Жаңа формат жұмыссыздықты азайтуда Избранное

Пятница, 10 Август 2018 04:33 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 3612 раз

Шымкент қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы жыл басынан бері жаңа форматта жұмыс жасауда.

DSC 2534

Жұмыссыздық мәселесін шешуде екі жаңа сектор ашылып, орталық қызметкерлері цифрлы қызмет көрсету жүйесіне өткен.
Алғашқы жарты жылдықта жұмыс іздеп келген 15 мың азаматтың 12 258-і түрлі мекемелерге жолдама алды. Дегенмен әлі де жұмыс іздеушілер баршылық. Үшінші мегаполис атанған қалада мемлекеттің көмегімен жұмыс табуға қандай мүмкіндіктер бар? Өзекті мәселе жайында халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Ержан Серікбаевпен әңгімелестік.

ержан-серікбаев

Жаңа секторлардың жұмысы серпін берді

Жұмыспен қамту орталығында жыл басынан бері кәсіби бағдар беру және жұмыс берушілерді қолдау секторы жұмысын бастап, аз уақыттың ішінде оң нәтиже көрсеткен. Сала өкілдері сектордың ерекшелігі жұмыс іздеп келген әр адаммен жеке жұмыс жүргізілуінде деп түсіндіреді.
– Кәсіби бағдар беру секторы егде жастағы жұмыссыз жандарды жұмыспен қамтуға көмектеседі. Мәселен, жасы келген, жоғары білімі жоқ азаматтарды қысқа мерзімді бағдарламамен оқытып, мотивация беру арқылы бейімділігін арттыруға тырысамыз. Бүгінгі таңда қоғамдағы күрделі мәселені бір бағытпен шешуге болмайтынын уақыт көрсетуде. Осы мақсатта аталған секторда 9-11 сыныпты бітіруші түлектерді мамандық таңдағанда дұрыс бағыт беруге күш салудамыз. Бұл мақсатта қалалық білім бөлімі, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, бітіруші түлектер арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Қазір бізде психологтар жұмыс істейді. Олар алдымен түлектерге психологиялық анкета жүргізіп, ой-өрісін, қай мамандыққа бейім екенін кәсіби мамандармен бірге анықтайды. Сосын барып оларға кәсіби бағдар беріледі. Қазіргі таңда осы мәселе бойынша қыркүйек айында 1784 түлекті кәсіптік техникалық оқуға мемлекеттік грантпен жіберуді жоспарлап отырмыз. Олар техникалық кәсіп бойынша 2,5 жыл колледжде оқиды, сосын орталық арқылы жұмысқа орналасады, – дейді халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Ержан Серікбаев.
Маманның айтуынша, жаңадан ашылған екінші сектор - жұмыс берушілерді қолдау секторы жұмыс берушілермен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді. Онда қаладағы мемлекеттік немесе жекеменшік мекемелер, өндіріс орындары, зауыт-фабрикалардағы бос жұмыс орны жайындағы мәліметтер жинақталып, сарапталып, қажет мамандарын жолдайды. Орталықтың электронды порталы дәл қазіргі күні қаладағы мекемелердің 70 пайызын қамтуға әрекет жасауда. Ержан Серікбаев «енді ашық қызмет түріне көшеміз. Сонда ешқандай заңға қайшы әрекеттер орын алмайды» дейді.

Кезек күтпейсіз

Жұмыспен қамту орталығында 43 операциялық зал бар. Ондағы мамандар жыл басынан бері әмбебап қызмет көрсетуге машықтанған. Енді жұмыс іздеуші әр кабинетке не болмаса қажетті маманнан ғана кеңес алу керек деп сабылмайды. Мекемеге кіргенде бірінші электронды кезек алады, сосын ондағы кез келген маман кез келген сауалға жауап беруге дайын.
– Соңғы бір жақсы жаңалығымыз – халыққа қызмет алудың түрлері қолжетімді болу үшін enbek.kz порталы іске қосылды. Жұмыс іздеуші egov порталында жеке кабинетін ашып, жұмыспен қамту орталығына келмей-ақ үйінде отырып, түйіндемесін жіберіп, жолдамасын да сол жерден ала алады. Сол арқылы ары қарай жұмысқа да орналасуға мүмкіндік жасалды. Оның дәлелі – электронды портал арқылы жыл басынан бері бізге 291 жұмыс беруші тіркеліп, 827 бос жұмыс орны ұсынылды. Бүгінгі дейін 812 жұмыссыз азамат портал арқылы жұмысқа орналасты, – дейді орталық директоры.

Қандай мамандар тапшы?

Шаһарда денсаулық сақтау және білім саласына жұмысқа тұруға өтініш берушілер көп екен. Ал сала жауаптыларының сараптауынша, еңбек нарығында, әсіресе, қызмет көрсету салаларына мамандар қажет. Сонымен бірге өндіріс орындары, зауыт-фабрикалар, шағын тігін цехтарындағы технологияларда игеретін мамандар тапшы.
– Қаладағы кәсіптік-техникалық білім беретін оқу ордаларының оқыту базасы мықты, бірақ олардың дайындап жатқан мамандары еңбек нарығына қажет бола бермейді. Қазіргі таңда «Бал-Текстиль», «Әлем», «Абиев ЖК», «Гаухар» тігін фабрикалары жанынан өз ұсыныстарымен оқу орталықтары ашылды. Онда мамандар қысқа мерзімді оқудан өтеді және сол жерде тұрақты жұмысқа қалады. Оған бір мысал, бүгіннің өзінде «ЖК Абиев» тігін цехы 25 азаматты оқытып, өздеріне жұмысқа қалдырды, – дейді Е.Серікбаев.
Тағы бір айта кетерлігі, биыл қысқа мерзімді кәсіптік оқытуды қамтамасыз ету бағытымен 150-ге жуық жас аспаз мамандығын тәмамдап, қаладағы кафе, ресторан, кондитерлік мекемелерге жұмысқа жолданған.
Электронды еңбек биржасы порталында еліміздің еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмыссыздар жайы, қоғамға қажетті-қажетсіз мамандықтарды саралап отырады. Биылғы екінші тоқсандағы мәліметке сүйенсек, электронды портал арқылы республикада 206 405 бос жұмыс орны ұсынылған және 92 516 түйіндеме жіберілген. Жұмыс іздеушілердің көш басында Шығыс Қазақстан облысынан кейін Шымкент қаласы мен Түркістан облысы тұр. Ал аймақта медбике, тәрбиешінің көмекшісі, санитар (жалпы профиль) мамандарға сұраныс көбейген.
Шымкент үлкен өркениетке қадам басып келеді. Қаланың болашағы білікті мамандарың қолында. Ендеше, мамандық таңдауда бұрынғы қасаң көзқарастан арылып, заман ағымына қарай пайдалы кәсіптерге бет бұратын кез келді...

Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі.