Версия для печати

Әлеуметтік жұмыс орны тұрақты кәсіпке айналса... Избранное

Понедельник, 04 Июнь 2018 04:09 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 3146 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Шымкентте өткен жылы әлеуметтік жұмыс орнымен 1000-ға жуық азамат қамтылған. Бүгінде мемлекеттік бағдарлама арқылы жұмыс тапқандардың 70-80 пайызы кәсіпорындарда тұрақты жұмысқа қалса, бағдарламаға қатысуға өтінім берген мекемелердің саны 60-қа көбейген.

DSC 2512

Жалпы, әлеуметтік жұмыс табу мүмкіндігі қандай? Оған кімдер қол жеткізе алады? Бүгінгі нарықта бағдарлама аясында қай мамандарға сұраныс бар? Шымкент қалалық халықты жұмыспен қамту орталығының жұмыс іздеушілерді қолдау секторының маманы Жомарт Тәженовпен осы сауалдар төңірегінде сұхбат жүргіздік.

Жалақы мемлекеттен субсидияланады

– Елімізде жұмыссыздардың санын азайту мақсатында ҚР Үкіметінің 2016 жылғы 29 желтоқсандағы №919 қаулысына сәйкес, «Еңбек» «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында әлеуметтік жұмыс орны құрылды. Онда жұмыссыздарды жұмысқа орналастыру үшін жұмыс беруші мекеме халықты жұмыспен қамту орталығымен уағдаласып, жалақылары мемлекеттен субсидияланады. Жұмыспен қамтудың бұл түрі тұрақты жұмыс болып табылмайтындықтан, келісім-шарт 12 айға жасалады. Мемлекеттің көмегі ретінде әлеуметтік жұмыс орнына орталық арқылы жолданған азаматтардың жалақысының 35 пайызы бір жыл бойы субсидия ретінде беріліп отырады. Сонда төленетін қаражат өңірдегі белгіленген ең төменгі жалақы мөлшерінен аспайды, – дейді Жомарт Тәженов.
Сектор маманы кәсіпорын немесе ұйымдарға жолданғандар ауыр, қауіпті және зиянды жұмыстарға жіберілмейтінін айтады. Аталған бағдарламаға қатысу үшін азаматтардың алдымен халықты жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз ретінде тіркелу қажет екенін атап өтті. Сосын 10 жұмыс күні ішінде орталық мамандары бос жұмыс орны бар мекемелерге жолдама береді. Осы жолдама арқылы әңгімелесуден өтіп, екі тараптың талаптары бір-біріне қонымды болғанда ғана жұмысқа қабылданады екен.
– Қаламызда кәсіпкерлік саласы дамып, мамандарға сұраныс бұрынғыдан көбейді. Сондықтан, бұл бағдарлама жұмыс іздеп жүргендерге ғана емес, шағын кәсібін дөңгелетіп отырған кәсіпкерлерге тиімді. Мәселен, шағын бизнесін ашуға ниеттенген кәсіпкер қызметкерлеріне 40 мың теңгеден артық жалақы төлей алмайды делік. Бұл тұста мемлекеттің жеңілдігін пайдаланып, жұмысшыларына тұрақты жалақы төлеп, аяққа тұруына мүмкіндігі бар, – деді жауапты маман.
Айта кетерлігі, әлеуметтік тұрғыда жұмыс іздегендер көбінесе жеңіл өнеркәсіп, қызмет көрсету саласы, коммуналды мекемелерге (көріктендіру, көгалдандыру, тазалық жұмыстары), жеке кәсіпкерлер ашқан шағын бизнеске жолданады. Жұмыс іздеушілерді қолдау секторының маманы нарықтағы сұранысқа ие мамандықтарды саралай келе бүгінде тігіншілікпен айналысатын мамандардың қажеттілігі артқанын айтты. Өйткені, ұлттық құндылықтарға іргелі бетбұрыс басталғандықтан ұлттық киімдер, бұйымдар тігетін шағын цехтар көптеп ашылуда.

DSC 2519

Бағдарламаға қатысатын санаттар

Халықты жұмыспен қамту мақсатындағы бағдарламаға жұмыссыздар есебінде тіркеуде тұрған кез келген азамат қатыса алады. Дегенмен бірінші мына санаттарға басымдылық беріледі. Атап айтқанда:
*Мүмкіндігі шектеулі азаматтар;
*мектеп-интернатта тәрбиеленуші жетім балалар үйінің түлектері;
*жазасын өтеп шыққан азаматтар;
*мүгедек балаларды қарап отырған ата-аналар;
*зейнет жасына екі жыл қалған азаматтар.
Кейбір жұмыстардың ауырлығына байланысты жұмыссыз азамат бір жылдық келісім-шартты бұзуға құқығы бар ма деген сауалға Жомарт Тәженов «Жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтарға жолдама беру алдында келісім-шартқа тұрмай тұрып, мекемеден әңгімелесуден өтеді. Сол уақытта әлеуметтік жұмыстың қандай екенін егжей-тегжейлі анықтап алатындықтан, әзірге бұзылған келісім-шарттар болған жоқ. Керісінше, осы бағдарлама ұсынған жолдама арқылы жұмыссыздардың 70-80 пайызы мекемелерде тұрақты жұмыспен қамтылып қалуда» деп жауап берді.
Әлеуметтік жұмыс орындарына жіберілген жұмыссыздарға Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасы қолданылады. Сондықтан жұмыс берушілер белгіленген тәртіпті бұзған жағдайда әлеуметтік жұмыс орындарына қатысушыларға жалақының субсидияланған бөлігін төлуге яғни, мемлекет жұмсаған шығындарды өтеп, келісім бұзылады. Тағы бір айта кетерлігі, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың субсидиялау мөлшерін жергілікті атқарушы орган дербес белгілейді. Осы тұста маман жергілік ірі кәсіпорындар, ұйымдар, жеке кәсіпкерлерге «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікпен дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының» үшінші бағытын ұтымды пайдалануға шақырды.
– Бұл бағдарламадан жергілікті кәсіпкерлердің барлығы хабардар деуге болады. Дегенмен, құжат жинау мәселесіне келгенде көбісі уақыт жоғалтқысы келмейді. Осы орайда мемлекетке салық берешегі жоқ және құрылғанына бір жылдан аспаған ұйымдар мемлекет жеңілдігін пайдасына жаратуына мүмкіндігі бар, – дейді маман.
Алып қалада жұмыс мәселесі қашан да өзекті. Сала мамандары қаладағы барлық мекемелерге үздіксіз мониторинг жасап, күнделікті босаған орындарды жаңартып, халыққа ұсынып отырады. Ендеше, әлеуметтік жұмыс орны басында уақытша еңбек болып саналғанымен, уақыт өте келе тұрақты жұмысыңызға жол ашуы ғажап емес.

Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі.