Мектеп маңындағы жолдар қауіпсіз бе? Избранное

Среда, 12 Сентябрь 2018 04:52 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 3834 раз

Әлемде жол-көлік апатынан жылына миллионнан астам адам көз жұмады екен. Оның дені мектеп жасындағы балалар. Ал еліміздің бас прокуратурасының ресми мәліметтеріне сүйенсек, өңіріміз көлік апатынан ең көп зардап шегетін Астана, Алматы қаласынан кейінгі орында тұр. Шымкентте өткен жылғы  аудан әкімдерінің есебінде тұрғындардан келген шағымдардың денін балалардың қауіпсіздік мәселесі құраған болатын. Мектеп маңындағы көшелерде бағдаршам, жол кедергілері және аяқжолдың болмауынан келеңсіз оқиғалар жиілеген. Ендеше жаңа оқу жылы басталды, ал мәселе қалай шешілмек?

DSC 3690

Бағдаршам қойылса...

Шымкент қаласындағы Абай ауданына қарасты Игілік тұрғын алабындағы №128 жалпы орта мектеп пайдалануға өткен жылы берілген. Қазір мұнда 800-ден астам оқушы білім алуда. Білім мекемесі тұрғын алаптағы Т.Абдраймов көшесінің бойынан орын тепкен. Сондықтан ағылған көліктен балалардың жолдан ары-бері өтуінде қиындықтар бар. Оның үстіне көше бойында тротуар да қарастырылмаған. Басында ұстаздар кезекшілікпен әсіресе, бастауыш сынып оқушыларын таңертең күтіп алып, жолдан өткізіп, кешке шығарып салып жүрді, дейді мектеп директорының шаруашылық жөніндегі меңгерушісі Әшірбай Алибеков. Мектеп басшылығы өткен жылы мәселені шешуде Шымкент қаласының білім бөліміне жолға жасанды жол белгісі, жасанды жол кедергісі , жарық шамдар, жолдан өтуге оқталған оқушылардың бейнесі, бағдаршам және жолаяқтың қажеттілігін айтып, өтініш береді.
– Өткен оқу жылында жасанды жол кедергісі, жаяу жүргіншілер өткелі (зебра), көлік жылдамдығын сағатына 40 шақырымнан асырмау белгісі қойылды. Оқушылардың көлік жүретін жолмен жүруі қауіпті болғандықтан, аяқжол салу маңыздырақ болды. Қазір көше бойынан 2 шақырым аяқжол салу жұмыстары жүріп жатыр. Енді бағдаршам қойылса, оқушылардың қауіпсіздігіне алаңдауымыз сейілер еді, – дейді Ә. Алибеков.
Білім шаңырағының жай-күйімен танысуға барғанда кезекші мұғалім мектеп табалдырығын жаңадан аттаған бүлдіршіндерді жолдан өткізіп жатты. Ұстаздар бала өміріне алаңдайтынын жеткізіп, бағдаршам қойылғанша оқушылардың жолдан өтуіне көмектесуді жалғастырмақ.

Бала қауіпсіздігі назарда

Шымшаһарда 131 мектеп, олардың жанынан өтетін 306 көше бар десек, барлығында оқушылардың қауіпсіздігі толық қамтамасыз етілді деуге келмейді. Білім беру ұйымдары жанында анық көрінетін қауіпсіздік белгілері қойылуы тиіс мекемелер саны аз емес. Яғни, әлі де бағдаршам, жасанды жол кедергісі, жол белгілері тапшы.
– Жаңа оқу жылы басталысымен мектептерде оқушылардың қауіпсіздік мәселесі басты назарға алынды. Өткен жылы қаладағы барлық білім ұйымдарында қауіпсіздікті қамтамасыз ететін қажеттілер сараланып, ата-аналардың, мектеп басшыларының өтініштері қаралды. Зерделеу жұмыстарынан кейін жауапты мекемелер іске кіріскен болатын. Бүгінгі таңда, бөлінген қаржы есебінен жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асуда, – дейді Шымкент қаласы білім басқармасының бас маманы Даулетхан Налибаев. Жауапты маман өтініш берген мектептердің барлығы қажеттілермен толық қамтылады деді.

«Абайлаңыз балалар!»

Бүгінде мегаполистің халық санының өсуімен қатар, транспорт саны көбеюде. Ресми ақпаратқа сүйенсек, шаһарда 200 мыңнан астам көлік бар. Жол-көлік апатынан балаларды сақтандыруда қыркүйектің алғашқы күнінен бастап-ақ «Абайлаңыз балалар!» жедел-профилактикалық онкүндігімен басталды. Мұндағы мақсат – жол апатынан балаларды сақтандырып, одан келетін жарақатты азайту. Шара аясында шымкенттік полицейлер рейд өткізіп, мектеп инспекторлары мұғалімдермен бірлесіп, жол қозғалысы ережелерін, көшеде өздерін дұрыс ұстау, жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі жайында ақпараттар берді.
Ал статистикаға зер салсақ, жол-көлік апаттары балалар жолдан өту ережесін сақтамағанда, белгіленген орындардан өтпегеннен де орын алады. Қала тұрғыны В. Шертаеваның екі қызы Т. Тәжібаев атындағы №47 мектеп-гимназиясында оқиды. «Байтұрсынов көшесі бойында мектепке қыздарымды апарғанда жол үсті өткелімен өтеміз. Балаларымды соған үйреттім. Ол жерде жасанды жол кедергісі де, жаяу жүргіншілер өткелі бар. Дегенмен, жер үсті өткелі балаларым үшін ары-бері өткеніне қауіпсіз» дегенді алға тартты қала тұрғыны. Бұдан түйетініміз, оқушылардың жол ережесін ұғынуында ата-ана да жауапты. Ендеше, автокөлік тізгіндеген заман болған соң, әрбір жан үшін мұқият болғанның артықтығы жоқ.

Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі.