Әскерге аттанды сарбаздар Избранное

Среда, 23 Май 2018 09:30 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 3006 раз

Қазақстан қарулы күштерінің сапына биыл Оңтүстіктен 2500 сарбаз қосылды.

11

Жас ұландарды Отан алдындағы борышын өтеуге салтанатты түрде шығарып салу рәсімі Шымкенттегі Наурыз алаңында өтті. Салтанатты жиында өңір басшысы Ж.Түймебаев облыстың аумақтық қорғаныс бригадасының әскерлерін марапаттады. Олар Отан қорғаушылар күніне орай ұйымдастырылған жауынгерлік парадта өздерінің жоғары дайындығын көрсете біліп, әскери қызметі және ішкі тәртіпті ұйымдастыру конкурсында І орынға ие болған.
– «Тәрбие – тал бесіктен басталады» деген атам қазақ көкірегінде намысы бар, бойында күш-қуаты бар, Отан үшін отқа түсетін ұрпақ өсірді. Сол ұрпақтың жастарынан Қазақстан әскері жасақталуда. Әр адам Отан сүюді өзінен бастаса ғана нәтиже шығады, яғни ел дамып, жер көркейеді. Міне, сол үшін де әр азамат өз деңгейінде еліміздің өркендеуіне, гүлденуіне, тыныш әрі бейбіт өмір сүруіне үлес қосатынына сенімдімін, – деді Жансейіт Қансейітұлы.
Салтанатты іс-шараға қатысқан Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-лейтенант Талғат Мұхтаров жыл сайын мерзімді әскери қызметке 24 мың азамат шақырылса, оның 4 мыңға жуығы Оңтүстік Қазақстан облысының жастары екенін атап өтті. Әскери шараға, сонымен қатар, әскер қатарына аттанушылардың ата-аналары қатысып, 35-748 әскери бөлімінің жауынгерлері мен Сабыр Рахымов атындағы «Жас Ұлан» мектебі тәрбиеленушілерінің әскери парадын тамашалады. Салтанатты жиын соңы концерттік бағдарламаға ұласты.