Версия для печати

Жекеменшік емханалар бәсекеге дайын Избранное

Пятница, 27 Июль 2018 04:14 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 4258 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Елімізде ендірілгелі отырған міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің бір мақсаты – денсаулық сақтау мекемелері арасында бәсекелестікті арттырып, медициналық қызмет көрсетудің сапасын жақсарту. Қазірдің өзінде жекеменшік медициналық орталықтар мемлекеттік тапсырыс аясында халыққа тегін ем-дом жүргізуді бастап кетті. Солардың бірі - Шымкенттегі«Сымбат-Нұр» медициналық орталығының ашылғанына алтыншы жыл.

медик

Бұл клиника үш жылдан бері мемлекеттік тапсырыс алып келеді. Тәжірибелі дәрігер, медицина ғылымдарының кандидаты, хирург-уролог Батеш
Айтбайұлы басшылық жасайтын орталыққа бес мыңнан аса тұрғын тіркеліп, тегін медициналық көмек алуда. Жекеменшік деген статусы болғанымен, мемлекеттік емханалардан айырмашылығы жоқ орталықта жыл басынан бері 15 мыңдай тұрғын көмек алып, дәрігерлер 100-ге жуық науқасқа түрлі ота жасаған.
– Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің артықшылығы көп. Осы уақытқа дейін жекеменшік орталықтар ақылы қызмет көрсетсе, енді МӘМС жүйесінен кейін біз де өтініш беріп, халыққа қызмет көрсету құқына ие болдық. Мұндай іс-шара мемлекеттік және жекеменшік емханаларды теңестіріп, медициналық қызмет көрсетуде сапаны алдыңғы қатарға шығаратын болады. Айталық, қазір тұрғындар сапалы қызмет алуда өз емханасын таңдауға мүмкіндігі бар. Мұндай тізімге жекеменшік емханалардың кіретінін айтып өткім келеді. Енді әлеуметтік сақтандыру қорына жиналған қаржы жекеменшік мекемелерге де аударылады, - дейді «Сымбат-Нұр» медициналық орталығының бас дәрігері Батеш Айтбайұлы.
Бұл медициналық орталықтың материалдық-техникалық базасы заман талабына сай жабдықталған. Бас дәрігер клиникада соңғы үлгідегі УДЗ, ЭКГ, рентген аппараты, сандық флюография, барокамера, зертхана жұмыс істеп тұрғанын айтты. Соның нәтижесінде науқастарға нақты диагноз қоюға, қажетті ем алуына және уақытын үнемдеуге, дер кезінде көмек алуына жағдай жасалған.
– Медициналық сақтандыру жүйесіне 2020 жылы толық өтетін боламыз. Бүгінде мемлекет тұрғындарды кепілдендірілген тегін медициналық көмекпен қамтамасыз етіледі. Сондықтан болар, көп жағдайда денсаулығымызға мемлекет жауапты деген түсініктен арылмадық. Ал МӘМС жүйесі бұл түсініктің жойылып, адамдардың өз денсаулығына деген жауапкершілігін күшейтетініне сенімдімін, - дейді дәрігер әңгіме барысында.
Батеш Айтбайұлы орталықтың 20-30 мыңға жуық халыққа медициналық қызмет көрсетуге дайын екенін жеткізді. «Миллион халқы бар шаһар болдық. Қазіргі таңда қаладағы бір емхананың өзіне 50-60 мыңға дейін халық тіркелген, мұның соңы қызмет көрсетудің сапасын төмендетеді. Жаңа жүйе медициналық мекемелер арасында бәсекелестік орнатады, ал бұл өз кезегінде халықтың денсаулығының жақсаруына мүмкіндік береді. Өйткені, алдағы уақытта тұрғындар сапалы медициналық қызмет көрсететін мекемелерді және білікті мамандарды өздері таңдайды. Біз бұл бәсекелестікке дайынбыз» дейді бас дәрігер.
Осының дәлелі ретінде «Сымбат-Нұр» медициналық орталығының басшылары алдағы уақытта 16 мыңға жуық тұрғыны бар Ақжайық шағынауданынан жекеменшік емхана ғимаратын ашуды жоспарлап отыр.

Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі.