Баланың бәрі бақытты болуы үшін жаралған... Избранное

Среда, 06 Июнь 2018 05:17 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 3732 раз

Балаларды қорғау күніне орай жер-жерде қайырымдылық шаралары мен мерекелік кештер өтті. Шымкентте де ұйымдастырылған сондай шараның біріне «Vekum & Nika» компаниялар тобы демеушілік жасады дейді Қаратау ауданы әкімдігінің өкілдері.

DSC 3659

–1 маусым – халықаралық балаларды қорғау мерекесі қасиетті Рамазанның қайырлы күні – жұмаға тура келіпті. Осы орайда Қайтпас-2 шағынауданының тұрғыны, қаратаулық кәсіпкер Әлішер Шындықұлы 40-қа жуық балаға керемет көңіл-күй сыйлады. Арасында әлеуметтік аз қамтылған санаттағы отбасы балалары, жартылай жетім және мүмкіндігі шектеулі қаракөздеріміз бар, – дейді аудан әкімінің орынбасары.
Медицина саласында қызмет етіп, жеке кәсібін бастағанына небәрі бір жыл толған Ә.Есмағанбетовтың бұл демеушілік етіп отырған алғашқы қайырымдылық шарасы екен.
– Кеңсеміз Достық шағынауданында орналасқан. Күнде жұмысқа барарда тар көшелерде ойнап жүрген балаларды кездестірсем, міндетті түрде «қай бала» екенін сұраймын. Бірі анасыз, бірі әкесіз өсіп жатқан бүлдіршіндердің барын естігенде жүрегім сыздап қоятын. Ал мүмкіндігі шектеулі балалардың өз ортасы болмайтыны, араласып, сырласатын ортаның жоғынан өзіне дос таба алмайтыны тағы бар. Осы жағдайдың бәрін ойымда тоқып, қайырымдылық жайын жоспарлап жүрдім. Ұжымдағы жұмысшылардың бірінен осындай шараны ұйымдастыратын Сайдынгүл Асан ханым жайлы естіп, үйіне іздеп бардым, – дейді Әлішер Шындықұлы.
Кәсіпкер қоғамдық жұмыстарға белсене араласып жүрген Достық шағынауданының тұрғыны Сайдынгүл Асаннан қайырымдылыққа мұқтаж 30-40 баланың тізімін жасап беруді өтінеді.
– Біздің шағынауданда қандай да бір жақсылық орын алатын болса, ол үшін қуана қызмет етуге дайынмын. Кәсіпкер ниетін білгенде-ақ дереу ата-аналармен тілдесіп, 40-қа жуық баланың тізімін жинап, ұсындым. Бұған дейін қалалық мәслихаттың депутаты Ғ.Ахметбаев осылай қол ұшын беріп, ұл балаларды сүндетке отырғызып, Құран оқытуға демеушілік жасайтын. Әлішер де жас та болса имандылығын танытты, – дейді Достық шағынауданының тұрғыны.
Балалар төл мерекесінде дастархандағы бал татыған түрлі тағамнан дәм татып, концерттік бағдарламаны тамашалады. Өнер адамдарымен көңіл көтеріп, түрлі ойын-сауыққа қатысты. Іс-шара соңында балаларға сый-сыяпат жасаған кәсіпкер қайырымдылық акцияның басқа да түрлерін қарастырып жүргенін айтты.
– Қаланың шеткі аудандарында балалардың көңіл көтеретін орындары жоқтың қасы. Осы орайда Қаратау ауданы әкімінің орынбасары Марат Әбдіжамитұлына ұсынысымды айттым. Егер Достықтан жер телімі бөлінсе, осы шағынауданның балаларына арнап спорт алаңын салып берсем деймін. Сырты қоршалған, бір жағында футбол, екінші бір жағы волейболға, үшінші бөлігі түрлі жаттығу жасауға арналған алаңқай болса, балаларға пайдасы тиер еді, – дейді Ә.Есмағанбетов.
Дәрігер-кәсіпкер әкімдік өкілінен аудандағы мүгедектерге арналған қоларбаға мұқтаждар санын сұрап, болашақта ол бағытта да демеушілік жасауға ықылас танытты.

DSC 3797

Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.