Версия для печати

Кітап оқуға қызықтыра білеміз бе? Избранное

Среда, 08 Август 2018 04:31 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 4757 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Кітапханалар заман талабына сай жаңғырып, жастар жиі жиналатын орынға айнала бастағаны қуантады. Мұнда ашылған коворкинг-орталықта түрлі тақырыптарда семинарлар, дәрістер және тренингтер өткізуге жағдай жасалған. Одан бөлек демалыс аймағы, кино залы, кофехана, кітап дүкені, ағылшын тілін үйрететін курс және еркін пікірталас аймағы да жұмыс істейді. Енді жастар бұл мүмкіндікті пайдалана білсе, қанеки!

DSC 0613

Кітапханалар зияткерлік демалыс орнына айналады

Біз жастар кітап оқымайды дегенді жиі айтамыз. Ал өзіміз бұл бағытта қандай тың жобалар ұсына алдық? Ойланып көрейікші.
Қазіргі ақпараттық технология заманында цифрландыру ісі, бәсекелестік, жоғары сападағы қызмет көрсету басты трендке айналған. Заман талабына сай жан-жақты даму үшін ғылым мен білімнің соңғы жетістіктерін тиімді пайдалану қажет.
Кітап – қазына. Кітап – сарқылмайтын білім. Бүгінгі кітапханаларды тек кітап оқуға ғана қызмет көрсететін мекеме емес, тұрғындар үшін зияткерлік демалыс орнына айналдыру ләзім.
Кітап оқуға қызықтыру, кітапхана ісін жаңғырту мақсатында «Нұр Отан» партиясы еліміздегі барлық кітапханаларды жаңа заманға лайық, жастардың бәсекеге қабілетті болуын қамтамасыз ететін білім орталығы ретінде қайта жаңғырту жобасын бастап кетті.
Қазірдің өзінде бірқатар кітапханалар қызмет көрсетудің жаңа форматына ауысты. Осының нәтижесінде кітапханалар жергілікті жастардың жиі бас қосатын жеріне айналатыны мәлім. Кітапханалар түрлі семинарлар, тренингтер, дәрістер өтетін, жастар жиі бас қосатын нағыз білім орталығы болуы тиіс. Орталықтарды мазмұнды, мәнді дүниелермен толтыру міндеті тұр.
Таяуда «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Шымкенттегі әлеуетті кітапхананың жаңғыруымен танысқан-тын. Бірқатар ойларын айтты.
– Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізгі бағыттарының бірі – халықтың білімге деген құштарлығын арттыру. Осыған орай «Нұр Отан» партиясы еліміздегі кітапханалардың қызметін жаңғыртып, оларды жаңа заманға сай коворкинг-орталық ретінде қайта құру жобасын қолға алды. Бүгінгі жастар әрдайым өздерінің білім-біліктілігін көтеруі үшін осындай орталықтар көптеп қажет. Мұнда тәжірибе алмасады, өз қабілеттерін дамытады. Және өздерінің тұлғалық қасиеттерін дамыту үшін маңызы зор кітаптарды оқуы тиіс. Біз оларға жағдай жасауымыз қажет. Енді оларға қажетті кітаптарды ұсынып, кітап қорын толықтыруға әрекет етеміз,– дейді Мәулен Сағатханұлы.

«Рухани жаңғыруды» іспен насихаттап жатырмыз»

Бүгінде кітапханаларымыздың әлеуеті қаншалықты? Енді осыған келейік. Қаладағы ең ірі «Отырар» әмбебап ғылыми кітапханасында бүгінде 380 мыңнан астам түрлі оқулық бар.
Мінекей, Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов та кітап ісін жаңғыртуға қолдау көрсетіп жатыр. Шаһар басшысының ұйытқы болуымен «Отырар» әмбебап ғылыми кітапханасында коворкинг-орталығы ашылды. Одан бөлек, орталықта конференц-зал жұмысын бастады. Онда түрлі тақырыптарда семинарлар, дәрістер және тренингтер өткізуге жағдай жасалған. Сондай-ақ демалыс аймағы, кино залы, кофехана, кітап дүкені, ағылшын тілін үйрететін курс және еркін пікірталас аймағы бар.
Кітапхана директоры Күлия Айдарбекованың айтуынша, мұнда күн сайын 100-ге жуық жасөспірім келіп, өзін-өзі дамытуда.
– Біздің кітапхананың 19 мыңнан астам оқырманы бар. Соңғы жаңалықтарды біздің оқырмандар зор қуанышпен қабылдап жатыр. Мұнда бәрі еркін форматта: таңертеңнен кешке дейін кітабын оқып, кофесін ішіп, арасында интернетке кіріп, тынығуына да жағдай бар. Нұрсәт шағынауданының өзінен біздің 4 мыңға жуық тұрақты кішкентай оқырманымыз бар. Балаларға бір жыл бұрын арнайы орын жасалды. Қазір жыр дастандарды, тарихи кітаптарды оқып жатыр. Алпамыс батыр жырын толық жаттап алған балалар мен қыздарымыз көп. Біз «Рухани жаңғыруды» іспен насихаттап келеміз, – дейді Күлия Смайылханқызы.
Әрине, мұның бәрі де жастарды тәрбиелеудің тиімді тетігі екені сөзсіз. Кітапхана 2013 жылы ашылған. Ондағы қолға алынған жақсы істер көңіл көншітерліктей. Ішіңіз жылып сала берер. Бірқатар ізгілікті істерден хабардар етейік, ендеше.
Кітапханада жас оқырмандар арасында жыр мен дастандар оқу бойынша «Әлемді кітап арқылы таниық» деген байқау өткізіле бастаған. Ең көп кітап оқитын бала Созақ ауданынан шыққан. Дарынды оқушы бір жылда 120 кітапты оқып, тауысыпты.
Мұнда оқырмандарға тек кітап, газет-журнал оқу ғана емес, одан бөлек, тыныққан кезде тоғызқұмалақ, шахмат ойнауға мүмкіндік бар. Сурет салу, тіл үйрену үйірмелері бар. Балалар қазақ, орыс және ағылшын тілін тегін үйренуде.
Жалпы, жазғы уақытта лагерьге бара алмаған, үйінде отырған балалар уақытын осында өткізеді. Ұйықтаймын дегендерге де барлық жағдай қарастырылған.
Бір қуантарлығы, соңғы кездері кітапханаларға демеушілер де қолдау көрсете бастапты. Атап айтқанда, демеушілер өнер залын, Отырар кітапханасының музейін, балалар залын жасақтауға септігін тигізген. Бұрын мұндай демеушілер жоқ-тұғын. Тіпті, кейде ата-аналардың өзі демеуші болуға ниет танытады екен.
Жаңадан ашылған коворкинг-орталықты қала әкімінің өзі жасақтап бергенін айта кеткен жөн. Мұның бәрі де жастардың өз қабілеттерін дамытуға, өздерін жетілдіруді көздейді. Бұл – жастарға беріліп отырған үлкен мүмкіндік.

Оқушылардың тіл үйренуге ынтасы зор

DSC 0631

Бүгінгі жастар компьютер ойындарына құмар. Телефонға телмірген жасөспірімдерде де есеп жоқ. Ал біз жастар кітап оқымайды дейміз. Олардың кітаппен дос болуына жағдай жасадық па? Бұл – ойланатын мәселе.
Таяуда ғана шетелдік 100 кітап тәржімаланды. Енді жастарға мол мұраны оқыту міндеті тұр. Өскелең ұрпақ осында келіп, рухани кеңістігін дамытып жатса, үлкен олжа деген осы.
Мақсат айқын, бағыт белгілі. Ендігі ретте кітапханаларда түрлі іс-шараларды өткізу керек. Тренингтер, дәрістер, талқылаулар ұйымдастырылса, кез келген білімге құмар жастың талабы оянатыны анық. Жастарға керегі – тағылымы мол жиындар.
Жалпы, партия Төрағасының Бірінші орынбасары кітапханаларды жаңғыртудың формасы жақсы, енді мазмұнмен толтыру керегін айтады. Жастарды тәрбиелеудің бір тетігі осы. Бұл ретте кітапханашылардың әлеуметтік жағдайын дұрыстау да уақыт күттірмейді. Жетекші партия бұл мәселені шешуді де қолға алмақ.
Сөз соңында өзіміз куә болған жағдайды айта кетсек. М.Әшімбаев коворкинг орталықтағы тіл үйрену курсындағы оқушылардың жағдайымен танысқан-ды. Онда ағылшын тілін мектепте істейтін ерікті мұғалім оқытады. Түске дейін 60 бала шет тілін үйренуге ден қойған. Мәулен Сағатханұлы ағылшын тілінде бір талапкерден «Атың кім?» деп сұрады. Мектеп оқушысы еш мүдірместен есімін айта қойды. Ал ағылшынша жасың нешеде деген сұрағына жауап бере алмай, тосылып қалды. Әрине, осы кезде
Мәулен Сағатханұлы ынтасы зор шәкіртті өзі демеп жіберіп, алдағы өміріне сәттілік тіледі.
Расында, жас шәкірттерге ел ағаларының қолдап-қошемет көрсетуі, білім алуына бар жағдайды жасауы қанаттандырып, білім-ғылымға құлшындыратыны анық. Алда осы орталықтан ағылшын тілін меңгеріп, сайрап тұратын жастар көптеп шығарына сенім зор.
Жастарды кітап оқуға қызықтыра білейік. Дұрыс бағыт-бағдар көрсетсе, зейіндері ашылып, кітап оқуға деген ынтасы да оянар еді-ау.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.