық талаптарға сай жұмыс істейтінін анықтап, кемшілікті болдырмауға шақырамыз, – дейді Мұхтар Битеміров.
Қоғамдық кеңес келесі мониторингті қала аумағына енген елдімекендегі мектептерде жүргізуді ұйғарды.

Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.