Версия для печати

Блог құрылтай - пайдалы тәжірибе алаңы

Понедельник, 20 Август 2018 13:36 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 4586 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Біркөлік шатқалындағы «AISA» демалыс аймағында қазақ интернетіндегі блог құрылтайдың жазғы мектебі өтті. Екі күндік оқу-практикалық сабаққа еліміздің барлық өңірінен келген журналистер, IT-мамандары, блогерлер жалпы 100-ге жуық маман қатысты.

DSC 6984

«Blogcamp: жазғы мектеп» шарасын ұйымдастыруға Шымкент қаласының отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасы және Қазақстанның жастары одағы атсалысты. Бағдарлама аясында 3 спикер таңдалған. Оның бірі Konrad Аdenauer stiftung мекемесінің өкілі –
Томас Хельм. Ол «Ақпараттық дағдарыс кезіндегі коммуникация негіздері» атты 2 бөлімнен тұратын семинар-тренингін өткізді. Бірінші бөлімде елді дүрліктірген оқиғалар жайлы айтылды.
Мәселен, жұмысқа еріне басып жеткен бойжеткен гамбургер дайындайтын фирманың өнімін өте салақ әрі лас дайындалып жатқанынан видео түсіріп, оны әлеуметтік желідегі парақшасына салады. Небəрі 30 секундтық видеоның қалай түсірілгенін, шынайылығын таразылап жатқан ешкім жоқ. Жағымсыз ақпар тез тарап, ақырында гамбургер бизнесі дағдарысқа ұшырады. Миллиондаған кірістен айрылды. Бұл жердегі басты қателік – гамбургер компаниясы әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа байланысты дер кезінде дұрыс мәлімдеме жасауды ескермеді.
Сабақтың екінші бөлімі бұдан да қызық. Бейресми ақпарат тарап кеткен жағдайда нені ескеру қажет? Ресми ақпаратты қалай дəл беруге болады? Сондай-ақ қандай қателіктер жіберуден аулақ болу керектігін Томас Хельм практикалық сабақ үстінде жақсы атап өтті.
Елді алаңдатқан оқиғаға байланысты ең алдымен баспасөз хатшысы жəне тиісті мекеме басшысы ресми мəлімдеме жасауы керек. Бірақ, қалай? Мұндай кезде журналист нендей мəселелерді назардан тыс қалдырмауы керек? Қатысушылар бұл сұрақтардың жауабын жақсы түсінді.
Екінші спикер – Назым Жанғазинова «Қазақстандағы PR эволюциясы» жайлы айтып, оның тиімділігіне тоқталды. Мұнда бәрі керісінше. Өнімнің өтімділігін артту үшін 30 секундтық жарнамадан 2 минут немесе одан да көп уақытты алатын PR бағытындағы репортаж зор пайда әкелуі ықтимал. Спикер бұл салада өзінің тәжірибесімен бөлісіп, жеткен жетістіктерін атап өтті.

DSC 7979

Блог құрылтайға қатысушылар кешкісін «Малта» ұлттық сусын жобасының презентациясында бас қосты. Кешкі ас үстінде өңірлерден келген ақпараттық саланың өкілдері мен ұйымдастыру алқасы жақын танысып, түрлі салаға байланысты пікір алмасып, өз ойларын ортаға салды.
Жазғы мектептің екінші күні үшінші спикер Ерлан Оспанның «Сауат бюлеттені – 2018» тақырыбына арналды. Спикер жиі сынға ұшырап, дау тудыратын, бүгінге дейін аққу көкке, шортан көлге, шаян жерге тартқандай күйге түскен қазақ сөздерін еске салды. «Болып табылады» оны қолдану қате болып саналады ма? «Рахмет» пе, «раҚмет» пе? «Уже»-нің қазақшасы қалай? Ілік септігі тырнақшаның ішінен жазыла ма әлде сыртында қалуы керек пе? Мұндай қателіктердің белең алуына қазіргі интернет ресурстар да өзінше атсалысуда. Мұндай тартыстан шығудың жолын іздеп, бірден-бір жолын таптым деп есептейтін спикер жобасы туралы да айтып өтті.
– Біз қазақ тілін сақтап қалуымыз керек. Оны әрбіріңіз өзіңізден бастап, мейлінше жақсылық жасауға тырыссаңыз, біз бүгінгі медиаға зор үлес қоса аламыз. Орыс тіліндегі «Алиса» бағдарламасын кім біледі? Міне, соған ұқсас дүние жасау үшін editor.goweb.kz іздеу жүйесін қолға алдым. Енді бүкіл қазақша сауатты контентпен толтыруға өзін тіл жанашырымын деп санайтын әрбіріңіз үлес қоса аласыздар, – дейді Е.Оспан.
«Blogcamp: жазғы мектеп» шарасы тағы не берді? Tимбилдинг кезінде қатысушылар 3 командаға бөлініп, уақыт пен жылдамдықты қажет ететін 10 түрлі тапсырманы орындауға жұмыла кірісті. Бұл ойын ой мен бойды ғана сергіткен жоқ, бір-бірін жақын танып, жақсы байланыс орнатуға сеп болды. Ал сулы шатқалға экскурция жасау барысында табиғаттың тамаша көріністеріне тамсанып, экологияны қорғау мәселесіне жанашырлықпен қарау қажеттігін ұғынып қайтты.

DSC 7918

Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.