Шымкенттегі Түркістан облыстық №1 перинаталды орталықта үшем дүниеге келді. Бұл – осы орталықта дәрігерлердің көмегімен дүниеге есігін ашқан екінші үшем.
Сарыағаш ауданының тұрғыны Ұлжалғас Бақтыбаева осыған дейін 5 баланың анасы болса, енді Айберік, Байсерік және Гүлсім дүние есігін ашып, ата-анасына қуаныш сыйлап отыр.
– Сәбилер мерзімінен бұрын туылғанымен, қазір денсаулықтары жақсы. Үшемнің әрқайсысының салмағы – 2700-2800 грамм. Қазір анасының да, сәбилерінің де денсаулығы бірқалыпты, – дейді перинаталды орталықтың бөлім меңгерушісі Гүлнара Нұрмұхамедова.
Сегіз баланың анасы ауылда балабақшада тәрбиешінің көмекшісі болып жұмыс істейді. 32 жастағы ана үшемді ота арқылы босанған.
– Ауруханаға түскенде қан қысымым көтеріліп, дәрігерлердің көмегінің арқасында тұрақталды, балаларымды аман-сау дүниеге әкелдім. Бір жетінің ішінде аяққа тұрып, қазір денсаулығымыз жақсы. Орталықтың дәрігерлеріне алғысымды білдіргім келеді, - деді үшемнің анасы.
Перинаталды орталықтың дәрігерлері апта басында Айберік, Байсерік және Гүлсім мен анасын үйіне шығарып салды.