Менингококк: дертті емдеуде УАҚЫТ маңызды Избранное

Среда, 06 Июнь 2018 04:49 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 174 раз

Оңтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бері менингоккок инфекциясымен 4 адам тіркеліп, оның екеуі дерттен көз жұмған. Олар - 7 жасар мектеп оқушысы және 2 жасар сәби. Бұл туралы ОҚО қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Нұрбек Нышанов журналистермен өткізген арнайы брифингте айтты. Бас санитар өңірде эпидемилогиялық жағдайдың алдын алу шарасы басталғанын мәлімдеді.
Елді дүрліктіріп отырған кеселдің қауіптілігі неде, аурудың алдын алу шарасы қандай? Бұл сұрақтарға жауап іздеп, ОҚО қоғамдық денсаулық сақтау департаменті инфекциялық және паразитарлық ауруларды эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің басшысы
Қарлығаш Төлендиевамен сұхбаттастық.

карлығаш тулендиева

-Қарлығаш Айтжанқызы, менингиттің клиникалық белгілерін қалай байқауға болады?
– Менингит дертінің түрі көп. Қазіргі таңда адамдар арасында таралып жатқан менингиттің бір түрі – менингококк инфекциясы. Бұл ауру жедел басталып, науқастың дене қызуы 38-40 С-қа дейін жоғарылайды, мұрынның бітуі, тамақтың ауырсынуы мен жыбырлауы байқалады. Адамның басы қатты ауырады. Құсу бірінші күннен басталады, уақыт өте науқас көп мөлшерде құса бастайды, дегенмен ол ағзаның жеңілдеуіне алып келмейді.
Менингит жіті респираторлы ауру (назофарингит) сияқты жеңіл түрде өтуі де мүмкін. Егер дер кезінде дәрігерге қаралмай, үйде емделіп жүріп уақыт өткізіп алса, 6-48 сағат аралығында өлім жағдайына алып келетін менингококцемияға ұласады. Кенеттен басталған түрінде денеде, үстінен басқан кезде жоғалмайтын гемморагиялық жұлдызша тәрізді бөртпелер пайда болады. Бөртпелер көбінесе бөкседе, аяқ-қолдарда, денеде байқалады. Ауыр жағдайларда қабақ пен бетке де шығады. Сондықтан үйде бала не ересектерде осындай белгілер байқалғанда өз бетінше ем қабылдамай, дереу жедел жәрдем қызметіне хабарласқаны жөн. Дертті ерте сатысында анықтап, ем жасағанда өлім жағдайының алдын алу мүмкіндігі бар.

– Аурудың қазіргі таңда бас көтеруіне не себеп?
- Менингококк инфекциясы жаңадан пайда болған кесел емес. Мәселен, Оңтүстікте менингококк инфекциясымен 2015 жылы – 32, 2016 жылы – 13, 2017 жылы – 12, 2018 жылдың 5 айында 4 жағдай тіркелді.Аурулардың тарихында кейбір дерттің эпидемиологиялық жағдайы шамамен 5-10 жылда бас көтеріп тұрады. Оған климаттық жағдай және ауруды тасымалдаушылар да әсер етеді. Биыл ауа райының күрт өзгерісі болар, менингиттің бұл түрі көбеюде. Ал өңірімізде бұл көрсеткіш өткен жылдармен салыстырғанда төмен. Сондықтан тұрғындарға келер қауіп жоқ. Тек әр адамның сақтық шараларын ұстанып жүруі артықтық етпейді.
Тағы бір айта кетерлігі, менингококк инфекциясы маусымдылығымен де ерекшеленеді – сырқаттану, әсіресе, қыс және ерте көктемде жоғары болады. Бұл осы уақытта адамның иммундық жүйесінің жылдың осы кезеңінде белсенді болатын өткір-респираторлы вирусты инфекция, тұмау және басқа да көптеген вирустарға қарсы әлсіз болатынына байланысты.

2017-10-19 191703

– Дерттің қаупі неде?
– Айналадағы адамдар үшін инфекцияның көзі науқас немесе симптомсыз тасымалдаушы адамдар болып табылады. Инфекция ауа тамшылары арқылы жөтелгенде, түшкіргенде, сөйлескенде жұғады. Ал кеселдің тарауында қауіптісі – тасымалдаушы адамдар. Олардың ағзасында аурудың бактериялары өмір сүре берді, ол адам ауырмайды, тек айналасындағы адамдарға жұқтырып жүреді. Оларды ешқандай клиникалық белгі мазаламағандықтан, сау бактерия таратушы екенін өздері де білмейді. Айталық, өңірде барлық тіркелген жағдайлар бойынша індетке қарсы шаралар жүргізілді. Ошақтарда (үй, оқу орны) 505 қарым-қатынастағы адам тексеріліп, үй ошақтарынан жұғу көзі ретінде 2 тасымалдаушы анықталды. Алдын алу мақсатында бекітілген халық санаттарынан 3362 адам тексеріліп, 2 менингококк тасымалдаушы белгілі болды. Содан кейін науқастарды жабық мекемелерде ем алуға жолдама беру алдында да осы инфекцияға медициналық тексеру жасалады. Осындай жағдайда да жыл басынан бері 2 тасымалдаушы анықталып, ем алды.

– Бұл дерттің алдын алуда қандай кеңестер айтар едіңіз?
– Науқастың бойында, әсіресе, балаларда жоғарыда аталған белгілер пайда болғанда міндетті түрде тез арада жедел жәрдем шақыру қажет. Содан кейін суық тиюден және дененің салқындауынан сақтанып жүрген абзал. Халық көп шоғырланатын мәдени іс-шараларға баруды шектеуге және мешіттерге намаз оқуға барғанда бетперде қолдануға кеңес береміз. Жеке бас гигиенасы да маңызды, тамақтану алдында және дәретханадан кейін қолды мұқият сабындап жуыңыздар. Үй-жайларды жиі желдетіп, күнделікті ылғалды жуып-тазалауды ұмытпаңыздар. Себебі, аурудың бактериясы ашық жерде тез өледі. Ал ғимарат ішінде, адамдар көп шоғырланған жерлерде тасымалдаушылардан инфекция көп бөлініп, ауру жұғуы мүмкін.

–Аурудың алдын алудың бірден-бір жолы - вакцина алу. Тұрғындар тегін екпемен қамтамасыз етіле ме?
– Бұл ауруға осы кезге дейін вакцинаның қажеті болмады. Екпені көбінесе мұсылман елдеріне қажылыққа баратын азаматтар міндетті түрде ақылы салдыратын. Қазір вакцина мәселесі қаралып, жуырда жеткізілетін болып шешілді.

– Қазір аурудың алдын алуда қандай шаралар жүргізілетін болды?
– Менингококк жұқпасының эпидемиологиялық жағдайда күрделенуіне байланысты аймақта ағарту жұмыстары күшейтілді. Тұрғындар көп жиналатын орындар – аэропорт, теміржол вокзалы, мектеп, балабақша, жазғы сауықтыру лагерьлері, ірі сауда орындарына менингит ауруларының түрлері, белгілері, қорғану тәсілдері бойынша парақшалар ілініп, түсіндіру жұмыстары басталды. Медицина қызметкерлері арасында облыстық, аудандық деңгейде семинар оқыту сабақтары жүргізіледі. Қазір Ораза айы болғандықтан облыстық діни басқарма, мешіт имамдарына хаттар жолданып, аурудың алдын алу жайында кеңінен насихат жүргізуді сұрап отырмыз.

– Әңгімеңізге рахмет!

Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі.