Медициналық туризмнің көкжиегі кеңейіп келеді Избранное

Среда, 13 Июнь 2018 04:59 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 417 раз

Оңтүстікте медициналық туризм дамып келеді. Шипажайлар, сәтті трансплантация оталарымен қатар соңғы жылдары шымкенттік дәрігерлердің көмегімен алапес (Витилиго) дертінен айығып жатқандар саны артуда.

DSC 6185

Сала мамандары әзірге ішке бағытталған медициналық туризмнің дамуына үлесімізді қосудамыз дегенді алға тартты. Жуырда ОҚО тері-венерологиялық аурулары диспансерінің медицинаның туристік әлеуетіне қосып жатқан жаңалықтарымен танысып қайттық.
Облыстық тері-венерологиялық аурулары диспансерінде еліміз бойынша жалғыз витилиго орталығы жұмыс істейді. Мұнда тері ауруынан емделуге берісі Семей, Жезқазған, Қызылорда, Павлодар, Тараз, Алматы қалаларынан, арысы көрші Ресейден шипа іздеп келушілер қарасы көбейген.
Диспанердің бас дәрігері Жадыра Будесова медициналық мекемеде дәрігерлер витилиго проблемасымен 2005 жылдан бері айналысып келе жатқанын атап өтті. Алдымен «Витилиго» мектебі ашылып, ары қарай диспансердің дәрігері Әлия Айдарбекқызы ауруды ғылыми тұрғыда жан-жақты зерттеп, кандидаттық диссертация қорғайды. Сосын Канада, Үндістанда болып, ең білікті деген шетелдік дәрігерлермен тәжірибе алмасып, дертті емдеудің жаңа тәсілдерін үйреніп қайтады. Басшының айтуынша, ТМД елдері ішінде витилигоны Ташкентте, сосын Шымкент қаласында ғана емдеу қолға алынған. Бұл өз кезегінде біздің дәрігерлердің біліктілігі жоғары екенін айғақтаса керек.
– Бүгінгі таңда дәрігерлерге бір орында қалып қоюға болмайды. Өйткені, әлемде медицина саласы дамып, науқастарды емдеп-жазуда түрлі емдік әдіс-тәсілдер, жаңа препараттар шығуда. Заманауи медициналық құрал-жабдықтарды ойлап табу саласы көз іліспес жылдамдықпен өзгеруде. Сондықтан дәрігер тәжірибелі, білімді болып қана қоймай, заман ағымына ілесе білетін жаңашыл маман болуы керектігін уақыттың өзі талап етуде. Мемлекетіміздің денсаулық сақтау саласындағы реформалар, соның ішінде мемелекеттің дәрігерлердің біліктілігін арттыру, технологияларды жаңарту және шетелдік мамандармен тәжірибе алмасуға қолдау көрсетуі нәтижесінде мамандарымыз жетістіктерге жетуде. Ендігі мақсат – медициналық туризм аясын кеңейту. Сондықтан дәрігерлеріміздің білім көкжиегін кеңейтуге мейлінше қолдау көрсетілуде, - дейді диспансердің бас дәрігері.
Маусым айының соңында облыстық тері-венерологиялық аурулары диспансерінің физиотерапия бөлімшесінің меңгерушісі Әлия Қасымханова витилиго күніне орай АҚШ-та өтетін халықаралық конференцияда «Дети, исследования и надежда на будущее» тақырыбында баяндама жасап қайтпақ.

Дертті жаңа тәсілдермен емдейді

Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, әлем халқының 1 пайызы алапес дертінен зардап шегеді екен. Иә, 2000 жылдарға дейін елімізде витилиго дертіне шалдыққан науқастар ғана емес, дәрігерлердің өзі күні бүгінге дейін себебі анықталмаған ауруды емделмейді деп келген. 2012 жылы облыстық тері-венерологиялық диспансердің мамандары Бүкіләлемдік витилигоны зерттеу қорымен (VR Foundatoin) әріптестік орнатып, ондағы заманауи емдік-тәсілдермен танысып қайтты, үйренді. Сол тәжірибені өзімізде қолданып, емдеу мекемесіне жаңа аппараттар сатып алынады.
– Жаңа емдеу тәсілдердің төрт-бес түрін үйрендік, бүгінде нәтиже жақсы. Соның бірі – хиррургиялық емдеу тәсілін қолданып келеміз. Мұнда науқастарды терісін алмастыру (пересадка кожи) арқылы емдейміз. Ал фитотерапияда емделуші арнайы аппаратта 7 минуттай жатады. Қазір диспансерде мұндай аппараттың 6 түрі бар. Негізінен дертті емдеу ұзақ уақытты алады, 5-6 айдан 1 жылға дейін созылады. 2006-2010 жылдары фитотерпиядан ем алуға 30-40 адам келетін болса, қазір олардың саны 100-ден асты. Ем алушылардың 17-18 пайызында терідегі дақтың беті жабылады, 60 пайызында тері ауруының көлемі үлкеймей, тоқтауда, - дейді физиотерапия бөлімшесінің меңгерушісі Ә.Айдарбекқызы.
Дертті емдеуге өңірде алғаш ғылыми тұрғыда терең үңіліп, шетелдік мамандармен тәжірибе алмасып жүрген Әлия Айдарбекқызы елімізде осындай науқастар саны жылдан жылға көбейіп жатқандығын айтады. Мұны ол бұрын «емделмейді» деп үміті үзілген жандардың аурудың шипасы табылғанын естіген соң, өңірге көптеп келуімен байланысты болуы мүмкін деп түсіндірді. Бөлім меңгерушісі, әсіресе, жаз мезгілінде еліміздің түкпір-түкпірінен кеңес алуға келушілердің саны артатынын жеткізді.
Облыстық тері-венерология диспансерінің базасында шілде айында Үндістаннан білікті дәрігерлер келіп, шеберлік-сабағын өткізбек. Жергілікті мамандар бұл жолы дертке шалдыққан науқастардағы шаш қондыру отасының заманауи әдісін үйренбек.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, медициналық туризмнің дәстүрлі көшбасшылары - Германия жылына 70 мыңдай, Израиль 30 мыңға жуық емделушіні қабылдаса, бұл нарыққа кейін қосылған Үндістан медициналық туризмнен жылына 3 млрд табыс тапқан екен. Соңғы жылдары Шымкентте медициналық турзимнің бір саласы ретінде 6 шетелдік азаматқа бүйрек алмастыру отасы жасалды. Ендеше, витилигоны емдеудің жаңа тәсілдері, медициналық көмектің сапасы жоғарылап, сервис қызметі жақсарса, бұл саланың да шетелдіктердің назары аударатын күні алыс емес.

DSC 6216

Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі.