Мектеп асханасы: сенген жөн бе, тексеріп көрген жөн бе? Избранное

Пятница, 14 Сентябрь 2018 04:49 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 8726 раз

«Ас – адамның арқауы». Дұрыс тамақтану денсаулық кепілі болса, дұрыс тамақтанбау өміріңе қауіп те төндіруі ғажап емес.

big 93d12659ef82fa90

Жуырда дәстүрлі тамыз конференциясында қала басшысы Ғ.Әбдірахымов: «Мектептердің асханасына сын көп айтылады. Бәлкім, тамақтандырудың бірыңғай стандартын қалыптастырған жөн шығар? Жалпы, білім беру саласын тексеру де қатаңдай түседі» деген болатын. Осы орайда мектептер мен бала бақшаларда тамақтың сапасын тексеру жөнінде комиссия құратынын, оған ата-аналар комитетінің мүшелері, депутаттар, «Нұр Отан» партиясы мен қала әкімдігінің өкілдері қатысатынын айтып өтті.
Бүгінде басты мәселелердің біріне айналып отырған мектеп асханаларындағы кейбір кемшіліктер қалай шешімін табады? Біз осы сауалдың жауабын іздеп Шымкент қаласы №64 мектеп –гимназиясына бас сұққанымызда, бастауыш сыныптардың тамақтану уақытына дөп түстік. Аспаз дастархан жайып, кішкентай бүлдіршіндерін күтіп отыр. Бұл мектепте әлеуметтік жағдайы төмен және аз қамтылған - 104 оқушы 359 теңгеге бір реттік тамақ ішеді.
Балғындар беті қолын жуып түскі асқа отырды. Мұнда оқушылардың ас мәзірінде бірінші тамаққа – борщ, макорон мен қуырылған ет және жеміс шырыны бар. Бұдан бөлек, оқушыларға ыстық сусын ретінде жылы сүт, витаминделген кисель, балғын және кепкен жемістер компоты, сүт қосылған какао беріледі.
– Мектеп асханасында газдалған сусындар мен фасфуд өнімдеріне орын жоқ. Алайда қоңырау арасында балалардың майға пісірілген өнімдерге қызығушылық танытатынын жасыра алмаймыз. Ал біздің басты міндетіміз – оқушылардың дұрыс әрі толыққанды тамақтануын қадағалау. Әсіресе, асханада тиым салынған тағамдардың болмауын қадағалау, -дейді №64 мектеп-гимназиясының бастауыш сыныптар бойынша директордың орынбасары Н. Жунісова.

Мектепке тамақтандыру комбинаттары қажет...

Мектеп жасындағы балалардың дұрыс тамақтануы үшін әлем елдерінде түрлі жүйелер қалыптасқан. Ал Қазақстанда мектеп оқушыларын тамақтандырудың нақты жүйесі әлі жасалып үлгермеді. Үкімет тарапынан оқушыларды ыстық тамақпен қамту үшін жыл сайын арнайы бағдарламалар қабылданып, сол бойынша қаражат бөлінеді. Бірақ мұның нәтижесі шамалы. Біздің елде жеңіл-желпі құрғақ тамақтану да, ыстық тамақ ішу де, фаст-фуд өнімдері де оқушылардың өз еркіндегі шаруа. Көрші Ресей елінде оқушыларға арналған асханалар тамақ пісірумен айналыспайды. Ресейдегі ірі тамақтандыру комбинаттары дайындаған тағамдар таңертең мектепке жеткізіледі. Ал асхана қызметкерлері тек дайын тағамдарды ысытып береді. Сондықтан, мұнда мектеп асханасы жеке кәсіпкер иелігінде емес. Мұндай ұсыныс біздің елде де жасалғанымен, ресейліктердің тәжірибесін қолдануға ешкім де құлық танытып отырмаған сыңайлы. Қазақстандағы мектеп асханалары түрлі кәсіп иелерінің құзырында. Ал олар балалардың дұрыс тамақтануынан бұрын, мол пайдаға кенелуді ойлайды.
Осыдан бірнеше жыл бұрын өңірлік ата-аналар комитетінің төрағасы Әнуарбек Бейсе білім беру министрлігіне өңірдегі мектептердегі тамақтану мәселесі туралы хат жазып, оқушылар үшін тамақ дайындайтын арнайы комбинат құру идеясын айтқан болатын. Жақында ол туралы ҚР «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқармасының төрағасы А. Мырзахметов мектептегі тамақтануды бақылау кәсіпкерлік емес, әлеуметтік маңызы бар бастама екенін атап өтті.
– Мектептердегі асханаға қатысты көптеген мәселелер туындап отырғанынан хабарым бар. Сондықтан алдын ала ақылдасып, талқыға салып, бұдан былай әрбір мектепке кәсіпкерлер өз бетінше жұмыс істемегені жөн деген ұйғарымға келдік. Өйткені мектепте тамақтандырумен айналысатын компаниялардың кейбірі санитарлық нормаларды орындауға, тамақтың нәрлілігін, калориясын қамтамасыз етуге қауқарсыз. Ендеше мектеп оқушыларын тамақтандыруды арнайы зауыттың реттеуіне тапсырған жөн деп санаймыз, – деп түсіндерді «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов.
Мектеп жасындағы балалардың тамағын тиімді ұйымдастыру – тек ата-аналар ғана емес, қоғам болып назар аударатын түйткілді мәселе. Оқушыларды дұрыс тамақтандырудың басты талаптары сақталса, ахуал айтарлықтай түзеледі. Салауатты өмір салты орталығының бас маманы Гүлжан Әмірқұлова мектеп жасындағы балалардың тамақтану мәселесі олардың денсаулығына да әсер ететінін айтады.
– Оқушылардың дұрыс тамақтануы денсаулығының жетістігі және қалыпты дамуының кепілі болып табылады, - дейді маман. – Бір жыл бұрын Алматыдан келген әріптестерімізбен бірге қалалық мектеп директорларының қатысуымен семинар өткіздік. Басқосу барысында мектеп асханасындағы кездесетін кәмпиттер, мармелад сияқты көптеген қант пен бояғыш қосылған өнімдер – уақыт өте келе оқушылардың тістерін бұзып, семіздікке ұшырататынын және соның салдырынан ауыр салмаққа байланысты көптеген аурулар туындайтынын атап өттік. Осылайша, мектеп басшыларына дұрыс тамақтану бойынша әртүрлі кеңестер беріп келеміз, - дейді Г. Әмірқұлова.

Мектеп асханасын жалға алу процессі қалай жүргізіледі?

Орта білім беру ұйымдарында оқушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша конкурсты негізінде Шымкент қалалық білім басқармасы жүзеге асырады. Білім беру ұйымдарында асхана қызметкерлері (аспаздар мен асхана қызметкерлері) қаралмағандықтан басқарма тарапынан жалға алушыны тамақтандыруды ұйымдастырудағы қызметін сатып алады. Сондықтан санитариялық қағидаларға сәйкес білім беру мекемесі оқушылардың жас ерекшеліктеріне қарай біріңғай болжамды мәзір әзірлейді. Ал, күнделікті оқушыларға беріліп жатқан тамақ пен тағамның сапасын мектеп әкімшілігі қадағалап отырады.
–Білім беру ұйымдарында ата-аналар комитеті өкілдерінің, мектеп әкімшілігінің, білім беру ұйымдарының медициналық пункітінің медицина қызметкерінің қатысуымен тамақтандырудың сапасына мониторинг жүргізу жөніндегі комиссия құрылады. Комиссия жұмысының қорытындылары тоқсан сайын білім беру ұйымдарының педагогикалық кеңесінде қаралып отырады,-дейді қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары А. Текебаева.
Комиссияның міндетін- жеткізілетін тамақ өнімдерінің сапасына, тағамдарды дайындау технологиясына, техникалық жабдықтардың жарамдылығына және дайын тағамдардың сақталу мерзімдеріне мән беру.
–«Жалпыға міндетті білім қорынан» бөлінетін қаражат есебінен 11 660оқушы тегін ыстық тамақпен қамтылған. Ал мектеп асханасын жалға алушылар өзінің есебінен демеушілік көрсетіп, 2016 оқушыны бір реттік тегін ыстық тамақпен қамтып отыр, - дейді басшының орынбасары.

Екі апталық ас мәзірін жасап алуы керек

MAX 7732

Мектеп асханаларында ас әзірлеуге қажетті негізгі құжаттардың бірі – ас мәзірі. Оған әртүрлі тағамдар енгізілуі керек. Ең дұрысы, олар қайталанбас үшін екі апталық ас мәзірін қолдану керек және оқушылар үшін салауатты тамақтану талаптарына жауап беретін қол жетімді өнімдер мен сусындарды ұсынуы тиіс.
–Ас мәзірін құрастыруда тамақ шығымының мынадай нормалары қарастырылған: салаттар – 50 грамм, екінші тағамдар – 50 грамм, гарнирлер – 100 грамм, шырын, сүт және сұйық ашыған сүт өнімдері – 200 грамм, қара бидай аралас наны – 10 грамм. Ал жемістерді беру нормасы – 150 грамм, аптасына 2 рет берілуі керек, -дейді Қоғамдық тамақтану департаментінің маманы Бекзат Сайлауова.

Тыйым салынған тағамдар бар

Мамандардың айтуынша мектеп асханаларында тамақтан уланудың алдын-алу мақсатында мынадай тағамдарды әзірлеуге және балалар тағамына қолдануға тыйым салынады:
–Пастерленбеген сүт, жылумен өңделмеген сүзбе, қаймақ, өзі ұйып қалған сүт, саңырауқұлақтар, флотша әзірленген макарон, ет қосылған құймақ, паштет, өздері әзірлеген морс, сусындар, кремді бұйымдар, фритюрде майға қуырылған бәліш, тоқаштар, үй жағдайында жасалған консервілер мен компоттар, уылжыта пісірген және қуырылған жұмыртқа, майонез қосылған салаттар, газды және алкогольсіз энергетикалық сусындар (минералдық және ауыз суды қоспағанда), чипсы, кептірілген нан, гамбургерлер, «фаст-фуд» тағамдары,- деді Б. Сайлауова.

Последнее изменение Пятница, 14 Сентябрь 2018 10:56