Эрготерапия әдісінің маңызы Избранное

Пятница, 03 Август 2018 04:38 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 16973 раз

Эрготерапия – (латын тілінен аударғанда ergos - еңбек)  емдік медицинаның мүмкіндігі шектелген адамдардың іс-әрекеттерінің белсенділігін қайта қалпына келтіруге бағытталған әдісі. Яғни, эрготерапия медициналық оңалту іс-шараларының бірі болып саналады.

Сыдықова-1

Эрготерапияның негізі – белгілі мақсатқа бекітіліп, қандай да бір міндеттерді шешуге бағытталған, қажет қызмет. Ол эмоциональдық, когнотивтік және психикалық жүйелердің мүмкіндіктерін жақсартуға көмектеседі. Қазіргі таңда оңалтуда жаңа әдіс ретінде, әсіресе, балалардың церебралды сал дертімен ауыратын балаларды, бас-ми жарақатын алғандарды және тірек-қимыл аппараты бұзылған науқастарды оңалту жұмысында көп қолданылып жүр. Эрготерапия әдісі негізінде емделушінің өзіне-өзі қызмет ету дағдыларын дамытуға арналған жаттығулар топтамасымен жұмыс жасалады.
Эрготерапияның көмегімен бала қалауына сай өзін қоршаған әлеуметтік, физикалық және мәдениеттік ортасының қажеттілігіне сай толыққанды өмір сүруге үйренеді. Әр бала үшін жайлы орныққан қалыпта дұрыс қозғалуға, іс-әрекеттерге үйретеді. Балалардың әрқайсысы үшін денсаулық жағдайларына байланысты міндеттер де әр түрлі болады. Сондықтан эрготерапия әдісінде әр баламен жеке жұмыс жасалынады. Сабақтардың ойын түрінде болуы балаларға өте ұнайды. Сонымен қатар бала үшін ұсақ моторика дағдысы мен сөйлеу дағдысының дамуын қолдайтын ақпараттық ортаны құру да маңызды болып табылады.
Эрготерапиялық агротерапия әдісі – еңбекпен тәрбиелеу және эрготерапия бағыттарының бірі, өсімдіктерді өсіру, баптау арқылы еңбек дағдыларын қалыптастырады. Бұл агротерапияның әдістері қозғалыс бұзушылықтарын (бірінші кезекте манипулятивтік белсенділікті және қолдың ұсақ моторикаларын дамытуға) танымдық белсенділік пен ой өрісін арттыруға, балалар мен жасөспірімдердің бастапқы кәсіптік бейімделуін түзетуге бағытталған. Біздің ортопедия бөлімінде осы бағытта «Табиғат бұрышы» жасалып, балалар дәрігерлермен бөлме гүлдерін егіп-баптауда.
Сенсорлық интеграция (ықпалдастық), қабылдауды дамыту. Сенсорлық ықпалдастық деп орталық жүйке жүйенің сезім мүшелері арқылы қабылдап, түйсіктердің сезім мүшелері арқылы ұйымдастырылуын айтамыз. Сенсорлық ықпалдастық 90-жылдардан бастап дүниежүзінде кең ауқымда қолданыла бастады. Бұл әдісті американдық ғалым Джин Айрес енгізді. Сенсорлық ықпалдастық әдісін топтық және жеке жаттығуларда қолданамыз. Бүгінгі таңда балалармен бірге сенсорлық ықпалдастық әдісімен де көптеген жұмыс атқарылуда. Ерте балалық шақ – балалардың дене мүшелерінің және жүйелердің, әсіресе, ми функциясының дамуының ерекше кезеңі. Бас-ми қабығының функциясы тұқымдық бойынша тіркелмеген, олар қоршаған ортаның ағзаларымен өзара қарым-қатынас жасау нәтижесінде дамитыны дәлелденген.
Қазіргі таңда кейбір балаларда дене түйсігі арқылы сезіну, есту сезімдерінде кемшіліктер бар. Яғни ол қоршаған әлемді бір жақты қабылдауы мүмкін. Сондықтан сенсорлы жүйе сандары баланың тәрбие және оқыту үрдісіне неғұрлым көп араласса, оның дамуы соғұрлым тиімді жүреді. Қазіргі таңдағы соңғы технологиялық әдістердің кейбірі балалардың сенсорлы тәжірибесін тапшы етіп, оны визуальды және виртуальды образдарға ауыстырған.
Сенсорлық ықпалдастық әдісі бірнеше бағыт бойынша жұмыс атқарады:
• Тактильді
• Вестибулярлы аппарат
• Проприоцептивтік жүйе
Біз осының тактильді түрін жиі қолданамыз, себебі ол баланың сенсорлық қабылдауын, яғни есту, қөру, сипау және көлемді, пішінді, түр-түсті тануды дамытуға жақсы әсер етеді. Ерте жастағы балалар бөлімшесіндегі балалармен бірге «Заттармен танысу», «Дәндер», «Жұмсақ қауырсын», «Сиқырлы қасық», «Жаңғақтар» атты жаттығулармен жұмыс жасалып жүр.
Арттерапия әдісі
Емделуші балаларға арттерапия әдісімен квиллинг, оригами және аппликация техникалары қолданылып, түсті қағазбен және мата, мақтамен жаттығулар жасау арқылы еңбекке бейімделуде, ұсақ қол моторикасы дамытылуда.

Эрготерапия-1

Арттерапия сөзін 1938 жылы суретші Андриан Хилл қолданысқа енгізді, ағылшынша «art – өнер» деген мағынаны береді, ол емделушінің шығармашылықпен айналысуы ауруды жеңуге көмектесіп, эмоционалдық жай-күйін, психологиялық саулығын жақсартатынын байқады. Сондықтан кардиология және ортопедия бөлімдерінде ермексазбен мүсіндеу, түрлі бояулармен бейнелеу, боямақтармен жұмыс жасау да балалар үшін өте қызықты әрі қажет. Арттерапияның бұл әдістерімен балалардың қобалжуын, сенімсіздігін басып, сабырлылық пен шыдамдылыққа, зейінділікке, сезімталдыққа, ой-қиялын дамытуға көмектесеміз.
Ұсақ моториканы дамыту
Жеке және топпен жұмыс жүргізгенде балаларға ұшы бар грек жаңғағын ұсынамыз:
1. Оны екі алақанның ортасына салып айналдырамыз.
2. Жаңғақтың ұшы бар жағын әр саусақтың ұшымен басып шығамыз.
Сонымен қатар:
3. Бүртігі бар доппен жұмыс жасаймыз (оны екі алақанның ортасына салып айналдырамыз).
4. Қыры бар қарандашпен жұмыс (екі алақанның ортасына салып айналдырамыз).
5. Балаларды өз бетімен саусақтарына жаттығу жасауға дағдыландырамыз.
Балалардың церебральды сал дертінен зардап шегетін балалар үшін түзете-дамыту жұмысының, ойын-жаттығулардың ерте басталғаны дұрыс. Сабақ кезіндегі дифференциалды ыңғай баладағы мүмкіндіктерді ескеру мен оның жақын даму аймағында орналасқан жаттығулар жүйесін құруды ескереді.
Церебральды сал дертіне шалдыққан балалардың ерекшеліктерін ескере отырып оларға жиі кездесетін ойыншықтардан гөрі сыртқы түрі, түсі, пішіні, көлемі, материалы бойынша ерекшеленетін өте ашық түсті ойыншықтардың атауын есте сақтау ұсынылады. Бұл балалардың ойыншықтарды көрсетуінің ерекшеліктері бар. Оқыту сабақтарында ойыншықтарды көрсетумен қатар оның атауын білдіретін сөз айтылады. Сөздер баланың көзқарасы ойыншыққа тоқтаған кездерде айтылады немесе ойыншықтар баланың көру аймағында орналасады.
Айтылатын сөз баяу, әуенделіп, әртүрлі интонациялармен айтылады. Балада сөздерді түсінуді қалыптастыру барысында есту, көру және тері-бұлшықеттік жұмысын белсендіреді. Қазір біз осы жұмыстардың нәтижесін көріп отырмыз. Ата-аналар балаларымен сабаққа қызығушылықпен қатысады, қимыл іс-әрекеттерін қадағалап, берген нұсқауларды мұқият орындауға тырысады. Ата-аналардың ұсақ моторикаға дұрыс көңіл бөлгені жөн: балаларына ойындар, жаттығулар, түрлі тапсырмалар беруі керек.
Бұл екі міндетті шешеді: 1. Баланың жалпы интеллектуальды дамуына әсер етеді; 2. Қолдың, саусақтың іс-әрекеттері дамиды.
Қарапайым жаттығулардың баланы естуге және көргенін, естігенін жадында сақтап қалуға үйретуге пайдасы орасан зор. Ұсақ және жалпы моториканы дамыта отырып, біз баланы мұқияттылыққа тәрбиелейміз.
Эрготерапияда Тауб қолғабы әдісі 3 принциптен тұрады. Олар:
1. Шектеу – іс-әрекетті жақсы жағынан шектету, Тауб қолғабын кигізу.
2. Мәжбүр ету – науқастың лажсыз іс-әрекет етуіне жағдай жасау.
3. Қарқындылық (интенсивность) - ұзақ уақыт, үздіксіз жаттығулар арқылы нәтижеге қол жеткізу.
Бұл әдісті БСА емделуші балалармен көп қолданып, аналарына кейін де жалғастыруды ұсынамыз.
Айна терапиясы әдісі
Айна терапиясы да эрготерапияның жаңа, тиімді әдістерінің бірі. Мидың визуальды және қимыл-әрекеттік аймағын белсендіруге қолданылады. Айнаны үстел үстіне ыңғайлы қойып, емдейтін қолын айна арқасына жасырып, көрсетпей, ал сау қолымен айна алдында жұмыс жасайды. Әр түрлі жаттығуларды емделушіге көрушілік қайтымды байланыспен, терең сезімталдықпен жасауды ұсынамыз. Сол кезде екі қолымен де жақсы жұмыс жасағандай сезім пайда болады.
Жалпы, эрготерапия әдісімен емдік оңалту барысында, жалпы емдік іс-шаралар кезінде барлығының орны ерекше болып табылады: балаларды қоршаған орта, жеке қасиеттері, отбасындағы қарым-қатынас, әлеуметтік жағдайы, интеллектісінің көрсеткіші. Бұл әдіспен емделушінің өмір сүру сапасын жақсартуға, қалыпты іс-әрекеттерін орнатуға, өзіне-өзі қызмет жасай білуге мүмкіндік туғызуға және танымдылығын дамытуға көмектесеміз.

Д.Сыдықова,
ШЖҚ облыстық
№2 балаларды оңалту
орталығының еңбек
нұсқаушы-педагогы

Последнее изменение Пятница, 03 Август 2018 08:24
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.