Балғындарға шарапаты тиген «Қасиетті жол» Избранное

Пятница, 17 Август 2018 04:10 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 4289 раз

Жуырда Шымкент қаласындағы «Қасиетті жол» қоғамдық қорының балаларды оңалту орталығы өзінің сегізінші маусымын салтанатты түрде қорытындылады. Мұнда ем алған церебралды сал ауруына шалдыққан балалар мен олардың ата-аналары орталық қызметкерлеріне алғысын білдіріп, балаларын емдеген мамандарға шағын концерттік бағдарлама ұйымдастырып берді. Онда ем алып жатқан балалардың өздері өнер көрсетті.

DSC 5930

Осы іс-шараға қатысқан «Шымкент келбеті» және «Панорама Шымкента» газеттерінің ұжымы ата-аналарды балаларының тәй-тәй басқан қадамымен құттықтап, балғындарға тәттілер үлестірді. Көңіл толқытарлық сәтте Бахтияр Спанов бастаған облыстық қуыршақ театрының ұжымы да сахналық көрініс қойып, балаларға шаттық сыйлады. Балғындардың өздері де ертегі кейіпкерлерімен бірге ортада би билеп, тақпақ айтты. ЛФК массаж жасаушылармен бірге спорттық жаттығулар көрсетті.
Жиында сөз алған облыстық журналистер одағының төрайымы, «Шымкент келбеті» және «Панорама Шымкента» газеттерінің бас редакторы Айгүл Қапбарова науқас балалармен олардың ата-аналарының көңіліне медет, болашағына үміт ұялатқан «Қасиетті жол» қоғамдық қорына алғыс айтты.

DSC 5787

Жалпы, «Қасиетті жол» қоғамдық қайырымдылық қорының оңалту орталығы «Ұлт болашағы – дені сау балалар» жобасы аясында қаламызда 2017 жылдың тамыз айында ашылған болатын. Орталыққа «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат» қоры» АҚ қолдау көрсетіп отыр. Әлеуметтік маңызды жобаны іске асыруға «Нұр Отан» партиясы да қол ұшын созған. Бұл орталықта жағдайы төмен отбасындағы сал ауруына шалдыққан балалар тегін емделеді. Бүгінге дейін орталықта 575 бала емделсе, қазір 50 бала ем алуды жалғастыруда. Орталықта балалармен жұмыс істеуге барлық жағдай жасалған, тиісті салада тәжірибесі мол дәрігерлер мен педагогтар бар. Балғындар толық медициналық тексеруден және тегін оңалту курсынан өтеді. Науқас балалар әр 3-6 айда 21 күндік оңалту курсынан өте алады.
– «Қасиетті жол» қоғамдық қорының басты бағыты қайырымдылық болып табылады. Балаларды тегін емдейміз. Мұнда тек Шымкент қаласынан емес, еліміздің басқа өңірлерінен келген балғындар да ем қабылдайды. Ол үшін Астанадағы орталықтың жолдамасын алуы керек, – дейді «Қасиетті жол» қайырымдылық қорының директоры, оңалту орталығының бас дәрігері
Салтанат Көшенова. – «Қасиетті жол» қайырымдылық қорының оңалту орталықтарында Қазақстанның тұрмысы төмен отбасыларынан, балалар үйлерінен келген балалар ең жақсы әдістемеге негізделген сапалы ем ала алады. Соның бірі – «Kinaesthetics» бағдарламасы арқылы науқастарды емдеу,- дейді бас дәрігер.
«Kinaesthetics» емдеу тәсілі – Германиялық реабилитология саласының маманы Норберт Фельдманның білім методикасы. Оның ең негізгі тұсы адам денсаулығын дамыту үшін маңызды болып табылатын қозғалыс құзыреті болып келеді. «Kinaesthetics» концепциясының көмегімен күнделікті іс-әрекетті (баланың тамақтануы, киінуі, арбада орындыққа отыруы, аунауы, және т.б.) әрі қарай зерттеу мен емдеу жалғасады.
Орталықта ем алып, денсаулығы жақсарған, Жамбыл облысынан келген Адинаның анасымен тілдесудің сәті түсті. Айтуынша, 4 жасар қызы осында ем алған соң өздігінен отыра бастаған. Кішкентай қыздың жоғары жүйке жүйесі зақымданғанынан сал дертіне шалдыққан. Бұған дейін Алматы мен Астанадағы оңалту орталықтарында емделген екен.
– Осында алғаш келгенде Адина өздігінен отыра алмайтын. Осымен екінші рет келіп, физиотерапия, арнайы құрылғыларда жаттығу жасау, психолог, логопед, заманауи медициналық жабдықтың көмегімен қызым енді отыра алады. Бүгін 21 күндік емдік курсты алып болдық, алдағы уақытта тағы осында келіп ем қабылдауды жалғастыруды жоспарлап отырмыз, – дейді анасы.
Оңалту орталығына емделуге келгендердің дені жақсы нәтиже көрсеткен. Осы күнге дейін 60 бала өздігінен отырып, 20 бала жүруге әрекет ете бастаған. Тіпті, кей балалар мұнда спортпен айналысуда, бұл үшін арнайы спорт залда арнайы жаттықтырушы жұмыс істейді. Одан бөлек педагог-психологтар, логопед кабинеттері бар.

DSC 5935

Последнее изменение Пятница, 17 Август 2018 06:20