Қауіпті аймаққа экСПИДиция Избранное

Пятница, 18 Май 2018 05:13 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 3320 раз

Ол есіктен ішке кіруге батылым бармады. Құлаққаптан «Ішке кіруге дайынсыз ба?» дегенде жүрексіндім. Соңғы күшімді жинап есікті аштым да ВИЧ індетіне шалдыққан алматылық Эльмираның кейпіне еніп, оның әлеміне виртуалды сапар шектім...

IMG 7456-768x494

ВИЧ-ке дейін

...Сылағы құлаған пеш. Күн көзі түспеген жадау бөлме. Ескі көрпе-жастық бір бұрышта үйіле жиналған. Пеш алдында шашылған отын. Оттағы шәугім сынық плитадан шыққан жалынға шарпылып, күйлештенген, шашылған отынға қарап отырмын. Анамның жылаған даусы шықты. Тағы да ұрыс-керіс басталды. Құлағымды түре ағаш үстелге отыра кеттім. Әкемнің дөрекі сөздеріне шыдай алмады ма, анамның «ажырасамын сенімен» деген сөзіне жүрегім дір етті. Айқайлаған ащы даусы шықты, тағы да қол жұмсады-ау... Қайда қашып, тығылсам екен? Тыныш жер бар ма? Сәл шыдайын, мектепті бітіретін уақыт та таяу қалды. Ертерек Алматыға оқуға кетіп, мына сұмдықтан құтылсам екен... (Келесі бөлмеге өтіңіз деген нұсқаулық келді).
...Жарқ-жұрқ еткен жарық, даңғаза музыка үні, үстел үстінде босаған сыра бөтелкелері. Мына көріністі көріп, кафеде қалуға зауқым соқпады. Жатақханаға көңілсіз оралдым. Қанат мені жақсы көрем деуші еді. Бүгін де жоқ. Соңғы көргенімде менен кететінін айтқан еді. Жауапсыз махаббатқа төзбеспін.
«Осы сен неге ылғи бөлмеңнен шықпайсың? Көңіл көтеріп, өмірдің рахатын көрмеймісің» деген көрші бөлмедегі Айгүлдің даусы сан-саққа жүгірген ойымды кенеттен бөліп жіберді. Осы қыздың жүріс-тұрысы ұнамайды. Кіржің еткен түрімнен жақтырмағанымды байқады ма, бөлмеден шығып кетті. Өмір түгілі мына бөлменің өзі неткен суық, сұрықсыз еді. Жегідей жеген ойлар маза берер емес.
Ауылдан хабар келді, анам әкемнен біржола кетіпті.
Баянсыз махаббат, ата-анаға керексіздігің...бәрін, бәрін ұмытқың келе ме? Айгүлдің қақпанына түсіп, ере барған кеште базбіреудің қолыма қалай инені салғанын байқамай да қалдым. Есірткіге тәуелдімін енді... Шәкіртақым, ауылдан келетін бес-алты тиын бәрі жұмсалды. Тығырықтан шыға алар емеспін. Ауылдан құрбым телефон шалмағанда азапты күндерім жалғаса берер ме еді? «Эльмира, мен Алматыға барам, жолығайық» деген бала кезден бірге өскен жан құрбымның сөзін жерге тастай алмадым. Саябақта кездестік, досымды көргенде егіле жылап, басымдағы оқиғаларды баяндадым. «Есірткіні бір инемен қолданғанда ВИЧ инфекциясы жұғатынын білесің бе? Өтінемін, сенімді болу үшін алдымен ВИЧ-ке тексеріл, сосын есірткіден құтылудың амалын қарастырамыз. Сен жассың, бар өмірің алда» деді.
...Емхананың дәлізінде қан сараптамасын күтіп отырмын. Тар терезеден қолыма ВИЧ дертін жұқтырғанымды растайтын қағаз ұстатты. Қолымда бір жапырақ қағаз, жанарымнан аққан жасты тыя алмай, бөлмеден шығуға асықтым.

 

Дерттен қайтыс болғандарды еске алу күні

Бұл – «Сәлем» қоғамдық бірлестігінің қауіпті аймаққа «Экспидиция» жобасы. Мұнда кез келген адам ғасыр дертіне шалдыққан науқастың шынайы оқиғасын өз басынан кеше алады.
Мамыр айының үшінші жексенбісі – ЖИТС дертінен қайтыс болғандарды еске алу күні. Облыстық СПИД-тің алдын алу және онымен күрес орталығы және «Сәлем» қоғамдық бірлестігі жыл сайын 29 сәуір мен 19 мамыр аралығында дертпен күрес айлығын ұйымдастырып, іс-шара жоғарғы оқу орындары мен колледж студенттерін қамтиды.
– АИТВ/ЖИТС-ке шалдыққан науқастарға қатысты қоғамда қорқынышты және қате ақпарат бар, сонымен бірге кемсітушілік те байқалады. Мұндай қалыптасқан көзқараспен күресу үшін дәстүрлі білім беру жеткіліксіз. «Біреудің жанын ұққың келсе, оның аяқ киімімен бірнеше шақырым жүріп өт» деген мақал бар. Жобаға қатысушы тек кейіпкердің өміріне еніп қоймайды, дерттің медициналық, әлеуметтік және экономикалық салдарымен танысады және АИТВ-ты жұқтыру қаупіне жол бермейді, – дейді «Сәлем» қоғамдық бірлестігінің бас директоры А. Кушкимбаев.
Гонконг қаласынан басталған жоба Шымкентте 2013 жылы іске қосылған. ТМД елдері арасында жобаны алғаш қолға алған бірден-бір мемлекет –Қазақстан. Арман Кушкимбаевтың айтуынша, мұнда жылына 1500-ден астам жас саяхат жасайды екен.
Облыстық СПИД-тің алдын алу және онымен күрес орталығы мамандарының дерегінше, АИТВ/ЖИТС дертімен диспансерлік есепте тұрғандар саны 3 237 адамды құрайды. Олардың 80%-ы – 22-49 жас аралығындағы науқастар. 1993 жылдан бері ЖИТС-тен көз жұмғандар саны 104 адамға жеткен.
– Айлық шарасында жастарға дерт туралы қосымша ақпараттарын жетілдіріп, АИТВ қай уақытта жұғып, жұқпайтынын, жұғу қаупіне жол бермеуде қандай жағдайларға мән беру қажеттігін айтамыз, – дейді орталықтың маманы Назира Жүргенбаева.
Облыстық политехникалық колледждің 3 курс студенті Бибігүл Жандар АИТВ туралы жиі еститінін айтады. «Адам науқастың өміріне ену үшін заманауи технологияларды қолданып, үлкен жұмыстар жасалғанын көрдім. АИТВ туралы ақпараттарды естіп жүргенімен, ауырған адамның жағдайын басыңнан өткізу бір бөлек дүние екен. Екіншіден, осы салада жұмыс істейтін дәрігерлер ауруды жұқтырып алмаудың жолдарын жақсы түсіндіріп берді», – деді Бибігүл.
Орта Азия әлем бойынша АИТВ індеті ең көп таралған аймақтардың бірі саналады. БҰҰ мәліметіне сүйенсек, кеселді жұқтырғандардың 80%-дан астамын жасы 30-ға толмаған адамдар құрайды екен. Осындай келеңсіздіктің алдын алу мақсатында бүгінде дерттің алдын алу шаралары жастар арасында көбірек насихатталуда.

Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі.