Проблема пандуспен ғана шешілмейді Избранное

Пятница, 29 Июнь 2018 04:19 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 57 раз

Мүмкіндігі шектеулі жандар кез келген қоғамдық орында өздерін еркін сезінуі тиіс. Осы мақсатта елімізде мүгедектердің өмір сапасын жақсарту бойынша 2012-2018 жылдарға арнайы бағдарлама түзілген. Оның аясында мекемелерге пандустар қойылды, көшелерге арнайы бағдаршамдар орнатылып, көлік тұрақтарынан орындар белгіленді. Сала мамандары алты жылдан бері атқарылған жұмыстар биыл қорытындыланып, келесі жылдан бастап ескертуге құлақ аспағандарға жаза қатаңдайды дейді.

2-11

Алты жылда – 500 пандус

Шымкент қаласындағы бір ғана Әл-Фараби ауданы аумағында 6000-ға жуық мүмкіндігі шектеулі жан тұрады. І, ІІ және ІІІ топтағы мүгедектер кез келген қоғамдық орындарда өздерін еркін сезініп, жүріп-тұрғысы келеді. Әкімдік өкілдерінің айтуынша, 2012 жылдан бері ауданда бұл жұмыстар жүйелі жүргізіліп келеді. Дегенмен, түсіндіру-зерделеу жұмыстарынан кейін нәтиже шығармай отырғандар да бар көрінеді.
– Аудан аумағында 30 көше орналасқан, 200-ге жуық мемлекеттік, 500-ден астам жекеменшік мекеме бар. Мүмкіндігі шектеулі жандарға қолжетімді орта құруға жағдай жасауда осы мекемелерге түсіндіру жұмыстары жалғасып келеді. Күні бүгінге дейін 500 пандус орнатылды. Мемлекеттік мекемелер бұл шараны бірауыздан қолдап, жүктелген жұмыстар толықтай орындалды. Тек сауда, қызмет көрсету орындары секілді жекеменшік орындарда бұл мәселе шешімін таппай отыр, – дейді Әл-Фараби ауданы әкімдігінің әлеуметтік сала бойынша бас маманы Нұрлан Ақбердиев.
Биылдың өзінде Әл-Фарби ауданы бойынша «Біз біргеміз!» акциясы аясында 150 нысанға зерделеу жұмыстары жүргізіліп, оның 85-іне пандустар қойылған. 38 автотұрақтың 33-іне мүгедектерге арналған белгілер орнатылыпты. Ал Шымкент қаласы әкімінің тапсырмасына сәйкес, 12 жекеменшік балабақшаға паспорттау жұмысы жүргізіліп, оның алтауында мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы жағдай жасалған, қалғанының басшылығы әзірге уәде берумен шектеліп отыр.
– Бүгінгі таңда миллион тұрғыны бар мегаполис атандық. Сол үшін шаһардағы кез келген мекеме тұрғындарға қызмет көрсетудің мәдениетін қалыптастыруы қажет. Ол дегеніміз – халықтың сұранысын ғана қанағаттандыру емес, мүмкіндігі шектеулі жандар бар екенін ескеріп, оларға қолдау көрсету, адамгершілік тұрғыдан жағдай жасауды назарға алса деймін. Себебі, ол азаматтар еңбекке, білім алуға, спортпен шұғылдануға, қоғамдық орындарда болып, қоғаммен көбірек араласқысы келеді, - дейді жауапты маман.

Парковка для инв

Ескертпені елемейтіндер

Шымкент қаласының Абай ауданында да мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы орта құру мақсатында 820 нысан, яғни, 90 мемлекеттік және 730 жекеменшік нысан анықталып, 320-не пандус орнатылған. Олардың арасында сауда үйлері, мейрамханалар, дүкендер, дәріханалар және т.б. нысандар бар.
Жыл басынан бері 106 жекеменшік нысанға зерделеу жұмыстары жүргізіліп, «Қазақстан Республикасында мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» Заңына сәйкес меншік иелеріне методикалық кеңестер беріліп, 15 нысанның паспорттары жасақталған.
– Бүгінгі таңға кейбір меншік иелеріне 2-3 рет ескертпе хаттар берілгенімен, пандус орнатылмай отыр. Ал біздің көздегеніміз – жекеменшік нысан иелері мүмкіндігі шектеулі азаматтардың ортада толыққанды және лайықты өмір сүруіне оңды ықпал тигізсе дейміз, – дейді Абай ауданы әкімінің орынбасары Г.Ташимова.

Айыппұл мөлшері көбеюі мүмкін

Баса назар аударатын жайт, мүгедек жандарға қолайлы жағдай жасау тек баспалдақтарға пандус қоюмен шектелмейді. Жоғарыда айтылған мемлекеттік бағдарлама аясында мекемелерде мүгедектер қабылдайтын орын ашу, арнайы қол жуғыш және дәретханалармен қамтамасыз ету секілді шаралар қарастырылған.
– Біздің міндетімізге тек түсіндіру, шараны орындамағанда ескерту жасау ғана кіреді. Заңды бұзғандарға айыппұл салу облыстық еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон саласы мамандарының құзырында болғандықтан, заңды орындамағандардың көбісі айыппұл салғанда ғана қимылдайды, – дейді жауапты мамандар.
Айта кету керек, Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 83-бабында мүгедектердің әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы нысандарына қол жеткізуін қамтамасыз етпегенде, мүгедектердің мәдени ойын-сауық іс-шараларына қол жеткізуі үшін жағдайларды қамтамасыз етпегенде және жұмыс берушінің кінәсінен жұмыста мертігуге ұшырағанда лауазымды адамдарға – 50, шағын кәсіпкерлік нысандарға – 120, орта кәсіпкерлік нысандарға – 200, ала ірі кәсіпкерлік нысандарға 400 АЕК мөлшерінде айыппұл салынуы мүмкін.
Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалғанда лауазымды адамдарға – 80, шағын кәсіпкерлік нысандарға – 150, орта кәсіпкерлік нысандарға – 250, ал ірі кәсіпкерлік нысандарға 600 АЕК айыппұл салынады. Мамандар бұған қоса келесі жылдан бастап заң бұзушылыққа барғандарға айыппұл мөлшері артатынын айтып отыр.
...Жылдар бойы талқыланып, түсіндіру шарасы күшейтіліп, айыппұлдар салынғанымен әлеуметтік және инфрақұрылым нысандарының әлі де мүгедектерге қолайсыз екені жасырын емес. Сондықтан мүмкіндігі шектеулі жандардың проблемаларына қоғам болып көзқарасты өзгертудің уақыты келген сияқты.

Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі.