Мегаполистің ең балғын бөбектері Избранное

Среда, 06 Июнь 2018 05:14 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 2920 раз

Шымқала халқының саны күн санап артып келеді. Күн сайын қаншама жас отбасылардың шаңырағы шаттыққа бөленуде.

DSC 3928

Бұл тек сол отбасылардың ғана қуанышы емес, мегаполисіміздің тұрғындарының санын толықтыра түскен жағымды жаңалық!
1 маусым – халықаралық балаларды қорғау күні мерекесіне орай Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Гүлжан Құрманбекова шаһардың ең балғын тұрғындарын құттықтады.
Дайырбековтар отбасының қуанышы Сансызбай Нұрғиса Ерсінұлы мен Үндербаевтар шаңырағының жаңа мүшесі Үндербай Айша Даниярқызы Нұрсәт шағынауданында орналасқан облыстық №4 перинаталдық орталықта дүниеге келді. 1 маусым күні сәбилер Шымкент қаласының азаматы болып тіркелді. Жас тұрғындардың туу туралы куәлігін ата-анасына Гүлжан Мамытқызы тапсырып, оларға қала әкімінің құттықтауын жеткізді.
– Әр шаңырақтың бақытын еселеген перзенттеріміз аман болсын! Биылғы 1 маусым Нұрғиса мен Айша есімді сәбилер үшін ерекше күн болып қалмақ, – деп, қала әкімінің атынан сый-сыяпат жасады.
Ал Орынбекова Күнсұлу әже перзентханадан шығатын шөбересін қарсы алу үшін Төле би ауданынан арнайы келгенін айтты.
– 8 қыз, 2 ұлымнан бұл күнде 50 немерем бар. Бүгін туу туралы куәлігін алған Айша қызым – 25-ші шөберем! Қасиетті Рамазан айының құрметіне есімін әдейі Айша деп атадық. Қазағымның қыздары иманды, инабатты болып, өнегелі ұрпаққа ана болу бақытын көрсін! Халқымыздың саны арта берсін, – деп батасын берді әжей.
Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі берген мәліметке сүйенсек, жыл басынан бері 13 103 нәресте дүниеге келіп, мемлекеттік тіркеуге алынған.

Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.