АЛЛЕРГИЯ жеңіл ауру емес Избранное

Среда, 30 Май 2018 04:10 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 4561 раз

Шымкент қаласындағы аллергоорталықтың ашылғанына 40 жыл толды. Тарих таңбалаған көпжылдық тәжірибенің құрметіне жуырда «Аллергологияның және пульмонологияның өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік Конференция өтті.

 

IMG-20180518-WA0013

Ресей, Өзбекстан, Қазақстанның барлық өңірлерінен келген медицина саласының үздіктері бас қосып, соңғы жылдары белең алып бара жатқан аллергиялық ауру түрлерін емдеу тәжірибесімен бөлісіп, оның пайда болу себептеріне тоқталды. Конференцияны ашып берген ОҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев «Соңғы жылдары аурудың бұл түріне шалдыққан азаматтардың күрт артуына байланысты, халықаралық деңгейдегі мұндай жиынды тұрақты түрде ұйымдастырудың пайдасы мол» дейді. Баяндама жасаушылар қатарында м.ғ.д., профессор, «Аллергологтар және клиникалық иммунологтар ассоциациясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрайымы Жанат Испаева тәжірибеден өткен дәрілік заттардың көрсеткіші жайлы мәлімет берді.
– Аллергияға қарсы «Момат Рино Адванс» спрейін тағайындау нәтижесінде аурудың тыныс алу жолдарындағы белгілері 89,6%-ға, ал жалпы белгілер 92,8%-ға төмендеген. Дегенмен, әлемдік тәжірибелерге сүйенсек, әрбір науқас үшін бір ғана дәрі-дәрмек тағайындау және дәл сол дәрінің әсерімен дертіне шипа табуы өте маңызды, – дейді Жанат Бақытқызы.
С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университеті «Аллергология және клиникалық иммунология» кафедрасының меңгерушісі Ж.Испаева «Аллергиялық риниттің жаңаша емі» атты баяндамасында «Мометазона», «Мометозол», «Кларисан», «Асметозол» дәрілік препараттарын кеңірек таныстырып, олардың қолдану әдісіне, әсер етуі мен тиімділігіне тоқталды.
Ал Өзбекстан дәрігерлері ассоциациясының мүшесі Мамлакат Рустамова:
– Соңғы кездері бұл аурудың көбеюіне тағам құнарлылығы мен құрамындағы өзгеріс себеп болып отыр. Әрине, экологиялық ахуалдың ықпалы да айтарлықтай, – дейді.
Өзбекстандық дәрігер қазақстандық әріптестерінен аллергиялық ренит және аллергиялық конъюктивит жайлы өте қызықты мәліметтерді естіп, тәжірибеге қажеттілерін түртіп алыпты. Бұл конференцияға науқасты ең бірінші қабылдап, аллергологқа жолдайтын өңірдің терапевт, педиатрлары да қатысты. Енді олардың аллерголог, пульмонологтармен өзара байланысы арта түспек.
– Аллергиялық аурулар ел ішінде қауіпті деп танылмағандықтан, ем алушылар оған аса мән бермейді және өздігінен ем қабылдайды. Нәтижесінде науқасы аз тіркелген саланың медициналық бағытта ілгерілеуіне кері әсерін тигізеді. Біздің мақсат – осы кемшіліктерді болдырмау, – дейді Шымкент қалалық көпсалалы ауруханасының бас дәрігері Рамазан Бектұрғанов.
Шымкент қалалық көпсалалы ауруханасының «Аллергология бөлімшесі» 1978 жылы «Фосфор ауруханасының» құрамында ашылғанда 60 ғана төсек орынға арналған-тын. Аллергиялық бөлімше бүгінде жылына 2400-2600 науқасты емдейді. Науқастардың 65 %-ын бронхы астмасымен ауыратындар құрайды. Аурухананың қабылдау бөліміне тәулігіне есекжеммен 15-20, бронхы астмасы ұстамасымен 10-ға жуық науқас келіп түседі. Санавиация желісі бойынша бір жыл көлемінде облыс бойынша 30-ға жуық, ал қала аумағында перзентханаларды қосқанда 200-ге жуық шақыртуға қызмет көрсетіледі.

20180518 125907

Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.