«Ұланға» жазған хаттарым мені журналистикаға жетеледі» Избранное

Среда, 27 Июнь 2018 05:45 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 67 раз

Оның іnformburo.kz сайтында күркетауық бағып, 23 жасында «Гелендваген» мінген жігіт туралы материалынан кейін кейіпкері Бақыт Кенжебаев та «жұлдыз» атанды, өзі де оқырманына танымал бола түсті. Ауылда жүріп, кәсіптің көзін тапқан жігіт туралы қызық материал екі-үш күннің ішінде 30 мыңнан аса қаралып, «Қазақстан», «Еуразия» және тағы басқа телеарналар осы тақырыппен сюжет жасады. Қаншама сайт көшіріп басты. Облыстық, республикалық қазақ және орыс тілінде шығатын газеттер мақала етіп жариялады. «Күркетауық», «Гелендваген» сөздерінен кейін өздеріңіз де танып отырған боларсыздар, бүгінгі кейіпкеріміз Әйгерім Бегімбет туралы болмақ. Әйгерім Бейсен Құранбек жүргізетін «Қарекет» бағдарламасында қонақта болып, «Қызық кәсіп» тақырыбында күркетауық баққан Бақыт туралы сұхбат беріп қайтты. Бұл – Әйгерімнің бір ғана кейіпкері жайлы әңгіме. Жазған дүниелерін оқырман бір деммен оқып, кейіпкерлері ел-жұртқа кейде өзінен асып, танымал болатын фото-тілші. Өзі қарапайым. Қайда барса да иығына асынған фотоапаратын тастамайды. Журналистикаға деген махаббаты мен талабы ерекше.

6

«Балбөбектен» ҚазҰУ-ге дейін

Әйгеріммен сұхбатымыз біз бірге жүрген саланың қызықты сәттерінен басталды. Жақында өткен БАҚ арасындағы дәстүрлі спартакиаданы еске алдық. Алматыдағы іс-сапары жайлы әңгімелестік. Кейін Әйгерім осы салаға қалай келгені туралы айтып берді.
– Мен 2 сыныпта оқып жүргенімде «Шымкент келбеті» газетінің жанынан айына екі рет басылып шығатын «Балбөбек» балалар газеті болатын. Міне, осы газеттің жас оқырмандарының бірі едім. Бұл 1998 жылдар болуы керек. Араға біраз уақыт салып, 7 сынып оқып жүргенімде «Балбөбекте» байқау болып жатқанын оқыдым. «Асыл әжем менің» тақырыбындағы балалар арасындағы шығарма жазудан облыстық байқауға мен де әжем жайлы шағын әңгіме етіп жазып, алғашқы мақаламмен байқауға қатыстым. 1 маусым - халықаралық балаларды қорғау күніне орай ұйымдастырылған байқаудың марапаттау сәті әлі де көз алдымда, балалық шағымның жарқын естелігі болып қала бермек.
Анасының сіңлісі Әйгерімнің жазуға қабілеті бар екенін байқап, жазған бір мақаласын республикалық «Ұлан» газетіне жіберді. Осылайша 7 сынып оқушысының егіз көршілері жайлы мақаласы жарық көреді. Әйгерім кейін мектептегі озат оқушылар, дарынды жастар жайлы жазып жүргенін айтты.

1

– 9 сыныпта оқыған жыл мен үшін сәтті болып, «Ұланның» мүшесі атандым. «Ұланның жас тілшісі» куәлігін мектеп директорының өзі табыстады. Ал 10 сыныпта Астанаға жас тілшілердің халықаралық «Жас қаламгер» фестиваліне Оңтүстіктен 5 оқушы бардық. 11 сыныпта Алматыда өткен «Қаламгер азамат» республикалық жас тілшілер форумына қатыстым. Екі күндік шарада Әл -Фараби атындағы Қазақ
Ұлттық университетіне алып барды. Журналистика факультетімен жақсылап танысқан мен осында оқимын деген ойда болдым. Үйге келгенде ҰБТ-ға дайындыққа кірістім.
Дегенмен, анасы жалғыз қызын алып шаһарға жібергісі келмепті. Уайымдайды. Оған қоса көзі ауырып, емдетуге тура келеді.
– Ұлттық бірыңғай тесттен кейін анамның жанарына ота жасатуға тура келді. Мен анам үшін оқудан бас тарттым. Шымкентте, филология факультетінде оқи беремін дедім. Бірақ ҚазҰУ-дің аудиториялары мен студенттер қалашығы көз алдымнан кетпеді. Анам ауруханада жатқан кезде көрші ауылдағы ағамның үйіне барып, ҚазҰУ-ге қоңырау соқтым. Біздің ауылда ешкімде телефон болмады ма, есімде жоқ. Тұтқаның арғы жағындағы анам қатарлы апай құжат тапсыру аяқталуына екі күн қалғанын айтты. Ол жұма еді. Сенбі түске дейін ғана жарты күн мүмкіндік болды. Ал жексенбі күні анамның көзіне ота жасалатын.
Шарасы таусылған Әйгерім ақылшы әпкесінен кеңес сұрапты. Ол кісі құжаттарын дайындай алса, жексенбі күні анасының операциясынан кейін Алматыға алып баратынын айтып, қуантады. Ертеңіне Әйгерім барлық құжатын дайындауға кіріседі. Медициналық анықтамасын жалғыз жүгіріп, әрең алғанын айтады.
– Содан ауылдағы мектептен атестатымды алып, жексенбі күні әпкеммен Алматыға жол тарттық. Дүйсенбі күні №137 түлек болып, қабылдау комиссиясына құжаттарымды өткіздім. Араға екі-үш күн салып, шығармашылық емтихандарын тапсырдым. Шекті 50 балдың елуін алып, ҰБТ-дан алған қазақ тілі мен Қазақстан тарихынан 46 ұпай бар - жалпы 96 балмен мемлекеттік грант иегері атандым. Осылайша бала арманым орындалып, үлкен шаһардағы белді университеттің студенті атандым.

түсірген3

«Ауылда фотограф болып ақша таптым»

Әйгерімді көпшілік тек журналист қана емес, фотограф ретінде де таниды. Өзінің айтуынша, бұл кәсіпті мақала жазудан кем көрмейді. Әңгімеміз де осы тақырып төңірегінде өрбіді. Фототілшінің өзінің ұстазы, фотограф Мақсат Шағырбаев туралы жазған мақаласын бір оқып алып, Әйгерімнен суретке түсіруді қалай, қашан үйренгенін сұрадым.
– Анамның кенже сіңлісі менің туған әпкемдей қамқорлық жасады. Он үшке толған күнімде маған пленкалы фотоапарат сыйлады. Міне, 6 сыныптан бастап ауылдағы туыс-туған, көрші-қолаңды суретке түсіре бастадым. Үйрететін ешкім болмады. Пленканы толтырып, шығарғанша асығатынмын. Толмай жатса, табиғатты, айналаның бәрін суретке түсіре беретінмін. Көшеге қолыма фотоапаратымды ұстап шыққанда бәрі менен қашатын. Содан бір күні көршілерімнің балаларын суретке түсіріп, шығарып бергенімде маған ақша ұсынды. Осылайша мұны кішігірім бизнеске айналдырдым. Мектеп, мәдениет үйлеріндегі іс-шаралардың барлығын суретке түсіре беретін болдым. Ол кезде ауылда смартфон да, фотограф та жоқ, барлық іс-шараға мені шақыратын. Тіпті, көрші ауылдан шақыратын еді. Оларда фотоаппараты бар ешкім жоқ еді. Осылайша мектеп бітіргенше ауылдың фотографына айналдым. Ауылдастарыма қазір алғыс айтамын. Кішкентай қыз деместен, талабымды қайтармай барлық іс-шаралардан қалдырмайтын. Тіпті, суреттер күйіп кеткен немесе қарайып, дұрыс шықпаған кезде де маған ренжімейтін. Әлі есімде, «Балбөбекте» «Қыс мезгіліндегі ең үздік хат жолдаушы», «Әрбір балаға отбасы қажет» сынды байқаулар ұйымдастырылатын. Осы байқаулардың бірінде екі фотоаппарат ұтып алғаным бар. Содан мектеп бітіргенше үш фотоаппаратты да ешкімге бермей, не сатпай, алма-кезек ауыстырып пайдаландым.
Әйгерімнің тілегені болып, ҚазҰУ-дегі оқуында жазумен бірге фотоға түсірудің де қыр-сырын үйретеді.
– Бізде журфакта бірінші курста «Телевизиялық журналистика», екінші курста «Фотожурналистика» сабағы жүрді. Үй тапсырмаларына пейзаж, портрет сияқты әртүрлі жанрда суретке түсіруге тапсырмалар беретін. Ауылдан енді ғана келген бізде ондай құрылғы жоқ қой. Фотоаппаратты жоғарғы курстағы аға-әпкелерден сұрап алатынбыз. Оған кезекке тұратынбыз. Бірде үйдегілер хабарласқанда осындай жағдай болып жатыр деп айтқанымда, әпкем цифрлы фотоапарат алып, салып жіберген. Содан әпкемнің жарты айлығына алған фотоаппаратына бүкіл студенттік шақтарды түсірдік.
Әйгерім Алматыда оқып жүргенінде белгілі фотограф ағаларымен танысып, ақыл-кеңесін алып жүреді. Фототілші атты өнердің қыр-сырын үйреткен ағаларының бірі, тіпті, Әйгерім жалғыз фотоаппаратын жоғалтып алған кезінде көмекке келіп, өзінің фотоаппаратын сыйлап, мәрттік танытқан. Жас фототілші осы жақсылықты өмір бойы ұмытпайтынын айтады.
– Шүкір Шахай аға 16 жылдан бері Премьер-Министрдің фотографы. Демалысқа елге келгенде Шымкентке бес-он минут аялдап, өзінің тым қымбат фотоаппаратын маған сыйға тартты! Шүкір ағаның үйіндегі апайымыз «Сенің фотоаппаратыңның жоғалғаны ағаңа қатты батты» дейді. Қамқорлық жасаған ағама Алла разы болсын деймін. Талай тарихи тұлғалар мен оқиғаларды түсірген фотоаппарат маған да құт боларына сенімдімін. Сосын Жеңіс Ысқақбай ағама алғыс айтқым келеді. Мен құр қол жүргенде өзінің бір фотоаппаратын бере тұрды. Бағалы фотоаппартты алты ай ұстап, игілігіме пайдаландым. Осы ағаларыма айтар алғысым шексіз.
...Бүгінде Әйгерім өңірімізге белгілі фотограф қана емес, қаламы қарымды журналист. Фототілші мамандығын қатар алып жүр. Ресми түрде республикалық «Әжір» балалар журналының тілшісі. Дегенмен, бір орында дамыл тауып тұрмайтын әріптесім бірқатар сайттарға мақала жазып, фрилансерлікпен сәтті айналысып жүр. Өзінен «Фотоның сіз үшін мағынасы не» дегенімде жымиып, «Фотография – тілсіз оқиға» деп қысқа қайырды.