Версия для печати

Трансплантациялау бірнеше адамның өмірін құтқарады Избранное

Среда, 30 Май 2018 04:13 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 3108 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Ағза мүшелерінің трансплантациясы Шымкент қалалық жедел медициналық жәрдем көрсету аурханасында 2013 жылдан бастап практикаға енгізілген. Бүгінге дейін 100-ге жуық бүйрек, 16 бауыр ауыстыру отасы жергілікті тұрғындармен қатар шетел азаматтарына сәтті жасалды. Еліміздегі орган ауыстыру бойынша үшінші аурухананың жағдайы, бүгінгі жай-күйімен танысып қайтқан едік...

569094316794d

Сұхбатқа келісілген уақыттан ерте келгеніммен, аурухана ішінде дәрігерді біраз іздеуге тура келді. Тіпті, адасып, бір-біріне жақын орналасқан қос ғимараттың ішін екі қайтара шарлап шықтым. Бауыр, бүйрек трансплантологиясы және гепатопанкреатобилиарлық хирургия бөлімшесін әрең таптым. Бөлім меңгерушісі Сәбитхан Байтеміров жиналыста екен, келген бойда уақытты созбай сұхбатымызды бастап кеттік. Бір байқағаным, кейіпкерім тәжірибелі дәрігер болғанымен қарапайым жан.

Хирургиядағы ең күрделі ота

Адам дене мүшесін бірінен алып, екіншісіне қайта салу күрделі процесс және қымбат ота түріне жататыны белгілі. Ондай ота мемлекет есебінен органға кезекте тұрған ел азаматтарына тегін жасалып келсе, биылдан бастап шетелдіктерге де ақылы операциялар жасалуда. Бүгінге дейін Канада, Германия, Румыния, Израильдан келген 6 науқас ағза трансплантациясы үшін аталған аурухананың дәрігерлерінің көмегіне жүгінген.
– Ол науқастар емнің сапасымен қатар отаның арзан болғаны үшін біздің аурухананы таңдайды. Сайттардағы медициналық туризм жөніндегі мәліметтерге сүйеніп келген. Алдағы уақыттарда ондай операциялар көбейе түспек, – дейді жоғарғы санаттағы хирург Сәбитхан Тұрғанұлы. – Мұндай оталар Еуропа елдерінде 100 мың АҚШ долларының үстінде жасалса, ал біздің аурухана тарифі бірнеше есе төмен. Және оны білікті дәрігерлерден құралған арнайы топ жасайды. Аурухананың бас дәрігері Мәди Бигалиев бастаған хирург-трансплатолог, реаниматологтармен қатар науқастардың жағдайын бақылайтын лаборатория, УДЗ, томография, диагностика саласының дәрігерлері күрделі саналатын оталарды сәтті жасап келеді. Олар – Қазақстан мен алыс-жақын шетелдерде білім алған жоғары санаттағы дәрігерлер. Атап айтсақ, Оңтүстік Корея, Беларуссияда, өзіміздегі Астана, Алматыда оқыған. Сонымен қатар ауруханамыз да науқастарды емдеу үшін жаңа заманауи аппарат, құралдармен жабдықталған.

«Донор тапшылығы қолбайлау болып отыр»

Дәрігердің айтуынша, ағза ауыстыру процесі екі түрде жүзеге асады. Бірі – тірі, екіншісі миы тоқтағаннауқастардың донор есебінде органдарын алу арқылы жасалады. Екі донорға тоқталып өтсек. Біріншісінде науқастың туысы немесе басқа азаматтар өз ағзаларын ұсынады. Ескертетін жәйт, мемлекетімізде азаматтар органын туыстарынан өзгелерге ауыстыруына немесе саудалауға заңмен тыйым салынған. Ал мәйіт донор – бұл миы өлген деген диагноз қойған науқастан туыстарының жазбаша рұқсатымен алынады.
– Әлемнің көп елдерінде тірі донорлар өз ағзаларын басқа адамдарға сатуына рұқсат бар. Бізде ол заңмен шектелген. Ал миы тоқтаған науқастың өмірін бірнеше сағаттан бірнеше күнге дейін реанимациялық әр түрлі шаралар қолдану арқылы ұзартуға болады. Жасанды тыныс алу аппаратымен дем алып, жүрегі де арнайы құрылғының көмегімен соғып тұрады. Егер осы әрекет тоқтатылса, науқас қайтыс болады. Осы диагноз қойылған мәйіт донор болып есептеледі, – дейді дәрігер.
– Жасыратыны жоқ, бізде ондай науқастар кездесіп тұрады. Бірақ оның жақындары көп жағдайда ағзасын өзгелерге беруден қашады. Біреулері дінде жоқ екенін алға тартса, басқалары түрлі себептермен қарсылық білдіреді. Егер мәйіт доноры трансплантациясы дамитын болса, оның өрісі кеңейер еді. Бір миы өлген науқас 7-8 адамға ағзасын беру арқылы олардың өмірін сақтап қала алады. Екі бүйрегі, бауыры, өкпесі, жүрегі сынды дене мүшелері өзгеге өмір сыйлауына мүмкіндік берер еді.

Ақ халат кию – абыройлы һәм адал қызмет

IMG 20180523 170339

Сұхбат барысында Сәбитхан Тұрғанұлы 1996 жылы Ақтөбе медициналық институтын тәмамдаған кезден бастап осы ауруханада қызмет етіп келе жатқанын, медицина саласына ата-анасының ықпалымен оқуға түсіп, дәрігер атанғанын айтты.
–Біз үшін әке-шешеміздің айтқаны заң еді. Осы саланы оқисың деп жол сілтегенде, бала арманымнан қол үздім. Бірақ осы күнімізге шүкір. 20 жылдан астам уақыт хирург-дәрігермін. Ұзақ жылдар бір салада келе жатқанымның бір себебі – медицинаны құрметтеймін. Естіп, көріп жүрміз – көп адам білім алғанымен басқа салаға кетіп жатады. Соңына дейін шыдамай, кәсіпкерлікті қолға алғандары бар. Жұмысымыз таңертеңгілік реанимациядағы науқастарды бақылаудан басталады. Одан кейін бір күнге жоспар түзіп сол бойынша қызмет етеміз. Біз – адам өміріне жауапты мамандармыз. Қандай дәрігер болмасын, артылар жауапкершілік ауыр. Сондықтан абыройлы қызмет ету – басты мақсатымыз.