300 азамат тұрақты жұмысқа жолдама алды Избранное

Среда, 12 Сентябрь 2018 04:42 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 2957 раз

Үшінші дербес шаһарда жұмыссыздық мәселесі оң шешілуде. Осы орайда, қалада «Жылжымалы бос жұмыс орындары» жәрмеңкесі өтті. Шымкент қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту орталығы мен қаладағы аудан әкімдіктерінің мамандары бірге ұйымдастырған шараға 500-ге жуық шымкенттік қатысты. Оның ішінде 300 тұрғын тұрақты бос жұмыс орнына жолдама алды.

IMG 2592

Ал 76 азамат қысқа мерзімді кәсіптік оқуға өтініш білдірсе, 33-і шағын несие алуға ниет білдірді. Шара барысында тұрғындар жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек алуға, және Солтүстік өңірлерге қоныс аударуға ниетті екендерін жеткізді. Олардың қатары 100-ге жуық.
Жұмыс берушілерді қолдау секторының бөлім басшысы Бағдат Арқабаевтың айтуынша, екі қолға бір күрек іздегендердің санын төмендету мақсатында алғаш болып іске кіріскен Абай ауданы әкімі аппараты. Осыған орай, сала мамандары бастаған топ Жаңаталап тұрғын алабы мен Қатын көпір шағын ауданында болып, «Жылжымалы бос жұмыс орындары» жәрмеңкесі өткізілді. Кейін шара қаладағы басқа да аудан халқын қамтыған. Осылайша екі аптаға жалғасқан жәрмеңкеде сала мамандары тұрғындарға тұрақты жұмыспен қамту, әлеуметтік жұмыс орындары, жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек, қысқа мерзімді кәсіби оқыту, жастар практикасы жайында ақпарат беріп, кеңестер жүргізді. Жергілікті халықтың көкейтесті сауалдары да жауапсыз қалмады.
Айта кетейік, жәрмеңкенің мақсаты – қала аумағына жақында қосылған елді мекендердегі жұмыссыздар санын төмендету. Сондай-ақ, бос жұмыс орындарын ұсыну арқылы халықты жұмыспен қамту орталығы жайында ақпараттандыру.