Емханаңды дұрыс таңдадың ба? Избранное

Пятница, 14 Сентябрь 2018 04:42 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 3808 раз

15 қыркүйектен  15 қарашаға дейін  елімізде  емханаға тіркелу науқаны басталды. «Емханаңды таңда!» деп аталатын шарада тұрғындар дәрігерді де, медициналық мекемені де өздері таңдауға құқылы. Таңдауға мүмкіндік берген жүйенің қолданысқа енгеніне жетінші жыл десек, бұқара үшін медициналық көмек алуда сапа жақсара алды ма? Емханаға тіркелуде нендей өзгерістер ба? Шымкенттіктер емхананы таңдау алдында қандай мәселелерді ескеруі қажет? Сала мамандарымен бірге осы сауалдарға жауап іздеп көрдік.

DSC 4665

Білікті дәрігерге барады

2011 жылы «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы ҚР Кодексіне» өзгертулер енгізілді. Онда тұрғындарға емханаларды таңдау құқығын бере отырып, халықтың денсаулығын жақсарту және медициналық қызметті баршаға қолжетімді етуді назарға алынған-ды. Ал Шымкент қалалық №1 емханада жыл сайынғы осы науқанда тіркелушілер белсенділік танытып келеді.
– Емхананың қамтитын аумағында халықтың өсімі жоғары және мегаполис қалада көшіп-қонушылар саны көбейгендіктен емханамызға тіркелгендер саны артуда. Әсіресе, науқан кезінде халық бұл мүмкіндікті пайдалануға тырысады. Өткен жылы емханада 54 800 адам тіркеуде тұрса, биыл олардың саны 55 926 адамды құрады. Бұл шара расында медициналық мекемелер арасында бәсекелестік туғызды. Өйткені қазір тұрғындар мемлекеттік не жекеменшік болсын сапалы қызмет көрсететін мекемеге барғанды жөн санайды. Сондай-ақ, білікті дәрігерлерге жүгінеді. Сондықтан бастапқы медициналық көмек көрсетуге жете көңіл бөлініп, медициналық жабдықтарды жақсартуға, тұрғындарға цифрлық қызмет көрсетуді оңтайландырып, бұрынғыдай сарыла кезек күту секілді мәселелерді жоюға күш салынуда. Қазір бізде тіркеуде тұрған қалалықтардың 80 пайызы дәрігермен байланыс ұстауда мобильдік қосымшаларды жүктеп, өз пайдасына жаратуда, – дейді Шымкент қалалық №1 емхананың бас дәрігері Маханбет Бейсеуов.

DSC 4623

Қазіргі таңда денсаулық сақтау ұйымдарының абыройы білімді, тәжірибелі мамандарға да байланысты. Оны науқан кезінде анық байқалады. Мұны әңгіме барасында бас дәрігер де жасырмады. «Бізде жақсы кардиолог, невропатолог, онколог және педиатр дәрігерлер жұмыс істейді. Қалалықтардың №1 емхананы таңдауына осы мамандардың да біліктілігі себеп болуда», деді.
Емхана таңдау бүгінде қиындық жоқ. Жеке куәлігің алып, өзі таңдаған емханаға барып, тіркеу бөлімі арқылы бас дәрігердің атына өтініш жазады. Ал, egov.kz порталы бойынша тіркелу жолы да қарапайым. Ол үшін порталға кіріп тіркелесіз де, онлайн сұрау батырмасын басасыз, өтініш толтырып, өзіңіз таңдаған емхананың электронды мекен-жайына жолдайсыз. Ол үшін электронды цифрлық қолтаңбаның болуы шарт емес, жеке кабинетке кіру арқылы тіркелгеніңіз жөніндегі анықтамамен таныса аласыз.

Шымкентте 165 медициналық ұйым бар

«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысу үшін әрбір тұрғынның емханаға тіркелуі өте маңызды. 2020 жылы қолға алынатын жүйеге дайындық жұмыстары, халыққа түсіндіру шаралары жүйелі жүргізілуде. Бұл арқылы азаматтар кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакетін алады»,- дейді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ ОҚО бойынша филиалы халықты ақпараттандыру және өтініштерді қарау бөлімінің бас сарапшысы Лаура Сапарбекова.
– Емхана арқылы тіркелу кезінде тұрғын ең алдымен, медициналық-санитарлық көмекті жеткізуші компаниялар тізімінен тиісті емханасын таңдайды. Жалпы, Шымкент қаласы бойынша медициналық-санитарлық көмек көрсететін ұйымдардың саны – 165. Оның 79-ы мемлекеттік болса, 85-і жекеменшік ұйымдар. Сол себепті, осы тізім арқылы сапалы медициналық қызмет көрсететін, білікті дәргерлерімен таныс орталықтарды таңдай алады. Аталған тізім қордың fms.kz сайтында орналасқан, – деді бас сарапшы Л. Сапарбекова.

Мемлекеттік, жекеменшік қайсысы...

Шымкентте осы тізімге енген «Сымбат-нұр» жекеменшік медициналық орталығына 5 мың тұрғын тіркеуде тұр. Соңғы үш жылда мемлекеттен тапсырыс алып, тұрғындарға тегін медициналық қызмет көрсетуде. Науқан аясында орталық басшысы шымкенттіктерге дұрыс таңдау жасауға шақырды.
– Медицинадағы бұл реформалардың тұрғындарға да, медициналық мекемелерге тиімді әрі пайдалы тұстары жетерлік. Мұнда ең бастысы емханалар арасында бәсекелестік пайда болды. Соңғы уақытта сапалы қызмет алып, жақсы емдом алғысы келетіндер жекеменшік орталықтарға бетбұрды десек артық айтпағандығым болар. Себебі, жекеменшік емханалар заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтылған, мамандар іріктеуден өтіп алынғандықтан олар әрбір пациентпен ұқыпты жұмыс істеуге дағдыланған , – дейді «Сымбат-нұр» медициналық орталығының бас дәрігері Батеш Айтбайұлы.
Емханалар арасында таңдау жасауда қалалықтардың да пікірін тыңдап көрдік. Пікір екіге жарылды. «Жекеменшік емханаларда уақыт үнемделеді, ондағы дәрігерлер әрбір науқастың денсаулығына жауапкершілікпен қарайды» десе, екінші тарап «мемлекеттік мекемелер сенімді» дегенді, алға тартты.

Алыс болса, келмейді...

Жауапты мамандардың айтуынша, биылғы емханаға тіркелу науқанында айтарлықтай ерекшелік жоқ. Басты жаңалығы – шетелдіктердің тіркелуіне мүмкіндік беріліп отыр. Қазақстанда тұрақты және уақытша тұрып жатқан шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ тұлғалар тіркеу науқаны кезінде кедергісіз тіркеліп, кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакеті шеңберінде медициналық көмек алуға құқылы.
Емханаларды таңдау кезінде тұрғындар өзі тұратын аумақтан тыс жерлердегі емханаға тіркелсе, үйге дәрігер шақыруға мүмкіндігі болмайды. Тағы бір ескерер мәселе, отбасы мүшелерінің әрқайсысы емханаға жекелей барып тіркелуі шарт емес. Отбасының бір мүшесі қажетті құжаттар бойынша бұл жұмысты тындыра алады. Ол үшін бас дәрігерге әр адамның атынан тіркеу туралы арыз жазу керек. Ал жасы 18-ге толмағандар ата-аналарының немесе қамқоршыларының жеке құжаттарының көмегімен тіркеле алады.
Жалпы емхана тұрғынды тіркеуден екі түрлі жағдайда ғана бас тарта алады. Бірінші, емханаға тіркелгендер саны тиісті деңгейден асып кеткен жағдайда және аталған емдеу мекемесінің қызмет көрсететін аумағында тұрмайтын болса, дәрігерді үйге шақырту қызметінен бас тартуға келісім бермеген жағдайда ғана бас тарта алады. Бұл тек сырттан келіп тіркелгендерге қатысты. Ал, тұрғын сол емхана аумағында тұратын болса, онда оны тіркеуден бас тартуға бас дәрігердің қақысы жоқ. Егер тұрғын қайта тіркелуге үлгермей қалып, бірақ емхананың көрсететін қызметіне қанағаттанатын болса, онда медициналық ұйым тұрғынға келесі жылы қызмет көрсету үшін өз еркімен бекітуге құқығы бар.

Последнее изменение Пятница, 14 Сентябрь 2018 05:53
Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі.