Шетелдіктер Қазақстанда білім алуға құштар Избранное

Пятница, 21 Сентябрь 2018 05:06 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 744 раз

Биылғы оқу жылында шетелдік талапкерлер еліміздегі ЖОО-на оқуға көптеп құжат тапсырған. Бір ғана Шымкенттегі ұстаздар ұстаханасына айналған ОҚМПУ-ға 800-ден астам шетел азаматы оқуға ниет білдірген. Олардың басым бөлігі – Өзбекстаннан. Бұл жағдай екі ел арасындағы достық қарым-қатынасының одан әрі нығая түсуіне ықпал етеді.

студенттер

Өткен жылы Елбасы Өзбекстанға жасаған іс сапарында 2018 жылды Қазақстандағы Өзбекстан жылы деп жариялаған болатын.
«Біздің тығыз мәдени-гуманитарлық байланыстарымыз достық қарым-қатынастарымыздың маңызды факторы болып саналады. Біз 2018 жылы Қазақстанда Өзбекстан жылын өткізуге келістік. Өзбекстанда Қазақстан жылын өткізу де күн тәртібінде тұр. Осы бастамалар аясында өткізілетін түрлі іс-шаралар бауырлас халықтарымыздың жақындастығын одан әрі тереңдетуге септігін тигізеді» – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Бұл екі ел арасындағы мәдени, экономикалық байланысты нығайтумен қатар, білім беру саласындағы жаңашылдықтарға жол ашты. Осының арқасында өзбекстандық талапкерлер елімізде білім алу мүмкіндігіне ие болды. «Биыл біздің университетімізге 800-ден астам талапкер құжат тапсырды. Олардың 1-Қытайдан, 7- Түркіменстаннан, қалғаны Өзбекстан азаматтары. Бұрын да Өзбекстаннан талапкерлерді қабылдадық, бірақ биылғы талапкерлер саны жылдағы көрсеткішпен салыстырғанда көп. Студенттердің басым бөлігі орыс тілі мен әдебиеті, екі шет тілі мамандықтары бойынша білім алуда. Олар орыс, қазақ тілдерінде оқиды», – деді қабылдау бөлімінің басшысы Сартаева Халима Мамаджанқызы.
Сонымен қатар, шетел студенттерін жатақханамен қамтамасыз ету де жолға қойылған. «Студенттер 100% жатақханамен қамтамасыз етілді. Жатақхана ең алдымен бірінші курс студенттеріне, жетім, жартылай жетім балаларға, кейін 2,3,4 курс студенттеріне беріледі», – дейді қабылдау бөлімінің басшысы.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуінің үшінші бастамасында «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» бөлімінде 2022 жылдың соңына дейін студенттерге арнап кемінде 75 мың орындық жаңа жатақхана салуды тапсырамын. Бұл алдағы жылдарда өсе түсетін сұранысты ескергеннің өзінде жатақхана тапшылығын біржола шешеді делінген.
Мемлекетіміз болашақ ұрпақтың саналы, білімді, бәсекеге қабілетті ұрпақ болып қалыптасуына барлық жағдайды жасауда. Жас ұрпаққа сол мүмкіндікті дұрыс пайдалану жеткілікті. Мұндай жеңілдік, мұндай жағдай барлық мемлекетте бола бермейді. Мұны біз Өзбекстаннан келіп, білім алып жатқан студент Холмуратова Нилуфардың сөздерінен аңғаруымызға болады:
«Өзбекстанның білім беру жүйесі Қазақстанға қарағанда басқаша. Бізде 2017 жылға дейін 9 жылдық білім беру жүйесімен оқыдық. Мектепті тәмәмдаған соң колледж немесе лицейде 3 жыл оқып, мамандық алып шығамыз.Бірақ оқуын университетте жалғастыратындар өте аз. Себебі университетке түсу үшін тапсыратын емтихан өте күрделі болады. Одан өтпей қалсаң, ақылы бөлімге тапсырасың. Біздің Қазақстанға оқуға келуіміздің бір себебі, бізде оқу ақысының бағасы жоғары. Айталық, медицина саласы – 12 млн сум (567 108 тг), педагогика- 9 млн сум(425 331тг)». Оның өзінде де оқуға түсу қиын.
Міне, осыған қарап-ақ біздің елімізде білім аламын деген талапкерлерге барлық мүмкіндік жасалғандығын білуге болады. Тек сол мүмкіндікті тиімді пайдалана білсе, жастардың да, еліміздің де келешегі жарқын болмақ.

Камила БҰҒЫБАЕВА,
ОҚМПУ-дің филология
факультетінің 2 курс студенті

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор-Бас редакторы – Айгүл Қапбарова. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.