Версия для печати

Мониторинг жалғасады

Пятница, 25 Май 2018 10:25 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 2650 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Шымкент қалалық қоғамдық кеңес мүшелері мектеп асханаларына мониторинг жүргізу жұмыстарын қорытындылады.

DSC 9119

– Оқу жылының аяқталуына байланысты мектеп асханалары өз жұмысын тоқтатады. Сондықтан біз де бүгінге дейінгі жұмыстарды қорытындылап отырмыз. Мониторинг барысында бірқатар мектеп басшылары өз өтінішін жеткізді. Ал қоғамдық кеңес тарапынан біз де кәсіпкерлер мен мектеп басшыларына ұсынысымызды айттық. Кей мәселелерді қалалық әкімдік, қалалық мәслихат депутаттары және білім бөлімімен бірлесе отырып шешу қажет, – деді қоғамдық кеңес төрағасы М.Битеміров.
БАҚ өкілдерімен өткен жиында қалалық мәслихаттың депутаты Н.Бұхарбаев асханалық қызмет көрсететін кәсіпкерлер жайлы бір шикіліктің шетін шығарды.
– Біз қызығы, мониторинг барысында мектеп асханасында қызмет көрсету бойынша тапсырыс алған 1 ғана кәсіпкер бірнеше мектепте қызмет көрсетуді ұтып алған. Бірақ, сол мектептің бәріне өзі қызмет етпей, білім бөлімі талапқа сай келмейді деп тапқан жеке кәсіпкерлерге жалға беріп отырған. Бұл дұрыс емес. Келісім-шарт кіммен түзілсе, сол кәсіпкер қызмет көрсетуі шарт. Жалға беруге мүлде болмайды. Балалардың дұрыс тамақтануынан пайда табуды қалай жоғары қоюға болады? – деді Н.Бұхарбаев.
Қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары Ғабит Нысанов та бұл ақпаратты растады.
– Жаңа оқу жылында мұндай әрекеттерге жол бермеудің жолдарын қарастырамыз. Қазіргі тәртіп бойынша асхана қызметіне мектеп директоры да араласа алмайды, – деді ол.
Мұхтар Битеміровтың айтуынша, мониторинг жүргізіліп үлгермеген мектеп асханаларындағы жағдайды нақтылап, не қажет, не бар, не жоғын түгендеп, тізімін тапсыру директорларға жүктелген. Мұндағы мақсат – қыркүйек айына дейін мектеп асханасындағы қол жууға арналған орындар, орындықтар, тоңазытқыш, тағы басқа қажеттіліктерге қаражат бөлуді ұйымдастыру. Осылайша жазғы маусымда бірқатар қажеттіліктердің орны толса, күзде жаңа оқу жылы басталып, мектеп асханалары қызметін бастағанда мониторинг жүргізу жұмыстары қайта жалғаспақ.

Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.