Версия для печати

Жүректің жұмысын «жалғаған» Избранное

Пятница, 10 Август 2018 04:44 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 3269 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Биыл облыстық кардиологиялық орталықтың кардиохирургия бөлімшесі жаңа маманмен толықты. Жүрек-қан тамырлары ауруларына ота жасайтын білікті маман Бақболат Мырзакерімді денсаулық сақтау басқармасының басшылығы Астанадан арнайы шақыртқан. Арада көп уақыт өтпей, «алтын» қолды дәрігер жылдың үздік маманы атанып, пәтерге ие болды. Маман жыл басынан бері бөлімше дәрігерлерімен бірге 350-ге жуық отаны сәтті жасап, адам өміріне араша түсті. Аталған салада отандық дәрігерлердің жетістігі қандай, жүрек-қан тамыры дертінің көбеюіне не себеп? Кардиохирург Бақболат Мырзакеріммен осы сауалдар төңірегінде әңгімелесіп қайтқан болатынбыз.

DSC 4429

Өңірімізде ғана емес, республикада жүрек-қан тамыры ауруларына өз бетінше ота жасайтын кардиохирург-мамандар тапшы. Ақ халаттылар мұны елімізде кардиохирургия саласының кеш дамуымен түсіндіреді. Дегенмен 2007-2011 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы және «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы саланың дамуына және білікті мамандар дайындауға серпін берді.
– Қос бағдарлама аясында кардиохирургия саласында сең жүрді. Елімізде кардиохирургияның негізін қалаған медицина ғылымдарының докторы Юрий Пяның жетекшілігімен Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы ашылды. Өңірлерде кардиохирургиялық бөлімшелер ашылып, жаңа технологиялар енгізілді және мамандар шет мемлекеттерге біліктілігін жетілдіруге жіберіледі. Тынымсыз еңбек, ізденістің нәтижесі болар, бүгінде отандық дәрігерлер жүрек трансплантациясы отасын сәтті жасауда, – дейді кардиохирург Бақболат Мырзакерім.
Маман медициналық жоғары оқу орнын тәмамдаған соң 2006 жылы «Болашақ» бағдарламасымен Мәскеудегі А.Н.Бакулаев атындағы ұлттық ғылыми жүрек-қан тамырлары зерттеу орталығында екі жыл клиникалық ординатурадан өтеді. Сосын елге оралып, Астанадағы ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталықта қызмет етеді. Жаңашыл дәрігердің өңірге шақырылуы тектен тек емес. Өйткені, өңіріміз жүрек ауруларына ота жасау бойынша Астана, Алматы, Павлодар, Қарағанды қалаларынан кейін бесінші орында тұр. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұхан Егізбаев сала мамандарымен бас қосып, өзекті мәселені шешуде сараптап-саралайды. Сонда орталық дәрігерлері отаның заманауи түрлерін жасайтын маманның тапшы екенін жеткізеді.
– Отаның басым бөлігі жүрек-қан тамырларына жасалады. 80-90 пайызы – ортокоронарлық шунттеу және жүрек клапандарын протездеу. Қазіргі таңда жаңа технологияларды пайдалана отырып, күрделі операцияларды жылдам әрі адам өміріне нұқсан келтірмей жасауға әркет жасаймыз. Мысалы, жүрек клапынын ауыстырғанда науқастың өзінікін сақтап қалуға тырысамыз. Бүгінде дүние жүзіндегі дәрігерлердің тәжірибесі осыған негізделуде. Қалпына келмегенде ғана ауыстырамыз. Ал кардиохирургтардың жетістігі, еңбегінің көрсеткіші – жүректің өз клапынын сақтап қалуы. Екіншіден, жүрекке ота жасағанда бұрын төсті түгел ашатын да дененің көп бөлігі кесілетін. Сосын отадан кейін сүйек бір-біріне бірігуде 3-4 ай уақыт кететін. Қазір болса қабырғаның арасынан тері 4-5 см ғана кесіледі. Бұл да болса медицинаның үлкен жетістігі, – дейді маман.
Дәл қазіргі орталықта кәсіби мамандар бірнеше отаны бір мезетте жасауға машықтануда. Мидың қан тамырларымен қатар жүрекке отаны қоса жасайды. Дәрігер жүрек-қан тамыры ауруларының жасарып бара жатқанына алаңдаулы. Б.Мырзакерім соңғы отасын 32 жастағы азаматқа жасаған. Ота жасаған науқастардың 90-95 пайызы темекі шегетіндер екенін атап өткен маман тұрғындарға зиянды әдеттерден аулақ болуға кеңес берді. Спортпен айналысып, 40 жастан асқанда скринингтен өтіп, емханада уақтылы денсаулығын тексертіп тұру жүрек ауруларының алдын алудың бірден-бір жолы екенін атап өтті.
Облыстық кардиологиялық орталықтың кардиохирургия бөлімшесіндегі тағы бір жаңалық – 18 төсек орын 40-қа көбейген. Қазір мұнда білікті, тәжірибелі мамандар жұмыс істейді. Жергілікті кардиохирургтар жүрек алмастыру отасынан басқа кез келген күрделі деген оталарды жасай алады.

07117a51f06000b32464c63d3956a5aa XL

Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі.